Кітап оқу әр адамның жан әлемін ажарландырып, ой-санасын биіктетіп, жан дүниесін парасат пен тереңдікке толтырады. Ғұламалардың ойының айнасы кітап сіздің ішкі қабілетіңіз бен белсенділігіңізді оятады. Ыбырай Алтынсарин атамыз «Кел, балалар, оқылық» өлеңінде:
Мал дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы,
Күннен- күнге көп болар, – деген болатын.
Шынында жиған-терген байлығың бір жұтасаң жоқ болады. Адамзаттың байлығы рухани қазынамен өлшенеді. Ол ешқашан сарқылмайды, тозбайды, таусылмайды.
Осындай құндылықтардың маңызын терең зерделеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл жарлық елдегі кітап оқу мәдениетін көтеру мен зияткерлік ұлт қалыптастыруға бағытталған. Құжатта кітапханаларды жаңғырту, оқуға деген қызығушылықты арттыру және кітап шығаруды қолдау сынды нақты шаралар қарастырылған. Президент бұл бастаманы жастардың білім деңгейін көтеру және қоғамның рухани дамуы үшін маңызды қадам деп атады.
Сыр өңірінде Президент пәрменімен жүзеге асып жатқан рухани құндылықты дәріптеу, кітап оқуға нәсихаттау мақсатында Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен қолға алынған «Кітап керуені» акциясы Сырдария ауданынан бастау алған болатын. Өнеге мен тәлімге толы мәдени шара осы аптада қалаға қарасты Талсуат ауылында жалғасты. Құнды көркем әдебиеттер, қазақ классиктерінің таңдамалы шығармалары, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары және түрлі-түсті фотомен безендірілген балалар әдебиетінің туындылары қойылған көшпелі кітап көрмесі ауыл тұрғындары мен жас оқырмандардың қызығушылығын оятты.
Тағылымды іс-шараға облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғ. Күлбаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А. Қайруллаев қатысып, ізгі лебізін жеткізді. Басқосуда кітапхана қызметкерлеріне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты табысталып, белсенді оқырмандар «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үздік жас оқырман», «Үздік оқырман отбасы» номинацияларымен марапатталды.
«Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» кездесу кешіне жергілікті ақын-жазушылар Ж. Таңрықбаев, Г. Қожахметова, Ғ. Әбілда, Н. Көбегенұлы, А. Түменбай, Ғ. Қадырбай қатысып, шығармашылық пен көркем әдебиеттің адам өміріндегі маңызы туралы пікірлерін ортаға салды.
«Кітап. Білім. Цифрлық технология» тақырыбындағы шеберлік сағаты көрермендер қызығушылығын тудырды. «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында ҚР Журналистер одағының мүшесі Ж. Таңрықбаев, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, журналист Нұрлан Көбегенұлы және Талсуат ауылының тұрғыны Ш.Ахметова өз кітаптарын кітапхана қорына тарту етті.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!