Қазақы нақыштағы ұлттық киіммен, сазды әдемі даусымен төл өнерді насихаттап жүрген термеші, дәстүрлі әнші Қызылорда облыстық филармониясының әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері «Құрмет» орденінің иегері, «Тұран» сыйлығының иесі – Үміт Медеуова. Үміттің репертуарындағы қай әнді алсаңыз да мағынасы терең, ұлттық бояуы қанық, елдің рухын көтеретін екпінімен ерекшеленеді. Үміт шырқаған «Домбыра болып сөйледім» әні өн бойыңды шымырлатып, жан дүниеңді оятады.
Ей, домбыра,
Бабамнан қалған үні еді,
Тәңірге аян тілегі.
Аңыра, ағыл, домбыра,
Қазақтың жаны, жүрегі.
Төгілткен жанның жаңбырын,
Егілткен бойда жан мұңын.
Қазақтың ары, намысы,
Домбырам менің тағдырым.
Аталы сөзге тоқтаған,
Қайран да қайран сақ бабам.
Алдаспан сүйіп серт етіп,
Атаның салтын сақтаған.
– Бүгінгі ұрпақ өзінің қазақ екенін ұмытпасын. Қай жерде жүрсем де ұлттық киім, ұлттық әшекейлерімді тастамаймын. Әніме сазсырнай, домбыра аспаптарының үнін міндетті түрде қосып отырамын. Жыршылық өнер – түбінде ол сенің қаныңмен келу керек. Жыр-толғаудың мақамын, иірімін бұзбай халыққа жеткізу – басты мұратым, – дейді Үміт Еменқызы.
Әншінің өнегелі өмір жолы да өнермен өрілген. Өнер өлкесіне өрімдей шағынан ғашық болған талдырмаш қыз мектеп қабырғасында жүріп өлең айтып, елдің қошеметіне бөленген. Осылайша арман қуып Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы педагогикалық институтының «Халық аспаптар бөлімінің жетекшісі» мамандығы бойынша білім ала жүріп, институт жанынан құрылған «Достық» ансамблінің құрамында болып, түрлі байқауға қатысып, шетелдік гастрольдерде өнер көрсеткен.
1988-1990 жылдары жолдамамен Қызылорда қаласындағы «Бумажник» мәдениет үйіне үйірме жетекшісі қызметіне келеді. 1990-1998 жылдар аралығында Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығында бөлім меңгерушісі қызметімен бірге «Қазына» фольклорлық ансамблінде әнші-термеші болды. 1998 жылдан бері Қызылорда облыстық филармонияда әнші-термеші.
– Әншінің ұзақ жылғы еңбегінің жемісі – көрерменмен еркін жүздесетін есепті концерті. Халық жылы қабылдап, қол соғып құрмет көрсетсе, ұзақ жылғы сахна сыртындағы маңдай теріңнің өтелгені. 2006 жылы 14 сәуір күні Н.Бекежанов атындағы драма театрда есеп беру концертін өткіздім. 2019 жылы 13 қазан күні Н.Бекежанов атындағы драма театрында атты «Ақмешіт аспаны» атпен жеке концерт бердім. 2020 жылы Қызылорда облыстық филармония залында «Сыр сазы» атты онлайн концертім болды. 2023 жылы 7 маусым күні «Жылы жүздесу» атты бенефис концерт қойдым. Халық көп жиналды. Өнерді жан-тәнімен сүйетін көрерменге қарап, шабыттана түсесің. Өнерсүйер қауым қолдаса, әншінің бағы сонда жанады. Біз халық батасымен бақыт нұрына бөленеміз, – дейді әнші.
Бақытын өнерден тапқан әнші Үміт Медеуова облыс және республика көлеміндегі көптеген мәдени шараларға қатысып, үздіксіз өнер көрсетіп келеді.
Қазақ халқының халық әндерін тамылжыта орындап тындаушыларын баурап алған талантты, жезтаңдай әнші. Мәдениет саласында 30 жылдан астам еңбек етіп, ел алғысына бөленген әншінің қай әнін алсаң да адам баласын жақсылыққа, адалдыққа үндейді.
Армысыңдар, жақсы адамдар,
Жақсылыққа бастағандар.
Iзгiлiктiң жолын нұсқап,
Жамандыққа баспағандар.
Ел үмітiн ақтағандар,
Адалдықты жақтағандар,
Ар, намысты сақтағандар,
Жүз жасаңдар жақсы адамдар! – деп төгілтіп салған әні жан дүниеңе шуақ пен мейірім таратады. Сахнаның сандуғашына айналған күміс көмей әнші Үміт Медеуоваға ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт тілейміз.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!