Жас ұрпақтың заман талабына сай білім мен ғылымды қатар игеру үшін мектептерде барлық жағдай жасалуда. Әр мектептің бағытын айқындау, соған сәйкес сынып кабинеттерін жабдықтау, қажетті құра-жабдықтармен қамтамасыз ету білім аламын деген балаға жасалған үлкен қолдау деуге болады.
С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейі – білім беруде жаратылыстану бағытына басымдық берген білім ордасы. Мұнда қазіргі таңда 900-ден аса бала тәлім алады. Іргесі 1964 жылы қаланған мектепке биыл 60 жыл толды. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ордасы атаулы күнді кең көлемде атап өтті.
Білім ордасы ашылғанда алғаш басшылық еткен Қасымбек Ибраев сол кезден-ақ ұрпақтың сапалы білім алуына басымдық берді. Білікті басшы, тәжірибелі мұғалімдердің еңбегінің нәтижесінде аталған мектеп республика бойынша белгілі білім ошағына айналған.
– Сол кезеңдегі барлық педагогикалық ұжым мектеп өміріне жаңашыл, тың идеялар мен бастамаларды енгізді. Іскер басшы өзге мектептермен тығыз байланыс орната отырып мектеп мұғалімдерінің іс-тәжірибесін, еңбегін республика, одақ көлемінде таныта білді. Осындай еңбектің нәтижесінде 1968 жылы Қазақ КСР оқу-ағарту министрлігінің шешімімен, №4 орта мектеп ұжымының төрт жылдық жұмысының нәтижесі Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне жіберіліп, І дәрежелі «Алтын медаль» иеленеді. С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектебі 2000 жылға дейін орыс-қазақ аралас мектебі болса, 2000-2001 оқу жылынан бастап қазақ мектебі болып бекітілді. Білім көкжиегіндегі 60 жыл ішінде оқу ордасы талай дарынды жастарды тәрбиелеп, қоғамда айшықты орны бар тұлғаларды түлетті, – дейді мектеп директоры Алмат Рахметов.
Бүгінде С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейінде тәлім алатын 900-ден астам оқушыға 100-ден аса мұғалім сабақ берсе, оның 44-і – педагог-зерттеуші, 21-і – педагог-сарапшы, 29-ы – педагог-модератор, 19-ы мұғалім.
Осынша жыл ішінде қоғамға белгілі талай тұлғаларды түлеткен мектеп беделі қашанда жоғары. Мектеп ұжымы мемлекет және қоғам қайраткері Г.Әбдіқалықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым Қ.Бисенов, танымал әнші М.Сәдуақасова, белгілі күйші Е.Мұстафаев, өңірге танымал тұлғалар Б.Сәрменбаев, Қ.Сақтағанов сынды шәкірттерімен мақтанады.
2019 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы орта мектеп – «Ақпараттық технология мектеп-лицейі» болды. Ғылым мен технологияның дамыған заманында соған сай жабдықталған білім ордасының ұстазы білікті, оқушысы білімді болуы керек-ақ. Бұл ретте мектеп ұстаздары үнемі ізденуден жалыққан емес. Оның үстіне ІТ бағытындағы мектеп болғандықтан бүгінгі күннің талабына сай үлкен жауапкершілік артылған. Оқушылардың сапалы білім алуына мұнда бар мүмкіндік қарастырылған. 2020 жылы мектеп ұжымы Жапон елшілігінің «Шөп тамыры» бағдарламасы бойынша 30 миллион теңге грант иеленіп, аталған қаржыға мектеп ғимаратының есік-терезелері толық ауыстырылған. Сонымен қатар биыл мектептің 60 жылдық мерейтойына орай облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен құны 958 миллион теңге болатын қосымша 300 орындық оқу корпусы мен 100 орындық асхана салынып, пайдалануға берілген. Бұған дейін акт залы, спорт залы, кітапхана мен қосалқы кабинеттері бар қосымша білім ғимараты салынған еді. Ал жақында мектеп түлегі, «Асар» ЖШС директоры Қанағат Сақтағановтың демеушілігімен мектептің 60 жылдық мерейтойына тарту ретінде 10 миллион теңге қаржыға мектеп ғимаратының шатырын жаңаланған. Десе де алпыс жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ғимараты ескірген. Бұл ретте мектеп басшысы Алмат Бақытбекұлы келер жылы білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын айтады.
– Мектеп түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновтің қолдауымен мектепте математика кабинеті толық жабдықталып, оқушылар игілігіне берілді. Сондай-ақ «Интегрострой» ЖШС-нің директоры Бақдәулет Ысқақовтың демеушілігімен мектептің ескі ғимараты сыртына күрделі жөндеу жүргізіліп, мектеп ауласы абаттандырылды. Мектеп түлектерінің қаржылай қолдауымен мектептің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, мектепте қоғамдық негіздегі мұражай ашылды. Онда мектептің кешегі мен бүгінгі сәттерінен сыр шертетін құжаттар мен суреттер жинақталған.
Мектепте «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» деген қосымша сабақ жүргізіледі. Алдағы уақытта мектеп түлегі, кәсіпкер Ибрагим Әбубәкіровтің қызы Аида Ибрагимқызы оқушыларды кәсіпкерлікке баулуда қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған арнайы кабинетті, білім ордасының алғашқы директоры болған Қ.Ибраевтың ұрпақтары тарих кабинетін жабдықтап, оқушыларға сый жасамақ. Мектеп қабырғасынан бүгінгі күнге дейін 5000-ға жуық шәкірт білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан. Бұл – ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі, – дейді мектеп басшысы.
Мектеп ұжымы бала тәрбиесінде тек білім беруді емес, оқушылардың рухани дамуына да жағдай жасаған. Бұл ретте 40 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана жұмысын айта кеткен жөн. Жиырма жылдан бері мектеп кітапханашысы болған Сәуле Оспанованың балаларды кітап оқуға ынталандыруда еңбегі зор. Айтуынша, балаларды мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап кітапханамен таныстырып, кітап оқудың маңызын түсіндіреді екен.
– Кітапханамызда 40671 кітап қоры бар. оның 9767-сі көркем әдебиеттер. Оқушылардың кітапқа қызығушылығы көңіл қуантады. Сабақтан тыс уақытта кітапханаға келетін тұрақты оқырмандар бар. Балалардың сұранысы жас ерекшелігіне сай болады. Бастауыш сыныптағылар ертегілерді көп оқиды. Басым көпшілігі энциклопедияға қызығады. Шетел әдебиетінен «Гарри Потердің» кітабын қызыға оқиды. Сонымен бірге ақындар шығармашылығына сұраныс бар. Ал жоғары сынып оқушылары көбіне «Абай жолы», М.Әуезовтің әңгімелерін сұрайды. Оқушыларды кітап оқуға тартуда түрлі көрмелер, іс-шаралар ұйымдастырылады. Жалпы балалардың кітапты онлайн оқуына да, қолға алып оқуына да мүмкіндік бар. Алайда кітапты қолға ұстап оқығанның қаншалықты маңызды, пайдалы екенін ұғындыруға тырысамын, – дейді кітапханашы.
Мектептегі білім беру ІТ бағытына басымдық бергендіктен мұнда «ДағдыLan» цифрлық дағдыларды дамыту жобасы қолға алынған. Жоба бойынша оқу-тәрбие процесін басқаруды автоматтандыру, нейротехнология, биофизика және жасанды интеллект, киберskills бағыттары қамтылған. Оқушылар осы бағытта білім алып, тәжірибе жасап ғылыми жобаларда үздіктер қатарынан көрінуде. Оның ішінде А.Серікбай, Л.Мұхтар, Д.Жұмаділ, І.Мейрамбекұлы, А.Манатбек, А.Әбдінәби, И.Олжабай аталған бағытта жобаларын қорғап, мектеп абыройын асырып келеді.
Білім мен тәрбиені ұштастырып, оқу ісінде үздіктер қатарынан көрінген мектеп ұжымы сапалы білім, саналы ұрпақ қағидатын берік ұстанған. Сол жолда әлі талай түлектерді қияға қанат қақтырып, елім дейтін азаматтарды тәрбиелейтініне сенім мол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!