Сейсенбі, 23 маусым, 01:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47 (2259)
23.06.2026
PDF мұрағаты

Шұлғау

23.06.2026

22 0

Мен мұны ауылдағы үлкен кісілерден естідім. Сол кездегі аналардың қандай қасиет пен өсиетті бойына түйгенін осы әңгімеден-ақ байқауға болады. Тектілік шынында ұлтымыздың қанында ойнап тұрғанын жазбай танисың да, көкірегіңді мақтаныш сезімі билейді. Шіркін, арды ойлаған «аналарым-ай сендер қандай перизаттай пәк, теңіздей терең едіңдер» деп айдай әлемге жар салғың келеді.

Осы әңгіменің әсерлілігі сондай күні бүгінге дейін ойымнан шықпайды. «Өткен ғасырдың жаугершілік заманы болса керек. Қалың қазақпен бірге бір кісі қытай жеріне бас сауғалайды екен. Күндердің күні белгілі бір себеппен бергі бетте қалып қойған, тұтқында отырған екі жеңгесін құтқару үшін ол түн жамылып шекарадан өтеді. Ақыры тәуекелі қабыл болып, біреуінің құшағында сәбиі бар, екі жеңгесін қамаудан босатып, қашып шығады. Алайда жол-жөнекей әлгі нәрестеден тірідей айырылып қалады. Сан қиындықты көріп, соңында арып-ашып бір белестен көтерілгенде алдарынан киізүйлі қазақ ауылы кездесіпті. Есі шыға қуанған әлгі кісі сүріне-жығыла алға ұмтылғанда, екі жеңгесі отыра  кетіпті. Олардың бұл қылығын түсінбеген қайнысы «Оу, айналайындар, қырқына шыдағанда, енді біріне шыдаңдар. Бір ұмтылсақ, ауылға да жетіп қаламыз. Қанекей, тұрыңдар» дейді. «Әбден қалжыраған екен-ау, бейшаралар» деген ойдың жетегінде келе жатқанын біліп, бір жеңгесі «Қайным-ау, шаршап тұрған жоқпыз. Ұялып тұрмыз» депті.

«Неден?» десе, «Бұл бәленше атамның ауылы ғой, танып тұрмыз. Бірақ қалай жалаңбас барамыз?» деген жауапты естіген ағамыз аңырып тұрып қалыпты. Қашып-пысып жүргенде, орамал тұрмақ, қайбір бүтін киім қалды дейсіз? Содан ол жігіт «Ә-ә, солай екен-ау» деп біраз тұрыпты да, «Таптым» деп отыра қалып, етігін шеше бастапты. Етігін шешіп, екі шұлғауды екі жеңгесіне ұсыныпты. Олар да сөзге келмей, жымиған қалыпта шашын жиыпты. Сөйтіп барып ауылға беттеген екен.

Көрдіңіздер ме, қазақ келіндерінің ибасын? Түсінген адамға ол кісілердің бұл ісінде ата салтын ардақтау жатыр емес пе?

Міне, осындай ибалы, инабатты келіндер біздің ата-баба дәстүріне кір келтірмей, атаны ата, енені ене, басқа да отбасы мүшелеріне құрмет көрсеткен. Шағын мысал болғанмен, астарына қаншама ұлылық сыйып тұр десеңізші.

                            Г.АСҚАРҚЫЗЫ                  

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: