2021 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке дәрігерлік сараптама комиссиясынан небәрі 343 шақырылушы өткен. Оның 297-і әскери қызметке жарамды деп танылса, 32 жас бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз деп танылған. 14 адам денсаулығына байланысты шақырылудан кейінге қалса, 38-і қайта тексерілуге келмеген. Одан бөлек, үйіне «пәуескі» келсе де медициналық тексерілуге келмегендер бар. Бұл туралы бүгін қала әкімдігі жанындағы баспасөз орталығында өткен брифингте айтылды.
Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, полковник Алмас Чункунов 2003-1994 жылғы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Оған қала әкімі шешімімен қалалық шақыру комиссиясы құрылып, азаматтардың денсаулығын тексеруге дәрігерлер және шақыру учаскесіндегі тәртіпті сақтау мақсатында бір полиция қызметкері тартылған. Осылайша, ҚР Қарулы күштеріне жастарды толықтыру жоспарына сай Қызылордадан 143 азамат әскерге аттандырылған.
Оның ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі 16 адамға тапсырыс берсе 14 адам жөнелтілген. ҚР Қарулы күштері 87 сарбазға тапсырыс беріп 65-і және ҚР Ұлттық Ұланы берген 92 тапсырыстың 64-і орындалған. Ал ҚР Мемлекеттік күзет қызметі 4 адамға тапсырыс беріп жоспар орындалмаған. Осылайша, 199 тапсырыстың 143-і, яғни 71,8 проценті орындалған. Бұл көрсеткіштің төмендігінің өз себеп-салдары бар. Ол туралы қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы баяндап берді.
– Ең алдымен, басқармада әскери есепте тұратын шақыртушылар тұрғылықты мекен-жайында болмайтыны қиындық тудырады Бірі басқа қалаға жұмыс бабымен кетсе, өзгесі шет мемлекетте жүруі мүмкін. Тіпті ата-аналары «баламыздың қайда екенін білмейміз» деген жауап беретін кездер де болады. Сондай-ақ шақыртушылардың денсаулығында кінәрат болып, оларды шақырту кейінге қалдырылатын факті көп. Мұның барлығы Отан алдындағы қызметке жауапсыз қарауы, патриоттық сезімнің болмауынан, – дейді полковник Алмас Тілеуқабылұлы.
Осы туындаған мәселеге байланысты өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамыту, оның ішінде «Жастар арасында әскери-патриоттық шара ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі қолға алынған. Осы мақсатта қала жастарына бірнеше арнайы шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергенов мәлімдеді.
– Қаладағы 324 мың тұрғынның 63 мыңы 14-29 жас аралығындағы жастар, яғни жастар қала халқының 19,5 пайызын құрайды. Жастар саясатын дамыту мақсатында 7 жобаға 15 млн 899 мың теңге бөлінді. Сол жобалардың ішінде жастар арасындағы патриоттық сезімді ояту, әскери қызметке баулу мақсатында атқарылатын шаралар да бар. Мәселен, жастарды әскерге шақыру бойынша бейнероликтер әзірленіп, әскерден келген сарбаздармен сұхбат, тікелей эфирлер ұйымдастырылады және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының штабы құрылады. Одан бөлек, жыл соңында қала әкімінің қатысуымен «Міндет. Абырой. Ерлік» тақырыбында қалалық әскери-патриоттық форум ұйымдастырылады, – дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Жалпы Отан алдындағы қызмет – әр Қазақстан азаматының парызы. Десе де жыл санап әскерге баруға дайын жастар саны азайып, азаматтық міндетінен бой тасалап жүргендер қатары артуда. Бұған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы айтқандай, 10 шілдеде басталған күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарына 869 азамат шақырылып, оның тек 178-і келгені дәлел.
Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма жастарды әскерге шақырту үшін тынбай жұмыс істеуде. Бұл қатарға ішкі саясат бөлімі де қосылып, жас қызылордалықтарға әскери борыштың маңыздылығын түсіндіруге кіріспек. Ендігі кезек тек жастардың Отан алдындағы міндетін түсініп, қарулы күштер қатарын толықтыруында.
А.НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!