Конституция

Сейсенбі, 30 маусым, 01:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№49 (2261)
30.06.2026
PDF мұрағаты

Жекеге өткен зейнетақы

30.06.2026

36 0

Елестетіп көріңізші, сіздің зейнетақыға деп жинаған ақшаңыз банкте немесе зейнетақы қорында жай ғана жатыр, бірақ жыл сайын инфляция оның бір бөлігін «жеп» қоятыны жасырын емес. Осы уақытқа дейін біздің зейнетақы жинағымызды тек Ұлттық Банк қана басқарып, оны барынша қауіпсіз, бірақ төмен пайызбен инвестициялап келді. Яғни «ақшаңызды инфляциядан қорғап, оны анағұрлым жоғары пайызбен көбейтудің жаңа жолы ашылды». Енді кез келген қазақстандық өзінің зейнетақы ақшасын толығымен жеке басқарушы компанияларға аудара алады. Парламент Сенаты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымшылардың құқықтарын кеңейтетін заңнамалық түзетулерді қабылдады. Президент заңға қол қойғаннан кейін, қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 100%-ға дейінін жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады.

Ұлттық Банк жеке басқарушыларға қаржылық құралдарды «комбина­циялауға» мүмкіндік беретін жаңа ереже енгізді. Бұған дейін жеке компаниялар Ұлттық Банктің консервативті қадамдарын қайталауға мәжбүр еді. Енді олар нарықтағы жағдайға байланысты акциялар мен облигациялардың үлесін өздері араластырып, ерекше стратегиялар құра алады. Мысалы, доллар қымбаттаса – валюталық активтерді, алтын өссе – алтын құралдарын көбірек комбинациялайды. Бұл кірістілікті айтарлықтай арттыруға жол ашады. Ұлттық Банк бұл қадамға нарықта шынайы бәсеке тудыру үшін барғанын айтады. Шарт біреу: қай жеке компания құралдарды сәтті комбинациялап, жоғары пайда тапса, салымшылар ақшасын соған аударады. Осы арқылы Halyk Finance, BCC Invest және Centras Securities тәрізді ірі ойыншылардың «жайлы аймақтан» шығып, мемлекеттік бағалы қағаздардың пайызын күтіп отырмай, нарықтағы мықты инвестор екенін іспен дәлелдеуге мүмкіндік туды.

Жаңа жүйеге сәйкес, жеке басқарушы компаниялар акциялар, облигациялар, валюталық активтер және өзге де қаржы құралдарын тиімді үйлестіре алады. Сонымен қатар тәуекел мен табыстылық арасындағы теңгерімді сақтай отырып, инвестициялық портфельді әртараптандыруға жол ашылады.

Кез келген еркіндіктің артында тәуекел бары белгілі. Алайда заңның талабы темірдей қатты. Жеке басқарушылардың жауапкершілігі заң жүзінде шегенделген. Егер компанияның құралдарды комби­нациялау стратегиясы сәтсіздікке ұшырап, кіріс деңгейі ең төменгі индекстен төмен сырғыса, заң бойынша олар жетпей қалған айырма­шылықты өз меншікті капиталы есебінен салымшының шотына өтеп береді. Дегенмен, сарапшылар мұндай өзгеріс тек мүмкіндік қана емес, жауапкершілік те екенін айтады. Сол себепті азаматтар қаражатты қай компанияға және қандай стратегиямен сеніп тапсыратынын мұқият таңдауы қажет.

Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 26 триллион теңгеден астам актив бар. Ал жеке басқарушы компаниялардың нарықтағы үлесі небәрі 110 миллиард теңгені құрайды бұл әзірге салыстырмалы түрде аз. Жаңа реформа осы нарыққа серпін беріп, бәсекелестікті күшейтуді көздейді.

Сенімгерлік басқарушы бұрын қолжетімсіз болған құралдарға инвестиция жасай алады, ал қолайлы жағдай қалыптасқан жағдайда олардан көбірек табыс табуға мүмкін­дік туады. Соның нәтижесінде БЖЗҚ салымшыларының шоттарына инвестициялық табыс түрінде көбірек қаражат түседі.

Мәжіліс депутаты Асхат Ай­мағам­бетов қазіргі уақытта зейнет­ақы қорларын негізінен Ұлттық банк басқаратыны және ол оларды жақсы басқарғанымен, ақшаның айтар­­лықтай бөлігі мемлекеттік бағалы қағаздарға және мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға инвести­цияланатынын жеткізді. Алайда  бұл сенімді болғанымен, бірақ жоғары табыс әкелмейді.

– Зейнетақы жинағын енді 100 пайыз өзіңіз басқара аласыз. Кеше Сенат біздің бастамамызбен енгізілген норманы мақұлдады. Енді әр адам өз зейнетақысын кімге басқарту керектігін, жақсы табыс әкелуі үшін қалай инвестиция жасау қажеттігін өзі шешеді. Жинақталған ақшаңызды бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе қаражатыңыздың 100%-ын арнайы қаржы компанияларына басқаруға беруге болады, – деді ол.

Бүгінгі таңда әрбір жұмысшы азаматтың ай сайынғы табысынан жылыстайтын 10 пайыздық зейнетақы жарнасын Ұлттық Банк тікелей бақылауында ұстап отыр. Бас банк бұл қаражатты барынша сенімді, тәуекелі төмен мемлекеттік жобалар мен Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына бағыттайды. Әрине, бұл бағытта Ұлттық Банктің жұмысы нәтижесіз емес, тұрақтылықты сақтауда олардың кәсібилігі жоғары. Десе де, бұл – «жайлы, бірақ баяу» жүретін жол. Ал нарықтағы бәсекелестік ортада шыңдалған жеке басқарушы компаниялар бұл қаражатты мүлдем басқа, кірісі әлдеқайда жоғары әрі серпінді бағыттарға салып, салымшының капи­талын еселеп көбейтуге мүмкіндік береді.

Депутаттың айтуынша, бұл реформаның басты жетістігі – таңдау еркіндігі. Бұған дейін қолданыста болған заңнама азаматтарға зейнетақы жинағының тек жартысын ғана жеке компанияларға сеніп тапсыруға рұқсат беретін. Ендігі кезекте жинақталған қаражаттың тағдырын салымшының өзі ғана айқындайды. Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір азамат арнайы өтініш жолдау арқылы өз қаражатын басқаратын және оны инвестициялайтын қаржылық ұйымды дербес таңдау құқығына ие болды.

– Жаңа заң аясында жинақ­тары­ңызды қандай стратегиямен инвестициялау керектігін және оның қалай жұмыс істейтінін енді өзіңіз айқындайсыз. Мысалы, шотыңызда 5 миллион теңге болса, оның бір бөлігін кірісі жоғары, бірақ тәуекелі де басым агрессивті стратегияға, екінші бөлігін кірісі мен тәуекелі теңгерілген орташа бағытқа, ал қалғанын өте сенімді, консервативті құралдарға бөліп салуға болады. Біз заң деңгейінде дәл осындай икемді тетікті ұсындық. Ең бастысы – заң бойынша, басқарушы компаниялар сіз табыстаған негізгі капиталдың ешқайда жоғалмауына толық кепілдік береді. Оның үстіне, бұл ұйымдардың әрбір қадамын Ұлттық Банк пен мемлекет қатаң қадағалап отырады, – деді Асхат Аймағанбетов.

Зейнетақы жинақтарын басқару жүйесіндегі өзгеріс – азаматтардың жеке қаражатына қатысты көзқарасын өзгертетін реформаға айналмақ. Бұған дейін салымшылардың таң­дауы шектеулі болса, енді олардың өз жинағын кім және қандай стратегиямен басқаратынын өздері айқындауына мүмкіндік беріліп отыр. Бұл – бір жағынан қаржы нарығындағы бәсекелестікті күшейтсе, екінші жағынан басқарушы компаниялардың жауапкершілігін арттыратын қадам. Дегенмен, жоғары табысқа ұмтылу әрдайым жоғары тәуекелмен қатар жүреді. Сондықтан реформа тиімді болуы үшін заңнамалық кепілдіктердің болуы ғана жеткіліксіз. Ең алдымен, қаржы ұйымдарының ашықтығы, олардың инвестициялық нәтижелері мен тәуекелдерді басқару тәжірибесі басты назарда болуы тиіс. Ал салымшылар үшін қаржылық сауаттылықты үйрену бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Жаңа заңның нәтижесі уақыт өте айқындалады. Егер жеке басқарушы компаниялар жоғары кірістілікпен қатар сенім­ділігін де дәлелдей алса, бұл қадам қазақстандықтардың зейнетақы жи­нағын көбейтіп қана қоймай, елдегі инвестициялық нарықтың дамуына да серпін беруі ықтимал.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: