Сенбі, 20 сәуiр, 02:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Автобус неге өртенді?

05.02.2022

865 0

1 ақпан күні түскі уақытта Қызылорда қаласының сол жағалауында автобус өртенді. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар мен суреттер қала тұрғындарын біраз үрейлендірді. Өрт туралы хабарлама қалалық төтенше жағдайлар басқармасына хабарлама 13.37-де келіп түскен.

Басқарма хабарланғандай, «Қызылорда автобус паркіне» тиесілі мемлекеттік белгісі KZ 251 BB 11 нөмірлі «Zhong Tong Bus» маркалы автобус өртке оранған. Жолаушылар тасымалдайтын автобусқа сыйымдылығы 200 литрді құрайтын метан газ қондырғысы орнатылған. Төтенше жағдайлар бөлімінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер 13.45-те оқиға орнына жетіп, 13.53-те өртті толықтай сөндірген. Автобустың ішінде болған 16 жолаушы өз күшімен сыртқа шыққан. Басқарма өрттен зардап шеккен адамдар жоқтығын мәлімдеді.

Жалпы 1 ақпандағы мәлімет бойынша, Қызылордада 14 өрт фактісі тіркеліп, 1 млн 620 теңге шығын келген. Оның ішінде 4 өрт автокөліктің жануы ретінде тіркелген. Ал қоғамдық автобустың шығындары есептелуде.

«Қызылорда автобус паркі» ЖШС-ның мәліметінше, серіктестік теңгерімінде 135 көлік тіркелген. Алайда қоғамдық көліктердің техникалық жағдайының төмен болуына байланысты жылжымалы құрамды жаңалау жоспарланып отыр. Теңгерімдегі қоғамдық көліктер жоспарға сәйкес әр 6 ай сайын техникалық тексерістен өтеді. «Автобустардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 10000 шақырым сайын техникалық байқаудан өткізіліп, жүргізушілер мен жауапты қызметкерлерге тиісті оқу жүргізіледі, күнделікті нұсқаулықтар жасалады», – делінген серіктестік мәліметінде.

Ал қоғамдық көліктен шыққан өрт туралы серіктестік төмендегіні мәлімдеді: «1 ақпан күні №18 бағыттағы қоғамдық автобустың қозғалтқышынан белгісіз себептен өрт шыққан. Автобус жүргізушісі қауіпсіздік шараларын дер кезінде қолданып, автобус ішінде болған барлық жолаушыны сыртқа шығарып, өртті сөндіруге тиісті шаралар қолданған. Дегенмен автобус жартылай өртеніп кеткен. Оқиға орнына төтенше жағдай басқармасының арнайы құтқару тобының қызметкерлері өрт сөндіру автокөлігімен келіп, өртті толықтай сөндірген. Қазіргі кезде өрттің шығу себебін нақты анықтау мақсатында өрт-техникалық сараптамасы тағайындалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде».

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: