Өмірімізде қанша жамандық, қанша жақсылық болса, оның барлығы адамның ықпалымен болады. Еш нәрсе ешқашан өздігінен болмайды, бәрі-бәрі адамның қолында. Жүрегімізді жылататын, күлдіретін – адамның өзі, сөзі, көзі. Өмір сүріп жатқан ортамызға жағымды және жағымсыз өзгеріс енгізетін – адамның іс-әрекеті. Біздің ұстаным – адамдарды жақсы болуға шақыру, жақсы адам болып қалуға үндеу. Осы бағытта газет бетінен арнайы ашылған «Жүрек кілті» айдарының бүгінгі қонағы «Ана үйі» қоғамдық қорының психологы Ақмарал Оспановамен жүрек түкпіріне жетер әдемі әңгіме өрбіді. Қазіргі қоғамда адамдар арасындағы қарым-қатынас, адамгершілік құндылықтар, рухани тәрбие мәселелері жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Бұл сұхбатта адам бойындағы ізгі қасиеттерді қалыптастырудың жолдары, отбасылық тәрбиенің маңызы туралы пікірін кеңінен айтылды.
Бүгінде көп адамға жылы сөз жетіспейді. Адамдарға жақсылық жасап, өзгенің алғысын алғанды жөн көрейік. Адамдардың жақсы жаққа қарай өзгеруіне сеп болсақ, біздің де титтей де үлес қосқанымыз.
–Қазіргі қоғамда адамдардың ашушаң болып, бір-біріне мейірім танытуы азайып бара жатқандай көрінеді. Мұның психологиялық себептері қандай?
– Қазіргі кезде адамдардың өмір сүру қарқыны өте жылдам. Көпшілігі күнделікті күйбең тіршіліктің, қаржылық қиындықтардың, жұмыс пен отбасы жауапкершілігінің арасында жүреді. Осындай тұрақты күйзеліс адамның эмоционалдық күшін азайтады. Үнемі асығыстық, ақпараттың көптігі, әлеуметтік желілердегі салыстырулар адамның психологиялық шаршауын күшейтеді. Мен жұмыс барысында адамдардың жамандықтан емес, шаршағандықтан бір біріне қатты сөйлеп кететінін байқаймын. Сол себептен, адамдарға өзара түсіністік жетіспейтін сияқты. Тұрмыстық мәселелер, қаржылық қиындықтар және жұмыстағы қысым адамды үнемі «қорғану» немесе «шабуыл жасау» режимінде ұстайды. Бұл үрейлі күй басқаларға мейірім танытуға мүмкіндік бермейді. Шынайы қарым-қатынастың әлеуметтік желілермен алмасуы адамдарды бір-бірінен алшақтатып, бөтенсінуді тудырады. Экран артында отырып біреуге агрессия білдіру бетпе-бет келгенге қарағанда әлдеқайда оңай.
– «Жақсы адам болу» ұғымын психология қалай түсіндіреді? Бұл туа біткен қасиет пе, әлде тәрбиемен қалыптаса ма?
– «Жақсы адам болу» – психологияда эмпатия, мейірімділік және просоциалдық (қоғамға пайдалы) мінез-құлық негізінде түсіндіріледі. Бұл толығымен туа біткен емес, адамның ішкі потенциалы ретінде басталып, өмірлік тәжірибе мен тәрбие арқылы қалыптасатын қасиет. Менің ойымша, жақсы адам болу – өзіңді де, өзгені де құрметтей білу, жауапкершілік таныту, айналаңа зиян келтірмеу. Әрине, мінездің кейбір ерекшеліктері туа бітуі мүмкін, бірақ адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік сияқты қасиеттер көбіне отбасындағы тәрбие мен өмірлік тәжірибе арқылы қалыптасады. Бала үлкендердің әрекетін көріп өседі, сондықтан тәрбие өте маңызды. Егер отбасында сыйластық, қамқорлық, жылы қарым-қатынас болса, бала да сол құндылықтарды бойына сіңіреді. Сондықтан жақсы адам болып қалыптасуда отбасының рөлі ерекше.
– Адам бойындағы мейірімділік, жанашырлық, ізгілік қасиеттерді қалай дамытуға болады?
– Мейірімділік үлкен істерден басталмайды. Кейде адамның көңілін сұрау, жылы сөз айту, алғыс айту сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен жақсылық болып саналады. Адам өзгенің жағдайын түсінуге тырысқан сайын жанашырлығы артады. Жақсылық жасау адамның өзіне де жақсы әсер етеді. Адам бойындағы мейірімділік, жанашырлық және ізгілік қасиеттерді дамыту үшін үнемі өзіңізге мән беру, саналы түрде жақсылық жасау әдетін қалыптастыру және қоршаған ортаға қайырымдылықпен қарау қажет. Сонымен қатар бұл қасиеттерді күнделікті өмірде мынадай қарапайым әрекеттер арқылы дамытуға болады. Өзге адамдардың жағдайын өз басыңыздан өткеріп көріңіз. Олардың сезімдері мен қиындықтарын түсінуге тырысыңыз. Сондай-ақ, күнделікті алғыс айту. Айналаңыздағы адамдарға, жақындарыңызға тіпті кішігірім көмегі үшін де шын жүректен рақмет айтыңыз. Бұл сізді жақсылықты бағалауға үйретеді. Қайырымдылық істермен айналысу. Ал өкпе-ренішті ұмытып, адамдардың қателіктерін кешіре білу жүректі тазартады, ізгілікті арттырады. Күнделікті жақсы әдеттерді қалыптастыру, күн сайын кем дегенде бір адамға жақсылық жасауды немесе жылы сөз айтуды мақсат етіңіз.
– Бүгінде адамдардың көпшілігі өзін жалғыз сезінеді. Бұл мінез-құлыққа қалай әсер етеді?
– Жалғыздық сезімі адамның өзгелермен сенімді, шынайы қарым-қатынастың жетіспеушілігнен туындауы мүмкін, ол тікелей көңіл күйіне әсер етеді. Кейбір адамдар тұйықталып кетеді, кейбіреуі ашушаң болады. Сондықтан әр адамның өзін тыңдайтын, түсінетін, қолдайтын ортасы болғаны маңызды.
– «Бала кездегі травма» ұғымы неге соңғы жылдары жиі айтылатын болды? Балалық шақтағы психологиялық жарақат адамның ересек өміріне қаншалықты ықпал етеді?
– Соңғы жылдары адамдар психологиялық денсаулыққа көбірек көңіл бөле бастады. Сондықтан бұл тақырып жиі көтерілуде. Балалық шақта көрген қиындықтар, ата ананың қолдауының жетіспеушілігі, немқұрайлылық немесе басқа да жағымсыз жағдайлар адамның өзіне деген сеніміне, адамдармен қарым қатынасына әсер етуі мүмкін. Мен тәжірибемде ересек жастағы көптеген қиындықтардың түс төркіні балалық шақтағы жағдайлармен байланысты екенін жиі кездестіремін.
– Өзін бақытсыз сезінетін адамдардың ортақ психологиялық ерекшеліктері қандай?
– Әр адамның жағдайы әртүрлі болғанымен, ортақ белгілер де кездеседі. Көп жағдайда мұндай адамдар өздерін өзгелермен жиі салыстырады, өз жетістіктерін бағаламайды, өміріндегі жақсы нәрселерді байқамай жатады. Кейде олар өткен өкініштерімен немесе болашаққа деген алаңдаушылықпен өмір сүріп, бүгінгі күннің қуанышын сезіне алмайды.
– Қандай адам бақытты өмір сүруді білмейді деп айтар едіңіз?
– Менің ойымша өмірдегі бар жақсылықты көре алмайтын, үнемі біреуді кінәлайтын және ешнәрсеге қанағаттанбайтын адамға бақытты болу қиын. Бақыт дегеніміз барлық мәселенің жоқ болуы емес. Ол көбіне адамның өмірге деген көзқарасына байланысты.
– Әр адамға психолог керек пе?
– Әр адамға міндетті түрде психолог қажет деп айта алмаймын. Бірақ өмірде қиын кезеңдер болады. Ондай кезде жақындарынан қолдау таба алмаса немесе мәселені өздігінен шеше алмаса, маманның көмегіне жүгіну дұрыс. Менің ойымша психологқа бару әлсіздік емес, керісінше өзіңе жауапкершілікпен қараудың белгісі.
– Сіздің ойыңызша, адам өмір бойы жақсы адам болып қалу үшін нені басты қағида етуі керек?
– Ең бастысы – адамдық қасиетті жоғалтпау. Адал болу, өзгені құрметтеу, қолыңнан келсе көмектесу, жасаған ісің үшін жауап бере білу маңызды. Өмірде қандай болса да, адамгершілікті сақтай білген адам айналасына да, өзіне де пайдасын тигізеді.
– «Өзіңді жақсы көрсең, өмірің өзгереді» деген пікірмен келісесіз бе? Психологтар көп айтатын «Өзіңді жақсы көр» қағидасын қалай түсіндірер едіңіз?
– Иә, келісемін. Бірақ бұл өзімшіл болу дегенді білдірмейді. Өзіңді жақсы көру – өзіңді қандай болсаң солай қабылдау, денсаулығыңа көңіл бөлу, өз қажеттіліктеріңді ескеріп отыру. Өзін сыйлайтын адам өзгелерді де сыйлай алады. Сондықтан адамның өзіне деген дұрыс көзқарасы оны өмір сапасына да, айналасымен қарым қатынасына да оң әсер етеді. Өзіне деген сенімділік пен құрмет – кез келген бақытты өмірдің және табысты қарым-қатынастың іргетасы. Өзіңізді шынайы сүйгенде, айналаңыздағы адамдар да сізді солай құрметтей бастайды. Бұл эгоизм емес, бұл – өміріңізді сапалы әрі саналы етудің кілті.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!