Биылғы жылдың 11 ақпанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, елдің тағдырына қатысты түпкілікті таңдау жасауды тікелей халықтың өзіне ұсынды.
Бұл бір күнде қабылданған шешім емес, елдің конституциялық дамуына бағытталған ұзақ әрі жүйелі дайындықтың, ашық қоғамдық талқылаулар мен жұрт пікірін басты негізге алған ауқымды жұмыстың заңды қорытындысы.
Ата заңға өзгертулер енгізуді көздеген үдеріс Президентіміздің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Парламентті реформалау туралы бастамасынан бастау алды. Осыдан кейін Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, ол тұрақты негізде азаматтардан, сарапшылар қауымдастығынан, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардан ұсыныстар қабылдап, оларды жүйелі түрде саралаумен айналысты. Жауапты кезеңде халықтың пікірі мен ұсыныстары негізгі басымдық ретінде айқындалды.
Осылайша, конституциялық жаңғырту үдерісінің мазмұндық өзегі 2026 жылдың 20 қаңтарында Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда анықталды. Дәл сол алаңда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Жаңа Конституциядағы билік құрылымында орын алатын жаңа Парламент – Құрылтай құру, Халық кеңесін қалыптастыру, Вице-Президент институтын енгізу, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы және тағы басқа ауқымды өзгерістерді жария етіп, қоғам сұранысына негізделген шешімдер қабылдады.
Осы ретте, 2026 жылғы наурыз айында өткен республикалық референдум ел тарихындағы маңызды саяси оқиғаға айналды. Референдумның өтуі барысында және әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтардың белсенділігі жоғары екенін анық байқадық. Оның ішінде Президентіміздің байыпты бастамаларына жоғары қолдау білдірген Сыр елі тұрғындарының референдумға қатысу белсенділігі 93,04 пайызды құрап республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Ел тарихындағы аса маңызды саяси науқан – республикалық референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге белсене атсалысқан азаматтар лайықты марапаттарға ие болды. Барлығы да ортақ іске асқан жауапкершілікпен қарап, тарихи маңызды шараның жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосты.
Адам құқығының ең жоғарғы демократиялық құндылықтарына негізделген референдум аяқталғалы бері Үкімет пен Парламент алдында жаңа 5 және қолданыстағы 8 конституциялық Заңға, сонымен қатар 60-тан астам заңнамалық актілерге, оның ішінде негізгі кодекстерге өзгерістер енгізу секілді жауапты міндеттер жүктеліп, барлығы да сәтті жүзеге асырылды.
1 шілдеден бастап күшіне енгелі тұрған Жаңа Конституция саяси тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, экономика мен қоғамдық қатынастардың барлық саласын жаңғыртуға жол ашып, бірлік пен әділдік, Заң мен Тәртіп қағидаттарын берік орнықтырады. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, адам капиталының, ғылым мен мәдениеттің, цифрлық ортаның сапалы дамуына және экологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне берік негіз қалайды деп есептеймін.
Мемлекет басшысы да жаңа Ата Заңымызды мемлекетті жаңғырту бағытына халықтың айқын қолдауы мен сенімі ретінде бағалады. Осылайша, конституциялық жаңғыру үдерісі ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Руслан Рүстемов,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!