Жұма, 27 желтоқсан, 08:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кешікпей келетін ең…

26.10.2021

1124 0

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші қоғамдық көлік жыры әлі де шешілер емес. Соңғы жылдары дауға айналған бұл мәселе қала тұрғындарының көңілінен шықпай жүр. Олардың топырлатып адамды тиеп алып, жылдамдықты арттыруы, кешігіп келуі тағы басқа да себептері жетерлік.

Халық қанша наразылық білдіріп, БАҚ жарыса жазғанмен еш нәтиже жоқ. Баяғы жартас – бір жартас.

Әйтеуір қоғамдық көлік сапасына қарапайым халықтың өкпесі қара қазандай. Соңғы жылдары жаңадан үлкен сыйымдылықтағы автобустар алынып, біршама жаңарды. Оны жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда дәл қазіргі кезде қоғамдық көлікті құда күткендей ұзақ күту жетер жеріне жеткендей. Күндіздің өзінде қолға түсе бермейтін автобусты, кешке тіпті ұстай алмайсың. Сөздің шыны. «Кешікпей келетін ең» деп жолға телмірумен бар уақытың өтеді. Бүгінде оқушылар сабаққа кешікпеу үшін амалсыздан таксиге мініп жүр. Бұл жағдай ата-аналарды алаңдатуда.

Қазіргі кезде қала бойынша 33 бағытқа, барлығы 585 автокөлік екі ауысыммен жұмыс істейді. Оның ішінде 501 қоғамдық көлік жеке тұлғалардың меншігінде. Байқасаңыз, қоғамдық көліктердің көбі үлкен сыйымдылықты автобустар. Жасыратыны жоқ, бұл мәселенің бір арнаға түсуі қиындау болып тұр.

Мәселен, жеке адамдарға тиесілі кейбір қоғамдық көліктерді демалыс күні таба алмайсыз.

– Олар жұмысқа шыққысы келсе шығады. Аялдамада бір-бірін күтіп, жарты сағатқа дейін тұрады. Тіпті арасына сағаттап уақыт салып келетін бұл маршруттар тек адам қозғалысына, жұмыс күндеріне сай қызмет етеді. «Тұра бермей жүрсеңдерші» деген халықтың сөзіне шытынап, не істей аласың дегендей одан сайын ерегіседі. Мұндай жағдайға күнде болмаса да күнара кезігіп жүрміз, – деді қала тұрғыны Жамал Сермаханова.

Амалсыздан діттеген жерге аман-есен жетсек екен деп іштей иманын үйіріп, тілін кәлимаға келтіріп отырады. Айтпасқа амалың жоқ, жеке автобустағы жүргізушілер мен кондукторлар тым дөрекі. Одан қалды жүргізуші ұялы телефонмен сөйлесіп отырады. Сондай-ақ бір-бірімен адамға таласып, жарысады. Олардың бұл әрекеті қанша адамның өміріне кесірін тигізсе де қояр емес. Осының бәрін билік біліп отырса да тізгіндейтін амалдың табылмай отырғаны өкінішті.

Десе де күн тәртібінен түспей тұрған қоғамдық көліктің мәселесін қала әкімі Ғанибек Қазантаев май шаммен қарауға кіріскен сыңайлы. Өткен жексенбіде қала әкімінің қатысуымен коммуналдық салалардың мәселелері талқыланды. Оның ішінде біз көтеріп отырған мәселе де бар.

Қала әкімі Қызылорда автобус паркіне барып, арнайы жиын өткізді. Кездесу барысында аталған мекеменің негізгі мәселелері жан-жақты сараланып, қаржылық жағдайы мен оны оңалту жолдары талқыланды.

Мекеме басшысының айтуынша, бүгінде парк теңгеріміндегі автобустардың 50 проценті күнделікті бағытқа шығады. Мекеменің толық құрамда жұмыс жасамауының негізгі себебі – қоғамдық көліктердің жиі бұзылуы. Тапсырыс берілген қосалқы бөлшектердің шет мемлекеттен мерзімінде келмеуі болып отыр. Мұның барлығы күнделікті түсімге әсер етіп, сапалы қызмет көрсетуге кедергі келтіруде екен.

Осыған орай қала әкімі сала басшыларына «Қызылорда автобус паркі» ЖШС әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырма берді. Сөйтіп 10 күннен кейін оның орындалуына қайта оралатындығын ескертті.

Қала әкімінің бұл мәселеге бей-жай қарамай, қолға алғанына қуандық. Түйткілді мәселенің түйінін тарқататын кез келген сияқты. Әрине, он жылда шешілмеген мәселе он күнде шешіледі дегенге сену қиын. Дегенмен жақсыдан үміт үзбейміз.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: