Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 08:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Бір қазақ үйлі болса қуанамын

22.11.2022

704 0

Мына қоғамда бір баспанаға зәру отбасы аз емес. Әркімнің босағасын аттап, біреудің үйінің есігінің алдындағы уақытша баспананы жалдап жүргендердің санын дәл айту да қиын. Долбармен мынша деуге де болмайды. Пәтер жалдап жүргендері қаншама. Оның басым көпшілігі қазақ екенін естен шығармау керек. Осыдан тура 11 жыл бұрын, егемендігіміздің 20 жылдығында «Тәуелсіз елміз деп шаттанамыз, Несіне жетісіп мақтанамыз? Үйсіз, күйсіз қаңғыбас қазақтарға, Толып кетті Алматы мен Астанамыз», – деп өлең шығарып, шымбайға батқан баспана жайын шырқырата жырлаппыз. Одан бері де 10 жылдан астам уақыт өтті. Мыңдаған отандасымыз баспаналы болды.

Тұрғындарды баспанамен қамту бойынша Сыр елінде де атқарылған іс аз емес. Соның бір дәлеліндей жуырда Сырдария өзенінің сол жағалауында 40 пә­терлі үй ел игілігіне берілді. Бұл үйдің көпбалалы отбасыларға берілгенін атап өткен жөн.

Көпқабатты үйді игілікке беріп, тұрғындарына пәтер кілтін табыстау салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ел ағалары қатысты. Аймақ басшысы 40 пәтерлі жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үйді тарту етіп, көпбалалы отбасыларды қоныс тойымен құттықтады.

– Туған жеріміз Қызылорда қаласы соңғы уақытта қарқынды құрылыс аймағына айналды. Зәулім ғимараттар бой түзеп, жаңа ықшам аудандар салынып, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті. Нәтижесінде облыс орталығы соңғы уақытта қарқынды құрылыс аймағына айналды. Бүгін салтанатты түрде сол жағалау аймағынан іргесі көтерілген жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үйді жерлестерімізге тарту ету үшін жиналдық.Шаңырақтарыңызға шаттық орнап, әр отбасына жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін, – деді облыс басшысы.

Шарада қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев тұрғындарды қуанышымен құттықтап, ақ тілегін арнаса, баспаналы болған аналар атынан сөз сөйлеген Әйгерім Нұрадинқызы шексіз қуанышқа кенелгенін жасырмады.

– Мен 5 баланың анасымын. Бүгін қонысқа кіріп, қуанышқа кенелудеміз. Қобалжып та тұрмын. Балаларымның жылы әрі кең үйде тұрып, лайықты білім алғанын қалайтынмын. Шүкір, баспаналы болу бақытын біз де сезіндік. Шаңырағымызда тек жақсылық орнасын, – деді ол ағынан жарылып.

Айта кетейік, «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есебінен 2600 шаршы метрді құрайтын 5 қабатты 40 пәтерлік арендалық тұрғын үй ұзақ жылдан бері кезекте тұрған көпбалалы аз қамтылған отбасыларға берілді.

Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 683 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1764 пәтерді құрайтын 41 тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 1044 пәтерді құрайтын 26 тұрғын үй жыл аяғына дейін ел игілігіне берілмек.

Несін жасырамыз, бір қазақ үйлі болса қуанамыз. Үйсіз қазақ көрсек, жүрегіміз ауырып, қалай көмек берсек екен деген ойға шомамыз. Бұл – халқын, Отанын шын сүйетін, қастерлейтін, қадір тұтатын әр азаматтың жүрек түкпіріндегі сөз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: