Сенбі, 20 маусым, 01:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46 (2258)
20.06.2026
PDF мұрағаты

Тәртіп бар жерде – тұрақтылық бар

20.06.2026

31 0

Заң ережелері адамды шектеуге емес, қорғауға қызмет етуі керек. Заң үстем болмай әділдік орнамайды. Оны тіпті қоғамды біріктіріп ұстап тұрған ұстын ретінде түсіндіруге болады. Азаматтары заңға сенуден қалып, ережелері орындалмай жатқан елдің құрдымға кетуі оп-оңай. Ондай елдің кірпіші біртіндеп мүжіле бастаған үйге ұқсайды. Бұл – қоғамға да қатысты теңеу. Егер әрқайсысымыз «ештеңе етпейді» деген оймен заң бұза берсек, әділдіктің өзегін шірітеміз. Сондай-ақ заңды берік ұстану ұлттық қауіпсіздікке тікелей ықпал етеді. Егер балаларыңыз құқығы қорғалатын дамыған мемлекетте өмір сүргенін қаласаңыз, өзіңізден бастаңыз.

Мемлекет басшысының «Әді­летті Қазақс­тан: заң мен тәртіп, эконо­микалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын нығайтудың маңызын атап өткен еді. Цифрлық технологиялардың дамуына бай­­ланысты алаяқтық көбейгендіктен, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру қажеттігі айтылды. Осы мақсатта мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы білім беру бағдар­ламаларын енгізу ұсынылды. Әскердегі тәртіп пен сарбаздардың қауіпсіздігі де ерекше назарда болып, әрбір жас әскери борышын қауіпсіз әрі алаңсыз атқаруға тиіс. Сонымен қатар вандализм, лудомания және вейп сияқты әлеуметтік кеселдермен күрес жалғасатынын айтты.

– Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан  алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек. Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты басты талап. Біз сонда ғана әділетті, таза және қауіпсіз ел құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет, –  деді Президент

Ел президенті белгілеп берген бұл ауқымды міндеттерді жергілікті деңгейде тиімді іске асыру және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі  бастамаларды өңірлерде ілгерілету мақса­тында нақты шаралар қолға алынуда. Осыған орай қала әкімдігінде «Заң мен тәртіп» қағидасын қоғамда кеңінен насихаттау және оның негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында әдістемелік семинар өтті. Жиын барысында құқық қорғау және атқарушы органдардың өкілдері қауіпсіз орта қалып­тастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша баяндама жасап, алдағы жұмыс жос­парын айқындады. Семинарға құқық қорғау саласының өкілдері, бөлім басшылары мен кент, ауылдық округтердің әкімдері, заңгер мамандар қатысты.

Әдістемелік жиынды қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов жүргізіп, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Асылжан Оразалиева, құқық қорғау саласының ардагері, облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шаймағамбетов, қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Өркен Шалбол «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, патриоттық тәрбие беру, қауіпсіз орта қалыптастырудағы жергілікті атқарушы органдармен атқарылатын жұмыстар туралы баяндамалар жасады.

Жиында алғаш сөз алған Асылжан Жолдасбекқызы заң мен тәртіп идеоло­гемасын ілгерілету үшін қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз ету, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру, құқықтық тәртіпті нығайту және қауіпсіз орта құру керек екенін жеткізді.

– Негізгі міндет құқықтық мәдениет қалыптастыру. Ол үшін әр азамат қоғамда заңнан ешкімнің жоғары еместігін, қоғамдық тәртіп үшін жауапты екендігін түсіну керек. Сонымен қатар билік органдарының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, заң мен тәртіпті нығайтуда азаматтық қоғаммен серіктестікті дамыту және азаматтық белсенділікті ынталандыру жұмыс­тың негізгі бағыты, – деді ол.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағы­тындағы жұмыстарды жүйелі ұйым­дас­тыру мақсатында прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен үш жақты «Қызылорда – қауіпсіз қала» жол картасы бекітілді. 93-тар­мақтан тұратын жол картасында өзекті мәселелер қамтылып, іс-шаралар мен оларды орындауға жауапты мемлекеттік органдар белгіленген. Айта кету қажет, 93-тармақтың 79-ы жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға атқарылған жұмыстар жөніндегі мәліметтерді уақытылы әрі нақты ұсынып отыру қажеттігі және бұл мәселеге жоғары жауапкершілікпен қарау керектігі ескертілді

– «Құқық бұзушылықтардың профи­лактикасы туралы» заң қабыл­данып, 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енді. Жаңа заң құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіруге, олардың себептері мен жағдайларын анықтап, жоюға бағытталған. Басты ерекшелігі құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алуға басымдық беру. Бұл заң азаматтардың құқықтарын қорғауды, құқықтық мәдениетті арттыруды және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін күшейтуді көздейді. Жаңа ереже бойынша өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік үшін әкімдер тікелей жауапты. Кент және ауылдық округ әкімдері «Ішімдіксіз ауыл» жобасына қатысты ұсыныстар беруі тиіс, – деді Өркен Шалбол.

Жиында бұл мақсатқа тек ведомство­аралық тығыз байланыс ар­қылы ғана жетуге болатыны айтылды. Осы ретте тараптардың міндеттері нақты­ланды. Әкімдіктердің міндеті құқық бұзушылықтардың алдын алу бағдарламаларын іске асыру, жастар саясатын жүргізу, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары арқылы қылмыстың әлеуметтік себептерін азайту. Сондай-ақ халыққа құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылын үйлестіру. Ал құқық қорғау органдары профилактикалық есепке алу мен бақылауды жүзеге асыру, тұрғындармен кездесулер өткізіп, құқықтық кеңес беру. Сонымен қатар жиында мемлекеттік қызметшілердің заңдылық пен адалдық қағидаттарын сақтаудағы рөлі атап өтілді. Мемлекеттік қызметшілер халыққа сапалы мемле­кеттік қызмет көрсетуіп, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимылды күшейтіп, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін заң аясында дер кезінде шешу талап етілетін болады. Мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі мен жоғары жауапкершілігі – қоғамның мем­лекетке деген сенімін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ қала әкімдігіне қарасты мекемелерде қызметкерлердің құқықтық сауат­тылығын арттыруға бағытталған оқыту семинарларын өткізу, тұрғындар арасында «Заң мен тәртіп» қағидасын кеңінен насихаттау бойынша жауапты сала басшы­ларына нақты міндеттер тапсырылды.

Ел тәуелсіздігін айқындайтын, терри­ториялық тұтастығының кепіліне айнал­ған Конституцияға өзгерістер мен толық­тырулар енгізіліп, 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық рефе­рендум қоры­тындысымен жаңа Ата заң қабылданған-ды. Бұл құжат жекелеген азаматтардан, саяси партиялардан, қоғам­дық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі талдау ар­қылы әзірленіп, 96 баптан тұратын 11 бөлімді қамтыды. Жиын соңында тарихи құжаттың мазмұнын терең ұғындыру және мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білімін жетілдіру мақсатында, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа Конституция кітабы таратылды.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: