Сенбі, 27 маусым, 01:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48 (2260)
27.06.2026
PDF мұрағаты

Қаламгерлердің тартысты додасы

27.06.2026

26 0

Тілшінің тірлігі тек жедел ақпарат тарату емес, сонымен бірге дәлдік пен шыдамдылықты да талап етеді. Қалам мен микрофонды серік еткен шығармашылық ұжым бұл жолы спорттық алаңда бас қосып, сөз мергендері ғана емес, көз мергендері екенін дәлелдеді. Жасыл шұғаның үстіндегі тартыс, сырғанаған шарлардың сыңғыры мен мергендік сыналған сәт орын алды. Кәсіби мерекеге тарту ретінде қала әкімдігі ұйымдастырған бильярд турнирі түн уағына дейін жалғасты.

Қатысушыларға Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер Жұмат­әлі Әбдіраман тілегін жеткізді. Салауатты өмір салтын насихаттау және әріптестік байланысты нығай­туды көздеген бұл дода «Альбион» бильярд залында өтті. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұр­мағанбетов қаламгерлерге сәттілік тілеп, бұқаралық ақпарат құралдары мамандарының төл мерекесімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саласы мамандарының қоғамдағы биік мәртебесін айқын белгілеп берді. Президентіміз атап өткендей, отандық масс-медиа – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір, пәрменді әрі сындарлы байланыстың басты құралы. Расында, тәуелсіз еліміздің бүгінгі шежіресін жазып, жарқын болашағын қалыптастыруда, қоғамды демократияландыру жо­лында сіздердің атқарып жатқан еңбектеріңіздің маңызы зор. Сыр өңірінің тыныс-тіршілігін, жетіс­тік­тері мен дамуын халыққа шынайы жеткізіп жүрген қаламгер қауымына қала халқы мен өз атымнан шынайы ризашылығымды білдіремін. Төл мерекелеріңіз құтты болсын, – деді Арнұр Әлібекұлы.

Турнирде қаламын бильярд таяғы кийге алмастырған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­дері мен мемлекеттік меке­мелерден жиналған 25 қаламгер бақ сынады. Қатысушылар бильярд­тағы шеберліктерін сынап, тар­тысты әрі қызықты ойын өр­негін көрсетті. Жоғары деңгейде өткен сайыста, ойыншылардың же­ңіске деген ұмтылысы жарыстың көркін қыздырды. Кәсіби мерекеде ұйым­дастырылған бильярд тур­нирі тар­тысты сәттерге толы болды. Жарыс қорытындысы бойынша «Қызылорда қоғамдық телеар­на­сының» аға монтажері Ержан Батыршаев же­ңімпаз атанып, І орынды иеленсе. «Қазақстан» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Әділбек Жахановқа ІІ орын бұйырды. Тұғырдың ­ІІІ орынын «Qyzylorda» телеарнасының өкілі Жангелді Әлібаев еншіледі. Жеңімпаздарға қала әкімінің алғыс хаттары мен қаржылай сыйы табысталды.

Сондай-ақ турнирде белсенділік танытқан бірқатар қатысушылар арнайы номинациялармен мара­патталды. Атап айтқанда, «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы, бас редактор Қуат Шарабидинов және «77 ТВ» телеарнасының операторы Бақытжан Бегімбай марапатталды.

Ерлер қауымы бильярд үстелінде мергендік байқатса, мерекеге орай қыздар арасында үстел теннисінен де қызу тартыс ұйымдастырылды.Кіші ракетка бәсекесінде бақ сынаған қаламгерлер спортқа деген қы­зы­ғушылықтарын көрсетті. Жыл­дамдық пен жинақылықты талап ететін бұл сында нәзік жандылар тек қалам шебері ғана емес, спорт алаңында да белсенді әрі бәсекеге қабілетті екенін айқын аңғартты.

Жарыс қорытындысы бойынша «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай I орын иеленіп көш басынан көрінсе, «Қызылорда қоғамдық телеарнасының редак­торлары» Гүлнұр Ерниязова мен Шапағат Торғай  II және III орындарды бөлісті. Ал «Сыр бойы» және «Сыр дидары» басы­лымдарының қатысушылары ын­таландыру сыйлықтарымен ма­рапатталды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қала әкімінің марапаттары мен қаржылай сыйы табысталды. Осылайша, қос бірдей спорт түрінен өткен мерекелік дода Сыр журналистерінің бірлігі мен спорттық рухын тағы бір мәрте асқақтата түсті.

Думан КЕҢШЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: