Сейсенбі, 23 маусым, 01:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47 (2259)
23.06.2026
PDF мұрағаты

Жинақ қаражаты зейнетақы төлемдеріне қызмет етуі тиіс

23.06.2026

19 0

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану тәртібі өзгергені   қоғам назарын аударып, жұртшылықты алаңдатқаны рас.  Себебі жеткіліктілік шегі көтерілгені көптеген азаматтардың жинаққа қол жеткізу мүмкіндігін азайтты. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс болашақ зейнетақы төлемінің тұрақтылығын сақтауға бағытталса, екінші жағынан, өз қаржысын баспана немесе денсаулық қажеттілігіне жұмсауды жоспарлаған жұртшылық арасында сұрақ та көп. Мұның жәй-жапсары қандай?

Кейінгі бес жылда мерзімінен бұрын зейнетақы жинағын шешіп алғандар қатары өскен. Тіпті олар 5 трлн теңгеге жуық қаражатты пайдаланған. Жасы жетіп зейнетке шыққандардың  денсаулығы сыр беретіні жасырын емес. Сондықтан қаржының басым бөлігіне зейнеткерлер денсаулығын дұрыстап, көп жағдайда тісін жөндетсе, кейбірі тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсаған. Алайда қаржыға көлеңкелі жолмен қол жеткізіп, оңды-солды жұмсағандар да қоғам назарынан тыс қалмады. Соның салдарынан өткен жылдан бері зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігі шектеле бастады. Мәселен, жыл басында жеткіліктілік шегі 10 пайызға дейін өссе, қаржыны кейбір ауру түрлеріне, тұрғын үйге пайдалануға уақытша үзіліс жасалды. Тіпті  шектің құны екі есеге жуық өскен. Бұрын  шек негізінен салымшының жасына қарай есептелетін еді. Мамандар  енді сараптай келе, оған зейнетке шығуға дейінгі кезең,  өмір сүру ұзақтығы, болашақтағы міндетті жарна көлемі, инвестициялық кіріс және өзге де ұзақмерзімді көрсеткішті  қосты. Мемлекет бұл қадамға азаматтың зейнет жасына жеткеннен кейін лайықты табысқа ие болуын қамтамасыз ету мақсатында ұмтылып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трлігінің мәліметінше, өзгеріс салым­шылардың мүддесін қорғауға бағытталған.

Зейнетақы жинақтары – қарапайым депозит немесе күнделікті шығындарға жұмсалатын қаржы көзі емес. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Министрлік зейнетақы қаражаты ең алдымен азаматтардың болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қыз­мет етуге тиіс деген ұстанымды бас­шылыққа алады.

Министрлік дерегінше, жеткіліктілік шек кейінгі үш жыл ішінде қайта қарал­маған. Осы уақыт аралығында инфляция деңгейі, ең төменгі зейнетақы мөлшері, халықтың өмір сүру ұзақтығы мен экономиканың өзге де көрсеткіші өзгеріске үшыраған. Сондықтан жаңа шектерді енгізу зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын сақтауға бағытталып отыр.

Сарапшылар пікірінше, жинақты мерзімінен бұрын пайдалану мәселесінің біржақты жауабы жоқ. Бір жағынан, бұл қадам халықтың бір бөлігінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берсе, зейнетақы жүйесіне деген сенім дағдарысы кезеңінде құрылыс нарығын қолдады. Екінші жағынан, жинақты тұрақты түрде шешіп алу қордың инвестициялық әлеуетін әлсіретіп, болашақтағы зейнетақы төлемінің көлемін төмендетеді екен.

Осылайша, алғашқы кезеңде басты назар азаматтардың әлеуметтік мәселе­лерін шешуге аударылса, енді ұзақмерзімді қар­жылық тұрақтылық пен лайықты зей­нетақы деңгейін қамтамасыз ету ал­дыңғы орынға шығып отыр.

Басты мәселе зейнетақы жинағын қалай шешіп алу емес, азаматтардың ресми табысын арттыру, ертеңгі қаржылық қауіпсіздікті қалыптастыру болып отыр.

«Ақмешіт ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: