Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ақжарма: Интернеті жоқ ауыл

01.04.2023

1005 0

Қала әкімі Асылбек Шәменов өзінің тұрғындармен кезекті кездесуін Ақжарма ауылдық округінде өткізді. Жақында тағайындалған ауылдық округ әкімі Саттар Әбдіреевке ең бірінші кезекте халықпен етене араласып, бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Бұл ауылдағы кездесуде де күрмеулі мәселелер көтеріліп, басшылық оның шешу жолдарын қарастырды.

Ең бірінші кезекте ауыл тұрғыны Темірхан Жақыпов өткен жылы көтерілген, бірақ шешімін таппаған мәселені айтты. «2022 жылы кездесуге келгеніңізде ауыл­дағы байланыс жүйесін айтқан едік. Сол кезде сіз жауапты мамандарға тапсырма бердіңіз. Тапсырма орындалды – бірақ дұрыс емес. Ауылдың бір шетіне апарып қойып қойған. Орталықта мүлдем тарт­пайды. Шынын айтқанда, интернет үшін қалаға барамыз. Сосын электр есептегіш мәселелері де биыл шешімін тапқан жоқ. Өткен жылы қалай айттыңыз, солай қалды. Қала әкімінің тапсырмасын орын­дамайтындар біздің өтінішімізді еле­мейді де ғой. Есептегіштер бағананың басына бекітілген, қанша болғанын көре алмаймыз», − деп жеткізді мәселені.

Қала әкімі интернет жүйесінің сапа­сыздығы қалада да байқалатынын және бұл жүктеменің көптігімен тікелей байланысты екенін айтты. Цифрландыру басқармасына ұсыныс айтылған, олар модернизация жүргізіп жатқандығын жеткізген. Бірақ пайдаланушы көп болғандықтан осындай кемшілік болып тұр екен. Асылбек Өмірбекұлы өз сөзінде облыс әкімінің орынбасарына бұл мәселені шешу жөнінде ұсыныс білдіргенін жеткізді.

Ақжармалықтар сондай-ақ электр пайдалануды есептейтін құралдың кем­шілігін де алға тартты. Бір айдың қызметін төлеген соң 5-6 күнде аяқталмаған айдың есебі келіп тұратынын айтып, жаңадан қойылған есептегіштерді арыз жазып алып тастауды өтінді. Қала әкімі есептегіштерді бағанадан төмен түсіру жұмыстары қазіргі кезде Ақсуат ауылдық округінде жүріп жатқанын, Ақжармада үй құрылыстары жүріп жатқандықтан уақытша тоқтап тұрғанын айтты.

Ал қалалық электр тарату тораптарының мамандары: «Ол есептегіштер адам жұмысын азайту мақсатында автомат­тандырылған. Келесі айдың төлемі ерте келетіні банк системасына байланысты. Оларға ұсынымызды жеткіземіз. Адам көшеде жүріп тексермес үшін халық арыз жазса да алып тастай алмаймыз», − деп жауап берді.

Ауыл тұрғындары биыл ауылға көшет егуді жоспарлап отырғанын, дегенмен мал жеп қоя ма деп қауіптенетінін айтып, қоршау жасауға қала әкімінен көмек сұрады. Бұл өтінішке байланысты шаһар басшысы: «Өткен жылы әуежайдан шыққан біраз бағаналарды осы ауылдарға тараттық. Басқа ауылдардан қалған бағаналарды жинап, әкеліп береміз, еш қиындығы жоқ. Ал ауыл әкімі аяқсудың келуін тікелей бақыласын. Тұрғындар бірігіп, сенбілік өткізсе, арықтарды тазартса да жақсы болады», − деп жауап берді.

Ауылдағы егістік пен жайылымдық жерлердегі мәселе де көтерілді. Көп аумақ егін егуге берілгендіктен мал жайылатын жер жеткіліксіз. Тұрғындар ауыл әкімінің бұл мәселені шешуге күші жетпейтінін де айтты. Кей үйлерге тіпті егістік жер жақын екені, ол жерге у себілетіні, оның зиян екені айтылды. «ҚазСуШар» РМК филиалының басшысы Жорабек Нұрымбетов те заң­дылығында егістік ауылдан алысқа салыну керектігін жеткізді. Бұл мәселені қала әкімі Асылбек Шәменов аппарат басшысына хаттамаға енгізуді тапсырып, шешілу жолдарын ертерек қарастыратынын айтты.

Жиында ауылдағы амбулатория, медпунктегі дәрігер жұмысына сын да айтылды. «Біріншіден, дәрігердің қай кезде келіп-кететінін ауыл тұрғындары білмейді. Сосын анализдің барлығын қалаға барып тапсыруға мәжбүрміз. Алда салынатын амбулаторияға анализді ауылда-ақ тап­сыратындай етіп жасауға мүмкіндік бар ма?» − деп сұрады Тамаша Бегманова мен Ләззат Досжанова есімді тұрғындар.

Қала әкімі дәрігердің жұмыс кестесін ауыл тұрғындары білуі тиіс екенін айтып, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына ескертті. Басқарма басшысы­ның орынбасары Жангелді Шайымбетов те: «Қазіргі мендпунктте анализ тапсыруды ұйымдастыру мүмкін емес. Ал амбулатория қызметін бастағанда аптасына бір рет болса да қаладан арнайы мамандар жіберіп отыруға мүмкіндік бар», − деп жауап берді.

Жиында ауылда амбулатория салуға бөлінетін 422 млн теңгенің бүгінде 128 млн теңге қаржы бөлінгені де айтылды. Қаржысы толық бөлінсе, биыл амбулатория құрылысын аяқтауға мүмкіндік бар екен. Сонымен қатар жаттығу жасауға мектеп спорт залына ауыл жастарын кіргізбейді деген шағымға байланысты Асылбек Өмірбекұлы мектеп басшылығына кесте ұйымдастырып, жаттығу жасатуын тап­сырды және бұл мәселені өз бақылауында ұстайтынын айтты.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: