Астанада көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған өрт пен одан туындаған адам өлімі бүкіл елді дүр сілкіндірген еді. Түнгі уақытта тұтанған тілсіз жау бір отбасының үш бірдей баласын ажал құштырды. Адамдардың салғырттығы мен қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарауының салдарынан осындай зардап әкеледі. Төтенше жағдайлар департаменті, құтқарушылар шақырту орнына жеткенде пәтер толықтай жалынға оранған еді. Десе де, санаулы уақыт қалған қысылтаяң сәтте өрт сөндіру қызметі тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберіс темір қақпамен тас қылып жабылып, ішкі аумақ бейберекет қойылған автокөліктерге толып тұрған.
Құтқарушылардың жанкешті әрекетінің арқасында жалынның көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеді. Ауладағы тар жол мен орынсыз қойылған көліктердің кесірінен жоғалған әрбір минут осы трагедияның орын алуына әсер етті. Тұрғындардың «көлігім көз алдымда тұрсын» деген эгоистік ниеті мен тұрғын үй басқарушыларының қауіпсіздік ережелерін ескермеуі орны толмас қайғыға әкеп соқтырды.
Бұл жағдайдан кейін Қазақстан қоғамында «Өрт сөндірушілерге жолды бөгеген көліктерді қағып немесе ысырып өтуге заңды рұқсат беру керек» деген мәселе қатты көтерілді. Алайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұған заңмен рұқсат беру орынсыз екенін, өйткені мұндай сәтте полиция күшімен көліктерді мәжбүрлі түрде эвакуациялауға болатынын жеткізді.
– Көлік қозғалысын бөгейтін көлік құралдарын зақымдауға рұқсат беру мәселесі уәкілетті органдар тарапынан орынсыз деп саналады. Өйткені шектеулі жағдайларда кедергілер болған кезде өртті сөндірудің түрлі тәсілдері бар. Тығыз құрылыс аймақтарында өрт шыққан жағдайда әрекет ету алгоритміне сәйкес өрт бөлімшелерімен бірге жолды бөгеген көліктерді мәжбүрлі түрде жылжыту үшін полиция қызметкерлері де барады, – деп жауап берді Премьер-министр.
Осы оқиғадан соң аулалардағы ретсіздік мәселесі қызу талқыланып жатқан тұста, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «1 шілдеден бастап Қазақстанда тұрғын үйлердің маңында автокөліктерді қоюға мүлдем тыйым салынады» деген ақпарат тарап кетті. Бұл хабарлама жүргізушілер арасында үлкен түсініспеушілік тудырды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үйлердің маңына автокөлік қоюға тыйым салынады деген ақпаратты жоққа шығарды.
– Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Министрліктің бұйрығында тұрғын үйлердің жанында автокөліктерді қоюға тыйым салу көзделмеген. Жаңа қағидаларда азаматтарға арнайы қарастырылған автотұрақ орындарына көлік қоюға тыйым салатын нормалар жоқ. Өзгерістер тек қолданыстағы нормаларды нақтылау мақсатында енгізілді. Сондықтан автокөліктерді қоюға қатысты жаңа шектеулер енгізіледі деген тұжырымдар құжаттың мазмұнына сәйкес келмейді, – деп мәлімдеді министрлік.
Десе де, бұл ауладағы бейберекеттік өзгеріссіз қалады дегенді білдірмейді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері көлік құралдарының талаптарға сай келмейтін жерлерде – тротуарларда, балалар алаңдарында және тар өткелдерде тұрақтауына жол бермеу үшін тұрақты түрде профилактикалық шаралар мен рейдтер жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар Үкімет бұл мәселені түпкілікті шешу үшін заңнамалық деңгейде кешенді қадамдар жасауға көшті. Премьер-министр Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігі көпқабатты тұрғын үйлердің жанында өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған арнайы алаңдарды міндетті түрде қарастыруды көздейтін құрылыс нормаларына өзгерістер дайындап жатқанын айтты. Бұл болашақта салынатын және қолданыстағы тұрғын үй кешендерінде құтқару қызметінің еш кедергісіз жұмыс істеуіне заңдық кепілдік бермек.
– Көпқабатты тұрғын үйлердің жанында өрт сөндіру техникасын орналастыру үшін арнайы алаңдар салу, яғни кемінде 15 × 6 метр көлемінде, түрлі түсті жол таңбаларымен және арнайы жол белгісін орнату бойынша құрылыс нормаларына түзетулер енгізу мәселесі пысықталып жатыр, – деді Премьер-министр.
Қайғылы оқиға бір ғана өрттің салдары емес, ол қоғамдағы жалпы қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін көрсеткен дабыл іспетті болды. Мамандар тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға, ал жауапты органдарды инфрақұрылымдық талаптарды күшейтуге шақырып отыр.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!