Сәрсенбі, 17 сәуiр, 20:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ұлттың ұйытқысы да, тірегі де – ана

07.03.2024

472 0

«Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі. Бірақ осыны қазақтың өзі біле ме екен? Білген. Абай заманында, Мағжан заманында. Тіпті біздің әке, ағаларымыздың тұсында. «Айттым сәлем, Қаламқас» кімге арналды? «Желсіз түнде жарық ай» кіммен табыстырып еді? «Шолпысының сылдыры» жүректі жандырған кім? «Қара шашы мойынға оралып», жан-дүниені еріткен кім? «Көзінен күн шұғыласы көрінген» қазақ аруы болатын. Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, әлемдегі ең ізгі әйел. Қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған, әлемдегі ең мейірбан әйел. Қазақ әйелі – бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен, әлемдегі ең адал әйел. Ұлттың ұйтқысы. Ұрпақтың анасы. Солай болған, солай бола беруге тиіс. Болмас қисыны жоқ, неге десеңіз, бұл әйелдің бойында сиқырлы, құтты, өзгеше қасиет бар, оның аты – сұлулық: жан сұлулығы, тән сұлулығы… Ол рас, әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі!» Бұл – Мұхтар Мағауин шығармалар жинағының 11-томынан алынды. Өте керемет жазылған. Иә-иә, қазақ қыздары расымен де әдемі. Олар жүзімен де, жүрегімен де, сөзімен де, ісімен де сұлу. Осындай сұлулығымен, іскерлігімен, белсенділігімен ерекшеленіп жүрген біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Жаннат Садвакасова. Ол – қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің директоры, қалалық мәслихат депутаты. Бүгінде қызмет пен құрметтің ортасында жүрген ізгі де іскер әйелдердің қоғамдағы орны ерекше. Мереке қарсаңында Жаннат Мылтықбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. Тақырыпқа арқау болған сөзді де сұхбат барысында осы кісі айтты.

Жаннат Мылтықбайқызы, көктемнің шуақты мерекесімен қатар туған күніңіз құтты болсын. Ең алдымен әңгімемізді өзіңізден бастасақ… – Сіздерге мың алғыс! Иә, өзіме 8 наурыз ерекше күн. Себебі мен 1965 жылдың 8 наурызында Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Сол үшін де әр мереке күндері, жыл сайын анама рақметімді айтамын. Анам отбасында жалғыз қыз болып, еркін өскен. Ал келін болып, енесі, 5 қайын сіңлісі мен 1 қайын апасы бар отбасына түсті. Әкем жалғыз ұл болды. Ол кісі өзінің шыдамдылығы мен ақкөңіл пейілімен сыйлы келін, аяулы ана, ақжаулықты әже болып отыр. Осы кезде анамның жасы сексенге жақындап қалды. Анамыздың жанымызда жүргенінің өзі – үлкен бақыт. Жалпы біз алты ағайындымыз, үш қыз, үш ұл. Бүгінде әр шаңырақ кеңейіп, қанатын жаюда. Негізі өзім 1984 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша оқуға қабылданып, 1989 жылы оқуды тәмамдадым. Еңбек жолым Қызылорда пошта-телеграф бөлімінде оператор болып жұмыс істеуден басталды. Одан кейін білім саласына ұласып кетті. 1989-1994 жылдары №211, 187 мектептерінің ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмыс істеп, 1994-1997 жылдар аралығында №235 мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым. Ал 1997-1999 жылдар аралығында қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары ретінде жұмыс істеп, 1999-2020 жылдар аралығында №7, 217, 11 мектептерінің директоры қызметін атқардым. 2020 жылдың 14 сәуірінен бастап, «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп» директоры болып қызметке тағайындалдым. Содан бері осы қызметтемін. Жалпы білім саласындағы жетістігім ретінде ең үздік марапат Ы.Алтынсарин төсбелгісін иеленгенімді атап өтуге болады. Ағылшын тілінің маманы, педагог зертеушісі ретінде 1999-2013 жылдары №7 мектебінде қызмет барысында корей ассоциациясымен бірлесіп, корей тілі кабинетін аштым. Осы салада еңбек етіп, жаңа идеялармен бөлісіп, жаңашылдыққа деген ізденіспен 2004 жылы АҚШ мемлекетінің грантымен, Миннесота штаты, Солт-ЛейкСити қаласында тәжірибе алмасудан өтіп, 2018 жылы Израиль мемлекетінің грантымен Иерусалим қаласында тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша білім алып қайттым.

– Сіз жеткен жетістіктерге ұстаздарыңыздың да еңбегі зор. Ал ұстазыңыз кім?

 – Дұрыс айтасыз. Әр адамның қандай да бір жетістікке жетуіне ұстаздың қосар үлесі зор. Ұстаз – білімнің алғашқы баспалдағын қалыптастырушы тұлға. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде мұғалімнің еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті маман ретінде ерекшеленеді. Осы елеулі үлесі үшін ең алғашқы мұғалімін ешкім ұмытпайды. Өзімнің педагогикалық еңбек жолында ұстаздық қызметімді шыңдауға зор үлесін қосқан, мен үшін орны ерекше, білгенін үйретіп үлгі бола білген, аяулы ана, ардақты ұстаз, №235 мектептің басшысы болған Үрбибі Батырқұлқызын атап өткім келеді. Ол – өзінің кәсіби шеберлігін, педагогикалық іс-тәжірибесінің озық үлгісін көрсете білген, ұлағатты ұстаз.

– Қалалық әйелдер кеңесінің төрайымысыз. Кеңестің қазіргі жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Қоғамдағы әйелдердің, оның ішінде аналардың орны мен рөлін айшықтау және түйткілді мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында 2021 жылдан бастап, қала мен кент, ауылдық округтерінің белсенді әйел азаматтарының бірігуімен «Қызылорда қалалық әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігі» құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Кеңестің қызметі нәзік жандар арасында кәсіпкерліктің дамуына, отбасы институтын нығайту, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен балалар құқығын және денсаулығын қорғау бағытындағы маңызды істерді ілгерілетуге бағытталған. Бүгінде әйелдер қауымдастығы қаламыздағы отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және руханиадамгершілік құндылықтарды нығайту, тұрғындар арасында азаматтық белсенділікті, шығармашылық бастамаларды қолдау, консультациялық мақсаттарға қол жеткізу мен азаматтық қоғам қағидаттарын жүзеге асыруда әріптестікті дамытуға қолдау көрсетуді ұйымдастырып келеді. Мәселен, бірлестік мүшелерінің қатысуымен білім ордаларында түрлі тәрбие сағаттары, көшбасшы әйелдер мектебінің дәрістері, сондай-ақ «Ана әлдиі» облыстық видеоролик байқауы, «Алтын белгі» иегерлерінің аналарын марапаттау кештері өткізілсе, өңірімізді көгалдандыруға бағытталған игі істі жалғастыру мақсатында бірлестіктің ұйымдастыруымен Тасбөгет кентінде орналасқан облыстық балалар ауруханасының ауласына 100 түп ағаш отырғызылды.

«Қызылорда қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жоспарына сәйкес еліміздің егемендік алуы жолында ерлермен бірге аянбай жұмыс істеп, саналы ұрпақ тәрбиелей білген ардақты аналардың еңбегін насихаттау мақсатында «Бегім ана» аналар клубы ашылды. Бұл клубтың негізгі мақсаты – қаламыздың еңбек сіңірген, белсенді мүшелерін жас ұрпаққа үлгі болатындай дәріптеу. Осы істің бастамасы ретінде сол кісілердің еңбек жолын, отбасын әлеуметтік желілерде жариялау арқылы насихаттау жұмыстары қолға алынды.

Сонымен қатар №140 қазақ орта мектеп директоры, қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мұсабаева мен кеңес бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тәрбиелі зияткер ұрпақ – болашақ кепілі» тақырыбындағы облыстық әлеуметтік-ғылыми ашық алаңы өткізілсе, қалалық білім бөлімі мен қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің және «Қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен М.Шоқай атындағы №187 IT мектеп-лицейінде «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты шара көпшіліктің көңілінен шықты. Сондайақ «Болашақ» университетінде облыстық және қалалық әйелдер кеңесі мүшелерінің ұйымдастыруымен көшбасшы әйелдер мектебінің алғашқы дәрісі өтті. Жалпы білім беру ұйымдарында аналарымыз тәрбие бағытында қыз балалармен кездесулер, ашық сұхбаттар өткізіп келеді. 2022 жылдың қыркүйек айында «Қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық бірлестік жанынан білім беру ұйымдарынан әйелдер кеңесін құру қолға алынып, төрайымдары бекітіліп, жұмыс істеуде. Айта кету керек, мұндай жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

– Қоғамда белсенді жанның бірісіз. Оған қоса қалалық мәслихаттың депутатысыз. Депаутат ретінде қандай мәселені шештіңіз?

 – Иә, 2023 жылы 19 наурыз ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына «AMANAT» партиясының атынан қалалық мәслихат депутаттығына ұсынылдым. Маған сенім артып, дауыс берушілердің арқасында сайлауда жеңіп шықтым. Содан бері депутаттық жұмысымды коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі ретінде бастадым. Қазіргі уақытқа дейін тұрғындармен «AMANAT» партиясы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында, мөлтек ауданға қарасты Абай мектебінде қоғамдық қабылдау жұмыстарын жүргіземін. Арасында сайлаушыларыммен де кездесіп тұрамын.

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз…

 – Ата-енем ауылда тұрды, 10 бала туған батыр ана болатын. Біз қалада студент едік, каникулда барып тұрғанымыз болмаса бірге тұрмадық. Осы кезде жолдасым, қызым мен немерелерім бар. Айта кетейін, өмірлік серігім жеке кәсіпкер және құрылыс саласында жұмыс істейді. – Қыз бала бақытты болуы үшін не істеу керек? Кеңес төрайымы ретінде кеңесіңіз…

– Бақытты әйел болуы үшін қыз баласын жастайынан тілдің, сөздің, ойының, жанының тазалығына баса назар аударып, жалқаулыққа бой бермеу керек. Қазіргі кездегі ақбозатты ханзаданы күтіп, бақытты боламын деген қате пікір қалыптасқан. Жоғарыда атап өткендей, қыз баласы жанының тазалығымен қатар рухани бай болып, көркем мінезді, жан жақты, қылықты болуы қажет.

Қысқа сұраққа нақты жауап

– Анаңыздың айтатын ақылы?

– Қолын жұдырық қылып көрсетіп, «өте сыпқыр болма, ешнәрсе келмей қалады», алақанын ашып, «тым ашық болма, ешнәрсе тұрмай қалады» деп саусақтарын жинап көрсетіп отырады.

– Адамның бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?

– Адалдығын бағалаймын.

– Соңғы оқыған кітабыңыз?

– Қазақ тілінде оқып жатқаным «Кемел адам» Қайрат Жолдыбайұлының кітабы, орыс тілінде «Жизнь в удовольствие», авторы – Александр Палиенко. – Бос уақытыңыз болса немен айналысасыз?

– Шахмат және волейбол ойнап тұрамын. Студент кезімде шахматтан пединститут командасында ойнағанмын.

– Мерекелік тілегіңіз…

– Қымбатты кыз-келіншектер! Әрқашан мына өмірге сән беріп, жылу таратып, мейірім төгіп, шуақ шашып тұрғандарыңыз үшін сіздер қашанда өздеріңіздің сыйлы, сүйікті, қадірлі екендеріңізді, сіздерсіз мына дүние бос екенін ұмытпаңыздар. –

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбатты жүргізген Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: