Жұма, 17 мамыр, 12:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Жастар театрының берері көп

23.01.2024

165 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Сыр елі – қалың қазақтың мәдениет ошағы. Ұлттық өнер осы топырақта дамып, өркен жайған. Аймақтың мәдениет саласындағы жаңалығы ретінде «Жастар» театрының өз алдына бөлек отау болып құрылғанын атап өтуге болады. Өнер ордасының басшысы болып белгілі айтыскер ақын Нұрмат Мансұр тағайындалды.

Өнерді ту еткен өлкеде «Жастар» театрының ашылуы өнерге деген құрметтің белгісі. Бұл театр әуел баста облыс орталығында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан 2016 жылы мамыр айында ашылған болатын. Театр сахнасына 16-21 жас аралығында қала көлеміндегі мектептер мен арнаулы және жоғарғы оқу орнындағы шығармашыл жастар тартылды. Осылайша «Алғашқы махаббат» қойылымымен театр шымылдығы ашылып, өнерлі жастар өз көрерменімен табысты. Содан бері жастар театры үздіксіз түрлі тақырыптағы қойылымымен көрермендерді тәнті етіп келеді.

Шығармашылық ұжымның көркемдік жетекшісі ақын, сценарист, режиссер, мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов екенін де айта кетейік.

«Жастар» театры бұрнағы жылдары О.Нұрмахановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» спектаклін сахналады. Абай образы арқылы бүкіл елдің болмысы мен мінезін танытуға ұмтылды. Қазақтың ізгі қасиетімен қатар ескі мінез болмысын көрсетуді де мақсат тұтты. Сол заманнан бері өзгерген адам болмысын боямасыз баян етуге тырысқан өнерпаздарға халық оң бағасын берді.

Мұнан соң театр Жолтай Жұматтың «Отырардың жасыны» атты тарихи драмасын сахналады. Қойылымдағы оқиғалардың алғашқы бөлігі Отырар қаласының жермен-жексен болған сәтінен басталғанымен, артынша қала әлі де тірі екендігімен жалғасын табады. Оқиға әрі қарай Әбу Насыр әл Фарабидің жастық шағымен, Бұхара, Шаш қаласынан білім алып келген сәтімен, қаружарақ, соғыс даласын емес, ілім жолын таңдағандығымен өрбиді. Халықтың сұранысына ие болған бұл сәтті туынды бірнеше рет қойылды.

27 наурыз халықаралық театр күніне орай «Өмірдің өзі театр» атты салтанатты шара өтіп, театр әртістері үзінді қойылымдар қойып, концерттік бағдарлама ұсынды. Социалистік Еңбек ерлері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтың тағылымды еңбек жолынан сыр шертетін Қуандық Түменбайдың төл туындысы «Екі бала – екі шал» тарихи-рухнамалық қойылымның премьерасы сахналанды.

Қала күні мерекесі аясында «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі жырау Алмас Алматов пен мәдениет қайраткері, режиссер-сценарист, ақын Оңталап Нұрмахановтың бірлескен туындысы «Ұлардың дауысы» атты поэзиялық қойылымның премьерасы сахналанды.

Тәуелсіздік күніне орай өнер тарланы Оңталап Нұрмахановтың туған жер топырағында ұйымдастырылған «Өнердің өр талабы – Аралдың Оңталабы» атты шығармашылық кеш өтті.

Тынымсыз еңбектің нәтижесі бағаланып, қалалық «Жастар» театрының қоюшы режиссері Әлмұхаммед Алдажаров мәдениет саласы бойынша «Жас дарын» аталымымен марапатталып, қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар Айша Әбдірахман, Жанат Жаңбырбаева, Өтетілеу Ілияс, Тоқжан Аяпова қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан ұлтжанды азамат, Сыр елінің тумасы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы 2023 жылы бауырлас түркі елдерінде кең көлемде тойланды.

 – Т.Жүргенов іс-шараларына қатысып тағылым түйген «Жастар» театры қиын болса да Жүргенов тақырыбын сахналауды өздеріне мақсат етті.

«Жастар» театрының көркемдік кеңесінде 1936 жылы мамыр айында Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі туралы сыр шерту, этно-ретро концерт қою ойымызға орала берді. Өйткені 1936 жыл қазақ өнері үшін тарихи жыл болды. «Өнер – тектің тірегі» атты тақырып таратқан ойды Қызылорда қалалық «Жастар» театры алып шығуы мүмкін бе?

Тайсалмастың тағына мінген талантты жастар «Мүмкін, ағай!» деп, берекелі істі құптай жөнелді. Осылайша сценарий жазылып, ұлт ұландарының рөлін сомдайтын кейіпкерлерді іздеу жұмысы басталып кетті. Өнерді қолдау тегімізде бар қасиет. Осы тақырып аясында «Жастар» театрына қолдау көрсеткен облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театры ұжымы мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің директоры М.Әмзеге, Қызылорда қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ж.Айтбайұлына ерекше алғыс білдіреміз, – дейді О.Нұрмаханов.

Шынында, 2023 жылдың 15 желтоқсан күні тыңғылықты дайындықтың нәтижесі көрінді. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің фойесінде «Жастар» театры­ның тарихы және Т.Жүргенов ұлықтаған ұлт мақтаныштары – Ж.Жабаев, Д.Нұрпейісова, К.Байсейітова, Н.Бекежанов, Ш.Жиенқұлова, А.Тоқмағанбетовтің өмірі мен өткенінен фото-көрме қойылды.

Жиналған жұртшылық залға кіргенде тосын безіндірілген көрініске таңдай қақты. Бұл сахнаға дейін маңдай терін төккен сан түрлі мамандық иелерінің ерен еңбегі еді. Балкондардан түскен қызылды-жасыл маталар идеясы, Манарбек Ержановтың «Паровоз» әні, жұлқи тартқан пойыз үні тыңдарманды сол заманға еріксіз жетеледі.

– Бұл концертте жүз жасаған – Жамбыл, күміс көмей – Күләш, сазды әуенімен сайын даланы тербеткен – Нартай, мың бұралған – Шара, сатираның сардары – Асқар және күй анасы – Дина секілді қазақ өнерінің талантты тұлғаларының болмысы бүгінгі буынмен қайта қауышқандай әсер қалдырды. «Театрға барғанда қойылымды тамашалап, рухани байып шығамыз. Ой саларлық осындай көркем дүниені көпке дейін естен шығармай, айтып жүреміз. Бұл қойылым өте сәтті шықты, – дейді театр көрермені, белгілі ақын Оңталап Базарәлиев.

– Алғашқы декаданың өткеніне 87 жыл уақыт болыпты. Қазақ өнері үшін тарихи жыл саналған 1936 жылғы Мәскеудегі өнер күн­дерінің шуақты сәтін Қызылорда жастары сахналап, «Темір нарком» атанған Т.Жүргеновтің, сол шақтағы одақ көсемі Сталиннің және өнерпаздардың образдарын сәтті сомдап шықты. Не болғанда да бұл көрермен көңілінен шыққан қойылым болды. Әсіресе онкүндікті жоғары деңгейде ұйымдастырған ұлт мақтанышы Темірбек Жүргеновтің образы терең ізденістен туындағаны байқалып-ақ тұр. Бұл «Жастар» театры ұжымының өсіп келе жатқанын көрсетеді, – дейді Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаев.

Құрылғанына 8 жыл уақыт болған «Жастар» театры салмақты қойылымдарды актерлік шеберлікпен жоғары дәрежеде сомдауда.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: