– Жобаның екінші кезеңі саналатын оң жағалаудағы Бейбарыс сұлтан көшесінен гидротоспаға дейін ұзындығы 2,5 шақырым жол құрылысы да аяқталды. Сондай-ақ көлік ағынының артуына байланысты былтыр Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының Бейбарыс сұлтан көшесінен бастап Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралығындағы екі жолақты жол төрт жолаққа кеңейтілді. Осы жұмыспен бірге дария бойындағы 8 демалыс аймағы халыққа қолайлы етіп қайта абаттандырылды. Екіншіден, биыл жағалауға қатысты үшінші жоба іске асырылды. Ол дария бойымен, яғни Әбілқайыр хан көшесінен М.Саламатов көшесіне дейін ұзындығы 2,9 шақырым жол салынды. Бұл жобада да дария бөгетін нығайту, веложолақ, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары қатар жүрді, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бердібек Шөкенов.
Шаһардағы тағы бір инфрақұрылым – Сырдария өзенінің сол жағасындағы жаяу жүргіншілер және веложол. Бейбарыс сұлтан көшесіндегі көпірден бастап Тасбөгет кентіндегі гидротоспаға дейін жалғасатын құрылысқа жағалаудағы қорғаныс бөгеттерін нығайту да кіреді.
– Құрылыс сәуір айында басталды. Қазір дария жиегінде бөгет көтеру, өзен жағасын бекіту жұмыстары қарқын алды. Сондай-ақ биіктетілген бөгетті су шаймау үшін арнайы тас төселуде. Осы жұмыстардан соң ені 6 метрлік жүргіншілер жолы мен веложол құрылысы да басталды. Бұған қиыршық тас пен топырақтан бөлек, үстіңгі бетіне асфальт төселетіні белгілі. Жалпы жолдың ұзындығы 2,5 шақырымнан асады, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Тілеухан Насырадин.
Құрылысқа жауапты мердігер – «Қаратас Майнинг» ЖШС. Жобаға 3 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жауаптылардың сөзінше, дария жағасындағы жол құрылысы аяқталған соң арнайы қоршау қойылып, 110 жарықшам орнатылмақ. Сондай-ақ тұрғындар серуендегенде демалатын орындықтар, қоқыс жәшіктері және қауіпсіздік бейнекамералары қарастырылған.
Ендігі кезекте осы жобаның төртінші кезеңін жүзеге асыруға жоба-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Бұл жобада М.Саламатов көшесінен бастап Қ.Махамбетов көшесіне дейін дария жағалауымен жол құрылысын салу, Қ.Махамбетов, Марал ишан көшелерін екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту қарастырылған. Жолдың ұзындығы 2,4 шақырым, қазір қаржыландыру үшін облыстық бюджетке өтінім берілген. Қаржы бөлінсе, құрылысы да көп ұзамай басталады.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!