Жұма, 19 сәуiр, 19:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Елдің алғысын арқалағанның болашағы жарқын

07.02.2021

6515 0

Аптаның сәрсенбісінде Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоғамдық кеңес алдында есеп беріп, өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралады. Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында өткен шараға қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат хатшысы, қала әкімінің орынбасарлары мен кент және ауылдық округ әкімдері, бөлімдер мен мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Барлық санитарлық талап сақталған жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Серік Дүйсенбаев жүргізді.

Елбасының бастамасымен өмірге кел­ген жаңа бағдарламалар және тың идея­лардың ықпалымен, сондай-ақ Мемлекет басшысының халықтың тұрмысын жақ­сартуға негіз болған Жолдаулары аясында Сыр өңірінің орталығы – Қызылорда қаласында маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұған Сыр бойындағы атқарылған жұмыстарды дәлел етуге болады.

Қоғамдық кеңес алдында есепті баян­дама жасаған шаһар басшысы ынтымағы жарасқан елдің көптен көші озатынын тілге тиек етті.

Жалпы 2020 жылы Қызылордада аз тір­лік атқарылған жоқ. Пандемия барлық мемлекет үшін сынақ кезеңіне айналды. Осы сынақ кезеңінде елімізде дағдарысқа қарсы жедел шаралар қабылданды. Осы ретте, уақытша табыссыз қалған тұрғындарға 42 мың 500 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Бес мыңға жуық отбасыға азық-түлік және тұрмыстық заттармен көмек көрсетілді. Елбасы – «Nur Otan» партиясы төрағасының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы аясында қаладағы 19 мың 687 отбасы біржолғы қаржылай көмекке ие болды.

Індет күшейген кездегі атқарылған шараларды тілге тиек еткен қала басшысы кәсіпкерлер, еріктілер, қоғам белсенділері, жастар жалпы елдің жанашыр азаматтары коронавирусқа қарсы күресте тасада қалмай, көпке көмек қолын соза білгенін айтты.

Қаладағы әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шеші­мін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында тиісті жұмыс атқа­рылуда.

Қала әкімінің баяндамасындағы мәлі­меттерге сүйенсек, өткен жылы жұмыс жоспарының негізгі басымдықтары – жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экономиканы әртараптандыру, халық сұранысын қанағаттандыру жолында жасампаз жобаларды жүзеге асыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті және халықаралық қаржы ұйымдарын тарту арқылы инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелер болды.

2020 жылдың басында Қызылорда қала­сының бюджеті 69 млрд теңгеге жуық болса, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 94 млрд теңгені құраған.

Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көле­мі 480 млрд теңгеден асып, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артығымен орындалған. Облысқа салынған инвестицияның 50 проценттен астамы Қызылорда қаласының үлесінде екенін айта кеткен жөн. Қаладағы құрылыс жұмыстарының көлемі 58 млрд теңгеден асса, өткен жылмен салыстырғанда орын­далу көрсеткіші едәуір артқан. Облыс көлемінде атқарылған құрылыс жұмыс­тарының 54,5 проценті Қызылорда қала­сына тиесілі. Қаржыландырудың барлық көздері есебінен 2020 жылы жалпы ауданы 371 мың 314 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.  Жыл көлемінде 1342 қызылордалық баспаналы болса, 2 мың 380 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Баяндамасына осы негіздегі мәлімет­терді арқау еткен қала басшысы мемлекеттік бағдарламалар аясында нендей тірлік жасалғанын жеткізді.

Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, қалалық инже­нерлік-коммуникациялық инфрақұры­лы­мды дамыту және жайластыру мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден 19 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, тиісті жұмыс орындалған. Бұдан бөлек «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2020 жылы 2 млрд теңгеге 37 көпқабатты тұрғын үйге  күрделі жөндеу жасалды. Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда да жаңа жобалар жүзеге асты. Өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 9 млрд теңгеден астам қаржыға 408 көшеге ағымдағы, орташа және күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Рес­публикалық, облыстық бюджеттен бөлінген 1,5 млрд теңгеге Тәуелсіздік даңғылының жалғасы саналатын С.Бейбарыс көшесінен Қызылжарма ка­налына дейінгі аралыққа магистралды көше құрылысы басталды.

Сыр өңірінің аграрлы аймаққа жататыны белгілі. Қызылорда қаласы бойынша ауыл шаруа­шылығы саласында да ауыз толтырып айтарлық жұмыс бар. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 9,4 млрд теңгені құрап, өнім көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 102 процентке артығымен орындалды.

Облыс бойынша нақты жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 47,7 проценті Қызылорда қаласының үлесінде. «Индустриалық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдар­ламасына сай қалада өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жалпы құны 67,5 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылғанда мыңнан аса қызылордалық жұмыспен қамтылады. «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы негізінде бүгінгі таңда жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 161 жоба қаржыландырылса, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша комиссия ше­шімімен құны 56,5 млн теңге болатын 30 тұр­ғынның жобасы қолдау тапты. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несиелеу арқылы өткен жылы құны 968 миллионнан астам теңгеге 13 жоба қаржыландырылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағытындағы бағдарламаға қатысушыларды қысқа мерзімді кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен бөлінген 114,3 млн теңгеге қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 659 азамат жолданды. Оның ішінде 609 азамат оқуды аяқтап, 425-і жұмыспен қамтылды.

Бағдарламаның екінші бағыты – кәсіп­керлік бастамасын қолдау бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Өңірлік инвестиция» орталығы, «Микро­қар­жылық» ұйымы арқылы 125 азаматқа  615 млн теңге­ден астам несие берілді. Ал «Жаңа бизнес идея­ларды» іске асыру бойынша 1355 азамат 750 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алды. 

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша қоғамдық жұмыстарға 598 млн теңге бөлініп, 2511 адам  қоғамдық жұмысқа тартылды.

Жастар тәжірибесі бойынша 575 мекемеге 1 мың 838 жас маман жолданды. Оның ішінде 19,5 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты.

Қалада білім беру нысандарының саны жыл сайын артуда. Жыл соңында Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық мектеп пайдалануға берілсе, инвестор есебінен 500 орындық «Зерде» жеке мектебі өз жұмысын бастады. Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында қала тұрғын­дарының сұранысына сәйкес Бәйтерек шағын ауданында 600 орындық мектеп құрылысы, Саяхат мөлтек ауданынан 300 орындық тағы бір білім ұясының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде Қызылорда қаласында дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға арналған 684 спорттық нысан бар.

Жалпы Қызылордада атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Ауыз толтырып айтатын нәтижелі тірліктің бірі ретінде қала орталығындағы медициналық ұйымдарға жасанды тыныс алу аппараттары мен оттегі концентраторларын алу үшін қала әкімінің құрылыс компанияларын біріктіре білгенін айтуға болады. Шынында да, пандемия белең алған шақта Қызылордадағы құрылыс компанияларын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырған басқа емес қала әкімі екенін айта кеткен дұрыс болар. Тағы бір атап өтерлігі, шаһар басшысының халық үніне құлақ асып, қоғамдық көліктегі жол жүру ақысын қымбаттатпай бұрынғы тарифті сақтау туралы шешімі де көпті қуантқан іс болды. Бұдан бөлек Қызылорда қаласының жылу беру маусымына жылдағыдан ерекше әзірленгенін, жылуды ертерек қосқанын да айта кеткен ләзім. Сондай-ақ Қызылордада саябақтарды дамытып, көгалдандыру жұмысына да ден қойылған. Өткен жылы «Сыр-Ана» монументі жаңғыртылып, «Дәрігерлер» аллеясы мен «Денсаулық» саябағы ашылды. Ең бастысы, қалада тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Соның әсері болуы керек, соңғы жылдары қала халқының саны едәуір артып келеді.

Қала әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспармен таныстырған соң қоғамдық кеңес мүшелері сөз алып, жасалған жұмысқа оң бағаларын берді. Белгілі журналист, қоғамдық кеңес мүшесі Сәрсенкүл Бихожа Қызылордадағы халықтың билікке сенетінін жеткізсе, қоғамдық кеңес мүшесі Ерік Теңізбаев қаламыздың күн санап құлпырып келе жатқанын айтты. «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов қалада қыруар тірлік атқарылғанын, ең бастысы шаһар басшысының елдің сенімінен шыға білгенін айтса, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев өткен жылы қала әкімдігіне қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық сипатындағы деректердің тіркелмеуінің өзі үлкен жұмыстың нәтижесі екенін алға тартты.

Сұлу Сырдың бойында орналасқан әсем қала – Қызылорда күн санап құлпырып келеді. Қала көшелері кеңейген, жарықтандырылған, сымбаты артқан.  Бір сөзбен айтқанда, қазір Қызылорда жаңарды, жасарды, ерекше кейіпке енді. Ең бастысы, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар көптің көңілінен шығуда. Ауыз суы үйіне дейін барған, жолы жөнделген, шаңырағын табиғи газбен жылытып отырған жұрт атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, алғыстарын жаудыруда.  

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: