Сенбі, 27 маусым, 01:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48 (2260)
27.06.2026
PDF мұрағаты

Ұлттың үні, бұқараның айнасы

27.06.2026

25 0

Бұқаралық ақпарат құралдары қызмет­керлерінің кәсіби мерекесіне орай халықтың құлағы, көзі Һәм тілі болып, билік пен бұқараның алтын көпіріне айналған сала мамандарының еңбектері еленді. Дүйім жұртқа хабар таратып, жақсылықтың жаршысы болып жүрген журналистер қауымы үшін кәсіби мереке апта басынан басталған еді. Мереке қарсаңында аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев әріптестерді мерекемен құттықтап, республикалық, өңірлік БАҚ-тың Сыр елінің оң имиджін қалыптастырудағы рөлін жоғары бағалады. 

– Бүгін – мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайттарда қызмет істейтін шығармашылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған мақаланың жарыққа шығуына еңбек сіңіретін мамандардың мерейлі күні. Мереке қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. «Qyzylorda» телеарнасының ардагері Қарабала Жағыппар Аманжолұлы «Парасат» орденімен наградталды. Бұл – Сыр журналистикасына берілген жоғары баға.

Мемлекет басшысы: «Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәсе­лелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қыз­мет етіп келесіздер. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды» деп ерекше атап өтті.

Ұлттық журналистика тарихында Сыр өңірінің айрықша орны бар. Ғасыр­лық белесіне жақындаған басы­лымдар мен тәуелсіздік жыл­дарында шыққан газеттер – аймақтың сыр-шежіре сандығы. Облыстың тарихы, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени-рухани жаңғыруының айқын дереккөзі. Биыл аймағымыздың жетекші арнасы – «Qyzylorda» телеарнасы 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Телеарна өңіріміздегі оқиғалар мен ақпараттарды жылдам таратып, ел өміріндегі саяси маңызды жаңалықтардың жаршысы болып келеді. Отыз  жылға  жуық  көрермен көзайымына айналған «Қоғам ТВ» телеарнасының да ақпа­рат­тық саясаттағы орны ерекше. Аймақ телевизиясының бүгінгі биігі – өткен мен бүгінді жал­ғаған арда­герлер еңбегінің жемісі. Ақпарат айдынында өз қолтаңбасын қал­дырған майталман мамандардың табан­дылығы мен қажырлы еңбегі тележур­налистика тарихында лайықты ізін қалдырды. Бүгінде тағылымды жолдан өтіп, ұстаздарының өнегесін жалғаған мамандар елімізге белгілі ірі медиахолдингтерде, телеарналарда еңбек етіп, Сыр журналистикасы мектебінің мерейін үстем етуде. Тәуелсіздік шежіресін, Сыр өңірінің жылнамасын, қалыптастырудағы қа­жырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге алғы­сымды білдіремін!, – деді облыс әкімі.

Мерекелік жиында салаға ізденісі мен кәсіби шеберлігін арнап, оқырман мен көрермен құрметіне бөленген журна­листер марапат төрінен көрінді.  «Qyzylorda» телеарнасы директорының орынбасары Айсұлу Қасымоваға «Құр­мет» ордені, белгілі журналист Үйтолған Жарекеге «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. 

Салтанатты рәсімде ақпарат сала­сының дамуына елеулі үлес қосқан қалам иелері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек арда­гері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбел­гілерімен, Құрмет грамота­сымен, Қазақстан Жур­налистер одағы­ның «Қазақс­танның Құр­метті жур­на­лисі» атағымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының, Премьер-минис­­­трінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің, облыс әкімінің Алғыс  хаттарымен, Құрмет грамотасымен және түрлі номи­нациялармен мара­пат­талды.

Айта кетейік, Ақорда төрінде өткен салтанатты шарада Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарын «Ұлттың үні, қоғамның айнасы» деп бағалады. Иә, бұлай деуге толық негіз бар. Өйткені ақпарат саласының қызметкерлері ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу мақсатында белсене жұмыс істейді.

А.АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: