Бейсенбі, 29 шiлде, 14:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59 (1761)
26.07.2021
PDF мұрағаты

Далада дүбір басталды

01.05.2021

3165 0

Ақмаржанымен аты шыққан Сыр елінің ырысы күріші екені белгілі. Сол себепті де Қызылорданы былайғы жұрт күрішті өлке деп біледі. Бейсенбі күні қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінің егіс алқабына алғашқы дән себілді. Даладағы дүбірлі шараға қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қатысып, жаппай күріш егу науқанын бастады.

– Биыл көктемгі дала жұ­мыстары уақытылы, жоспарға сәйкес басталды. Техникалар көктемгі дала жұмыстарына қа­тысуда. Дихандарымыздың еңбегі еселеніп, мол өнім жинауға күш салуымыз керек, – деді қала әкімінің орынбасары.

Биыл қала дихандары жалпы аумағы 8 мың 750 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді межелесе, оның ішінде 3 мың 835 гектарға күріш егіледі. Сонымен қатар 419 гектарға бидай, қант құмайын – 40, арпаны  – 10, сұлыны – 5, мақсарыны – 40 гектар  аумаққа ексе, мал азықтық дақылдарды 1618 гектарға, көкөніс, бақша дақылдарын 2783 гек­тарға егуді жоспарлап отыр.

Сыр маржаны жерге себілген соң еңбек ардагері Жұтшыбай Аязбаев еңбеккерлерге батасын беріп, егіннің бітік шығуын тіледі.

Биыл дихандар күрішті көшеттеп егуді жүзеге асырмақ. Қазақ күріш ғылыми зерттеу-институтының ғалымдары шөлге төзімді күріштің жаңа түрін шығарған. Ол – «Сыр сұлуы» сорты. Ол басқа сорттарға қарағанда әлдеқайда ерте піседі. Бұл туралы Ы. Жақаев атындағы Қазақ Күріш ғылыми зерттеу-институтының басшысы Нұрбол Аппазов айтты.

– «Сыр сұлуы» сорты бүгінде таратылуда. Бұл сорт 110 күнде пісіп шығады. Ең бастысы, суды үнемдейміз. Сондай-ақ біз ұзақ жылдар бойы сөз етіп келе жатқан күрішті көшеттеп егу тәсілі қолға алынды. Осы тәсілмен күріштің үш түрін 300 гектар аумаққа отырғызу жоспарда бар. Күріш дақылы ең алдымен жылыжайда бір ай өсіріледі. Одан кейін көшеттеп, егіс алқабына егіледі. Бұл тәсілді қолданғанда көшеттердің са­пасы жоғары, аурулар мен зиян­кестерден тазарған, мықты болып келеді. Мұндағы ерекшелік тұқымның жоғалуын үнемдейміз, өнімділігі артатын болады Бұл тәсіл Шығыс Азия елдерінде кең тараған. Ең алғаш рет Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу-институты қолға алып отыр, – деді институт директоры.

Көктемгі дала жұмыстарының уақытылы басталып, сапалы жүргізілуі үшін қажетті шара­лар қабылданған. Айта кетейік, қаладағы ауыл шаруашылығы көктемгі дала жұмыстарына қаты­сатын 80 трактор, 21 тіркеме құрал, 21 соқа, 9 дән сепкіш және 5 жүк көлігі бар. Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дизель отынына қажеттілік 514 тоннаны құрап отыр. Қала бойынша «РК-Мұнай» және «Нефть-Транс Қызылорда» тасымалдаушы операторлары бекітіліп, қазіргі таңда 250 тонна арзандатылған дизель отыны алынған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: