Сенбі, 27 сәуiр, 08:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Әкім назарында: тіл тазалығы, баға, қоғамдық көлік сапасы

29.05.2021

2580 0

Қаладағы қоғамдық көліктер қызметі мен мемлекеттік тіл саясаты бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар және ауыл шаруашылығы төңірегіндегі түйткілді мәселелердің шешімі қандай? Бұл туралы қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен аппараттық жиында тиісті мекеме басшылары егжей-тегжейлі хабарлады.

Қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілістің күн тәртібінде қаралған үш мәселеде де осы жұмыстар жан-жақты талқыланды.  

Бас шаһарда тіл мәселесі қандай?

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязовтың айтуынша, қаладағы мекемелерде іс-қа­ғаздар мемлекеттік тілде жүргізіліп келеді. Қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің құжат айналымдарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне ай сайын тұрақты түрде мо­ниторинг жүргізіліп келеді. 2020 жылдың қорытындысымен мемлекеттік тілде шығысталған құжат айналымы 100 процентті құраған. Сондай-ақ қала тұрғындарының үш тілді қатар меңгеру деңгейі артып келе жатқаны айқын аңғарылады. Атап айтар болсақ, халықтың 99,2 проценті мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Орыс тілін 88,9 проценті, ағылшын тілін 23,1 проценті игергені анықталып отыр. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен ауыстыру жөнінде арнайы жоспар бекітіліп, соған жұмыстар жүргізілуде. Латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу бойынша жаңа әліпбидегі емле ережесін меңгеру мақсатында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және арнайы курстар, семинарлар мен дәрістер өткізу жоспары бекітілген. Мәдениет бөлімі мамандарымен қала көшелеріндегі көрнекі ақпараттардың орналасу заңдылығына мән беріліп, дүкендер мен дәмханалардың, сауда орындары мен сұлулық салондарындағы атаулардың маңдайшасына ілінген жарнама жазулардың заңнама талаптарына сай орындалуын қадағалау мақсатында мониторинг жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Оның ішінде биыл 320 нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 25 нысанның жарнамасы қайта өзгертіліп, ҚР «Тіл туралы» заңының талаптарына сәйкестігі нақтыланды.

Сонымен қатар қала көшелеріндегі аялдамалар ақпараттық танымдық тақырыпта қазақтың ұлы тұлғалары мен тарихи оқиғалар жайлы қанатты сөздермен безендіріліп, «Мобильді кітапхана» жобасындағы электронды кітап сөрелерінің QR-кодтары ілінген. Мұның барлығы қала халқының мәдениетін арттырып, тарихымызды танып білуге, уақытты оңтайлы пайдалануға үндейді.

Шаһар басшысы сала жетекшісіне осы тұрғыдағы жұ­мыстарды одан әрі дамыту қажеттігін, атаулары шет тілінде жазылған кәсіп­керлік нысандарды заңға сәйкес рет­теу бойынша түсіндірме жұмыстарын ширатуды міндеттеді.

Салаға серпін қажет

Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулет Әбдірасулов агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жайын атап өтті.

Оның айтуынша, қалада агроөнеркәсіп кешенін дамытуда атқарылған жұмыстар тиісті деңгейде толыққанды жүргізілуде. Биыл «Сыбаға» бағдарламасымен 125 бас асыл тұқымды аналық және 3750 бас аналық қой сатып алу жоспарланған. Қала бойынша бүгінгі күнге дейін барлығы 599,0 тонна ет, 986,3 тонна сүт, 38,7 мың дана жұмыртқа өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім көрсеткіші бар екендігін анықтап отыр. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында қалаға қарасты Қосшыңырау, Қызылжарма ауылдық округтерімен Белкөл кентіндегі шаруа қожалықтары жұмыс істеуде.

Сала басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған қала әкімі салаға серпін қажет екенін атап өтіп, жұмыстың баяу жүріп жатқанын жеткізді. Межелі жұмыстарды жоспарға сай жүзеге асыруды тапсырып, қосымша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларына тұрақты түрде бақылау жүргізіп, баға тұрақтандыруға бағытталған нақты шаралар қабылдауды жүктеді.

Жүргізуші мен кондуктор этиканы біле ме?

Қала аумағындағы қоғамдық көлік қыз­меті күн тәртібінен түспей тұрған мәселе. Аппа­раттық мәжілісте түйткілді мәселенің түйінді тұстары бүкпесіз баяндалды.

Өзекті мәселеге қатысты қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев қоғамдық көліктердің жол сызбасын оңтайландыру жұмыстары қайта жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сала басшысының сөзінше тиісті жұмыстар аяқталған жағдайда қаланың Белкөл кентінің екінші жақ беті, Бәйтерек, Саяхат мөлтек аудандары мен қалаға қарасты ПМК-29, ПМК-66, Сабалақ, Ягодка, Пищевик саяжайларын толыққанды қоғамдық көлікпен қамту мүмкіндігі артпақ.

Шаһар басшысы қоғамдық көлік мәсе­лесі жол сызба жұмыстарын жүргізумен шешілмейтіндігін қадап айтты. Жауапты мамандарға қоғамдық көліктердің тұрақты, уақытылы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, күнделікті бақылау шараларын күшейтуді қажет деп ұғындыру керек екенін атап өтті. Сонымен қатар барлық қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторларға жұ­мыс барысында этика сақтауды түсіндіру қажет­тігін  азаматтардың өтініштерін қарау кезінде тиянақтылық танытып, тұрғындарды әуре сарсаңға салмауды тапсырды.

Р.S. Мәжіліс соңында Ғанибек Қонысбекұлы тапсырмалардың ме­желі уақытта және нәтижелі орын­далуын өз бақылауына алып, жеке қадағалайтындығын жетікізді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: