Парламенті Сенатының депутаты, Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Нұртөре Жүсіптің «Жүректегі жапырақ» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Қарымды қаламгер Нұртөре Жүсіп қалың оқырманға «Қазақтың қызы», «Елес пен белес», «Біз кімнен кембіз», «Тәуелсіздік лебі: ел мен жер», «Мың құмырсқа және біз» кітаптарымен кеңінен танылған.
«Достық» үйінде өткізілген рухани шараны облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай жүргізді. Алдымен Сыр елінің руханият саласындағы жетістіктеріне тоқталған Қайрат Ырзақұлұлы көрерменге жол тартқан жаңа кітап авторы, сырдың сырбаз перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып, аймақ халқы атынан кітап авторына зор ризашылық білдіріп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың құттықтауын табыстады.
Мұнан соң сенат депутаттары Бекбол Орынбасаров, Амагелді Есбай шығармашылық иесін құнды туындысының жарыққа шығуымен құттықтап, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын табыс етті.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, белгілі ақын Қаршыға Есімсейітова кітаптың көркемдік және тағылымдық мәніне тоқталды.
Кеште Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері жыр шумақтарын оқып, кеш мазмұнын аша түсті.
Кездесудің айшықты сәтінде бірнеше республикалық басылымның редакторы болып, қазақ журналистикасына сүбелі үлес қосқан белгілі қаламгер Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, ҚР Журналистер академиясының мүшесі Қазақстанның құрметті журналисі Нұртөре Жүсіп оқырманмен пікір алмасып, жаңа туындының жазылу тарихы, ерекшеліктері мен қамтылған тақырыптары туралы кеңінен айтты. Қатысушыларға кітаптарын сыйға тартты.
«Жүректегі жапырақта» қоғам, адам тағдыры, ұлттық құндылықтар мен өмір туралы толғаныстар топтастырылған. Автордың өмірден түйген ойлары, замандастары туралы жазбалары мен рухани тақырыптағы эсселері қамтылған.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!