Сейсенбі, 23 маусым, 01:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47 (2259)
23.06.2026
PDF мұрағаты

Қарымды журналист рухына құрмет

23.06.2026

20 0

Евразия спорт кешенінде шағын футболдан БАҚ  өкілдері арасында өмірден ерте өтсе де артында өшпес із, жарқын естелік қалдырған азамат, білікті маман, қарымды журналист, Ерқанат Сәрсенбайды  еске алуға арналған турнир өтті.

Аймағымызда алғаш рет байрағын көтерген бұл тур­нирдің мақсаты – өзінің қысқа ғана ғұмырында ақиқат­тың ақ жолынан таймай, жур­на­листиканың жауапты мін­детін адал атқарып, ақ­парат саласында өшпес із қал­дырған қарымды қаламгер Ерқанат Сәрсенбайұлының есімін ұлық­тау, журналистер ара­сын­дағы ынтымақ пен бір­лікті нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау.

Турнирдің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Шаханова, «Сыр медиа» ЖШС-нің директоры Марат Аралбаев, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев және Ерқанат Сәрсенбайдың анасы қатысып, қатысушы журналистерге сәттілік тіледі.

Ерқанат Сәрсенбайұлы өзінің саналы ғұмырын баспасөз қызметі бен телевизияға арнап, мемлекеттік қызметте де абыройлы еңбек етіп, ақпарат саласында өзіндік қолтаңбасын, өшпес ізін қалдырған тәжірибелі қаламгер. Бүгінгі шараны  әріптестердің Ерқанатқа деген шексіз құрметі мен сағынышының лебінен туған үлкен шара деп есептеймін. Ортамыздан ерте кетсе де еңселі еңбегімен, парасаттылығымен, азаматтық биіктігімен, жайрандаған жүзімен, әрқайсымызға мейірім шашып, үлкенді аға, кішіні бауыр деген Ерқанатты жақындары ғана емес, бірге араласқан достары, әріптестері ұзақ жылдар бойы жүрегінде мәңгі сақтайды, – деді Арнұр Әлібекұлы.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Шаханова аймақ басшысының арнайы құттықтауы мен тағайындалған қаржылай қорын Ерқанат Сәрсенбайдың анасына табыстады.

– Ерқанат Сәрсенбай 1988 жылы Қызылорда облысында дүниеге келіп, журналистика саласында білім алған. Еңбек жолында бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдарда және түрлі жауапты қызметтерде абыройлы еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосты. Адамның ғұмыры жылдармен емес, халқы­на жасаған қызметімен, ел есінде қалған өнегелі ісімен өлшенеді. Өзінің адал еңбегімен, азаматтық ұстанымымен, кәсіби шеберлігімен көпшіліктің құрметіне бөленген Ерқанаттың жарқын бейнесі туған-туыстарының, әріптестерінің және достарының жүрегінде мәңгі сақталады.

Аталған турнирге жергілікті БАҚ өкілдері мен мемлекеттік мекемелерден құралған 6 команда бақ сынады.

Тартысқа толы өткен жарыстың қорытындысы бойынша І орынды «Qyzylorda» телеарнасының командасы иеленді. ІІ орын республикалық басылымдардың меншікті тілшілерінен құралған командаға бұйырса, ІІІ орынды «Сыр медиа» командасы еншіледі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, ку­боктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жарасхан Қуанышбайұлы

Суретті түсірген: Н.Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: