Қоғамның тыныштығы мен заң үстемдігін қорғау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, тек жүрегі түкті, сертке адал жандардың ғана еншісіне бұйырған қастерлі міндет. Әсіресе, қылмыс пен әділдік безбенге түсетін тергеу саласында қызмет ету үлкен парасаттылық пен асқан қырағылықты талап етеді. Осындай жауапты жүк арқалап, Қызылорда облысының құқық тәртібін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген саңлақтардың бірі – полиция капитаны Айдос Амантайұлы.
Айдос Аппаз 1999 жылы дүниеге келген. Оның иығына шен тағып, заң саласына қадам басуы 2017 жылдың тамыз айынан басталды. Саналы ғұмырының үлкен бір бөлігін құқық қорғау саласына арнауды мақсат еткен ол, 2021 жылы Қазақстан Репбуликасының ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Қызылорда қаласы Полиция басқармасы Тергеу бөлімінің аға тергеушісі ретінде бастаған жас маман, алғашқы күннен-ақ өзінің іскерлігімен, сауаттылығымен және іске деген шексіз жауапкершілігімен көзге түсті. Оның іс жүргізудегі тиянақтылығы мен заң талаптарын мүлтіксіз орындауы жоғары бағаланып, 2025 жылдың желтоқсанында Қызылорда облысы Полиция департаменті, Тергеу басқармасының жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды тергеу бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі лауазымына тағайындалды.
Әрбір тергеушінің жадында мәңгі сақталып, кәсіби өміріне жол ашатын ең алғашқы ісі болады. Кейіпкеріміз де 2021 жылдың қоңыр күзінде өзі алғаш рет тергеген ұрлық қылмысын ерекше толқыныспен еске алды. Жас тергеуші бұл істі асқан ұқыптылықпен жүргізіп, қылмыстық істі тез арада жеделдетілген тәртіппен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағымен сотқа жолдады.
Тәуелсіздік даңғылының бойында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде орын алған. Бойы небәрі 1.55 метр шамасындағы тапал келген күдікті, еш қорықпастан тұрғын үйдің үшінші қабатына өрмелеп шығып, пәтер ішіндегі жаңа газ плитасы мен мұздатқышты қолды қылған. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, тергеу амалдарына еш кедергі келтірмеді, тіпті сол биіктікке қалай оңай өрмелеп шыққанын да көрсетіп берді. Бұл оның үлкен өмірлік мектепке жасаған алғашқы сәтті қадамы еді. Аса маңызды істерді тергеу – асқан дәлдікті және адам психологиясын терең түсінуді қажет етеді. Полиция капитаны Айдос ҚР Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінің нормаларын іс жүзінде шебер қолдана отырып, әрбір істің ақ-қарасын ажыратуда ерекше кәсібилік танытып келеді. Өз жұмысында заң бұзушылықтарға жол бермей, қылмыстық істердің сапалы әрі дер кезінде тергелуіне баса назар аударады.
– Менің тергеуші мамандығын таңдауыма әскери форма себеп болды. Бұл кәсіпте тек күдіктілермен жұмыс істеу жеткіліксіз, мұнда жәбірленуші тараптың да мұң-зары мен үміті бар. Осы азаматтардың жанайқайына құлақ түріп, заң аясында әділдікті орнату және тура шешім қабылдау – менің тергеу саласына келуіме, осы мамандықты жүрек қалауыммен таңдауыма бірден-бір себепші болған негізгі фактор деуге толық негіз бар. Ер бала болғаннан кейін осы дүниелерге қызығып өстім. Кейін келе тергеу саласының қыр-сырын естіп-біліп, олардың атқаратын ауқымды жұмысын ұғындым. Әсіресе, қылмыстың ізін кесіп, қылмыскерлермен тікелей бетпе-бет жұмыс істеу, ақиқатты анықтау мені қатты қызықтырды. Бұл қызығушылық уақыт өте келе өмірлік мақсатыма айналды, – деді ол.
Жас болса да, жинаған тәжірибесі мол тергеуші бүгінде жас қызметкерлерге бағыт-бағдар сілтейтін қамқор тәлімгер. Оның бойындағы жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен ізденімпаздығы әріптестері арасында үлкен құрметке ие. Ол тек қағаз жүзіндегі іспен шектелмей, тергеу жұмысындағы кемшіліктердің алдын алу мен оларды жою бағытында барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана біледі.
– Егер жүректің шынайы қалауы болмаса, бұл мамандықта тұрақтап жұмыс істеу мүмкін емес. Себебі тергеуші тек бір бағытпен ғана шектеліп қалмайды, барлық саладан хабары болуы шарт. Біз күнделікті қызметте әртүрлі кәсіп иелерін тергеуіміз мүмкін. Сондықтан олардың жұмыс барысын, қыр-сырын жете білуіміз керек. Мысалы, дәрігердің де, мұғалімнің де, тіпті қаржыгердің де кәсіби міндетін түсіну маңызды. Өйткені, дәл осы салаларға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар, соның ішінде түрлі алаяқтық деректері жиі кездеседі. Осындай жан-жақтылықты талап ететіндіктен, тергеуші болу – өте күрделі жұмыс. Оған тек үлкен жүректің қалауы, биік арман мен айқын мақсат қана төтеп бере алады. Тек сонда ғана өз ісінің нағыз мықты, кәсіби тергеушісі болуға болады, – дейді тергеуші.
Кейіпкеріміздің жеке басының қасиеттері де айрықша атап өтуге лайық. Әріптестері мен азаматтармен қарым-қатынаста әрдайым мәдениеттілік, ұстамдылық пен кішіпейілділік танытатын ол – нағыз зиялы маманның бейнесі. Сонымен қатар оның әскери-қызметтік және спорттық дайындығы да жоғары дәрежеде. Өзіне бекітілген қаруды жетік меңгерген, кез келген уақытта жедел шешім қабылдауға дайын сергек сақшы.
Кейіпкеріміз өзінің алғашқы тәлімгері, қазіргі уақытта ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аға тергеушісі қызметіндегі Сұлтан Рысбайды ерекше құрметпен еске алады. Өйткені оның тергеуші болып қалыптасуына осы ұстазының қосқан үлесі зор. Жұмыс барысында адами факторлар мен қателіктер орын алмай тұрмайды. Сондай бір сәтте, жұмыстан көңілі суып, басқа салаға ауысуды ойлап жүрген жас қызметкерге тәлімгері Сұлтан Жалғасұлы кәсіби де, психологиялық та тұрғыдан демеу болады. Ол әрбір сәтсіздікті үлкен сынақ деп қабылдауды және оған сынбай, мақсатқа жетуді үйретеді. Сауатты жауап алу, тергеу әрекеттерін заң талаптарына сай, ұқыпты әрі тәртіппен жүргізу кейіпкеріміздің бойына сіңірген ең маңызды кәсіби қасиеті.
Тергеуші мамандығы уақытпен санасуды білмейді. Түнгі кезекшіліктер мен қызмет ауыртпалығына қарамастан, Айдос алдына қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы атқарып келеді. Ол прокуратура және сот органдарымен сындарлы қызметтік байланыс орнатып, мемлекеттік және қызметтік құпияны сақтаудың заңдық талаптарын биік ұстайды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанып отырған сындарлы саясаты бүгінде құқық қорғау саласына қадам басқан жас буынға зор серпін беріп, жігерлендіруде. Соның жарқын дәлелі – биыл академияны тек «үздік» бағамен бітірген түлектерге бірден «полиция аға лейтенанты» шенінің берілуі. Бұл – жастар үшін теңдессіз қолдау. Қатарластарыңның бәрі қызметті лейтенант болып бастап жатқанда, оқудағы озаттығың үшін жоғарырақ шенмен сапқа тұру – мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен сенімнің белгісі, – дейді Айдос Аппаз.
Бүгінгі таңда қоғамның басты дертіне айналған ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары жиі тіркелуде. Осы бағытта Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі басшылығының тікелей қолдауымен ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның ішінде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл арнайы басқармасының құрылуы. Осы жаңа бөліністің, білікті де сауатты қызметкерлердің қажырлы еңбегінің арқасында қаншама күрделі қылмыстың беті ашылып, сотқа жолдануда. Ресми статистикаға көз жүгіртсек, қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда жалпы қылмыс санының азайып келе жатқаны байқалған.
– Халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытта ең алдымен ауқымды профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізуде. Мысалы, көше бойларында орнатылған заманауи жедел байланыс батырмалары арқылы азаматтар бір ғана басумен тікелей «102» арнасына қосыла алады. Мұндай қолжетімділік қоғам қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтерді. Одан бөлек, полицияның имиджін көтеріп, халықтың сенімін нығайту мақсатында материалдық-техникалық базаны жаңарту ісі де қарқынды жүруде. Бүгінде Мемлекет басшысы ұстанып отырған «Заң мен Тәртіп» қағидаты жеке өзімнің де көңілімнен толық шығады. Осы саясаттың арқасында халықтың полиция қызметкерлеріне деген көзқарасы оң бағытқа өзгеріп, сенімі нығая түсті. Кез келген қиын жағдайда азаматтардың бірінші кезекте полицияны шақырып, көмек сұрауы – осы артқан сенімнің айқын дәлелі деп білемін, – дейді полиция капитаны.
Заман ағымына сай тергеу саласында орын алып жатқан ең үлкен әрі маңызды жаңалық – қылмыстық істердің толықтай электронды форматқа көшуі. Бұл жүйе тергеушінің жұмысын едәуір жеңілдетіп, уақытты тиімді үнемдеуге мүмкіндік берді. Мәселен, бағдарламалық жүйеде жәбірленуші мен куәгерлерден жауап алудың арнайы дайын хаттамалары тұрады. Бір ғана батырманы басу арқылы азаматтардың аты-жөні, жауап алудың басталған және аяқталған уақыты автоматты түрде теріліп, дайын күйінде шығады. Ең бастысы, қылмыстық істі прокуратура мен сот органдарына жолдау барысында ешқандай қиындық жоқ, барлық процесті кабинеттен шықпай-ақ, санаулы секундтарда жүзеге асыруға болады.
– Тергеуші қызметінің сырт көзге көрінбейтін ең ауыр жүгі – психологиялық қысымында. Әрбір істі зерттеу барысында екі тараптың да ішкі дүниесіне үңіліп, олардың күйін кешу оңай емес. Әсіресе, жақын адамынан – бауырынан, әкесінен немесе анасынан айырылып, қаралы қасірет арқалап келген жәбірленушінің жауабын алу өте қиын. Соны тыңдай отырып, еріксіз сол адамның кейпіне енесіз, өзіңізді оның орнына қойып көресіз. Осындай ауыр негативті жағдайларды жүрекпен сезініп, көз алдына елестету –психологиялық төзімділікті қажет ететіні белгілі. Екінші жағынан, күдіктімен бетпе-бет сөйлесу де оңай емес. Оның не себепті қылмысқа барғанын, артында тұрған жұмыссыздық пен ақшаның жетіспеушілігі сияқты әлеуметтік мәселелерді тыңдағанда іштей ауыр сезімде боласың. Дегенмен, біз тергеуші болғандықтан, бұл нәрселердің бәріне кәсіби түрде дайынбыз, – дейді ол.
Заң мен әділдікті серік еткен жас капитан әрбір қылмыстық істің артында адам тағдырының қыл үстінде тұрғанын терең сезінеді. Сондықтан ол әрбір оқиғаның мән-жайын жіпке тізгендей анықтауда тек заңның құрғақ талаптарына ғана сүйенбей, адам тағдырына жанашырлықпен қарайтын кәсіби ұстанымымен ерекшеленеді.
Бүгінгі таңда құқық қорғау саласына соны жаңашылдық пен тың серпін әкеліп жүрген жас буын саңлақтарының сапында Айдос Амантайұлы да бар. Оның өз кәсібіне деген шексіз адалдығы, үздіксіз ізденімпаздығы, темірдей жауапкершілігі әріптестері арасында сыйлы маманға айналдырды. Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында жан аямай еңбек етіп жүрген құқық қорғаушылардың әділеттілік жолындағы еңбегі халық сенімін одан сайын бекемдей түседі.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!