Сарып (бруцеллез) – бұл адамдар мен малдың төменгі температура мен дымқыл ортаға тұрақты ұсақ микроағзалармен жұғатын жұқпалы ауру түрі, көбіне созылмалы түрде өтеді.
Қоздырғышы: аурудың қоздырғышы Вruсеllа туысына жататын бактериялар. Көңде – 75 күн, жерде – 3 ай, қойдың жүнінде – 3-4 ай, сүтте – 20-70 күнге дейін сақталады. Бірақ қайнатқан кезде бірден жойылады.
Жұғу жолдары: Қоздырғыш көзі ауылшаруашылық малдары (ұсақ және ірі мүйізді жануарлар, шошқалар), кей жағдайда ит пен мысықтан жұғады. Жануарларда бұл ауру белгілерсіз, жасырын өтеді, бірақ бруцелла зәрмен, нәжіспен, сүтпен бөлініп шығады. Ал адамдар ауруды осы малмен байланыста болғанда және зарарланған тамақ өнімдерін (сүт, қаймақ, ірімшік, сары май т.б.) қолданғанда, тері бүлінуі арқылы (мал тудырғанда, мал сойғанда, жүн қырқу) жұқтырып алады. Мал дәрігерлері, қасапшылар арасында жиі кездеседі. Десек те, бруцеллезбен ауырған адам қоздырғыш көзі емес. Жұқтырған адам қатты ауырады және ұзаққа созылады. Сарып ұзаққа созылып қайталана беретін ауру болғандықтан көп жағдайда адам жұмысқа жарамайтын мүгедек болып та қалады. Сарып ауруы негізінен кәсіпшілдік сипат алып келеді.
Белгілері: Жіті бруцеллез ауру жұқтырғаннан кейін аурудың бірінші белгілері 1-3 аптада білінеді, кейде бірнеше айдан кейін ауру біртіндеп басталады. Қызу 37°-тан 39-40°-қа дейін көтеріліп, 3-7 күн қалтырап, дірілдейді. Сонымен қатар, лимфа түйіндері ұлғаяды. Бұлшық ет және буындары ауырады. Осы орайда ескере кететін жайт, созылмалы сарып белсенді және белсенді емес болуы мүмкін. Белсенді түрінде қалыпты жағдайдағы адамда аздап қызу көтеріледі. Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тершеңдік буын мен бұлшық еттің ауыруы, бас ауруы, ұйқының бұзылуы белгілері болады. Созылмалы түрінде буын жүйке жүйесі, жүрек зақымданады. Аурудың жағдайы ауру белгілері байқалғанда күрт төмендейді.
Асқынулары: Тірек-қимыл аппараты зақымданады, соның нәтижесінде, бірнеше буын, негізінде ірі буындар және омыртқа (бел-сегізкөз) буындары мен омыртқасы қозғалысы шектеліп, ауырсыну пайда болады. Жүйке жүйесі, (радикулит), жыныстық жүйе бұзылады (еркектерде белсіздік, әйелдерде бедеулік). Ал, созылмалы белсенді емес бруцеллез – асқынусыз айлап, жылдап жүре беретін ауру.
Диагностикасы: Қан талдауы. Серологиялық тексерулер. Бруцеллезге диагноз зертханалық және рентгендік зерттеуден соң қойылады.
Емі: Антибиотиктермен ұзақ емделеді. Дәрігер бақылауы міндетті, өзін өзі емдеуге болмайды.
Алдын алу шаралары: малды уақытылы тексеріп, вакцинациялау, сүт пен ет өнімдерін міндетті түрде термиялық өңдеуден өткізу, жеке гигенаны сақтау.
Бруцеллезге ұшыраған малы бар шаруашылығында жұмыс істейтіндер арнайы халат, комбинезон, етік, резеңке қолғап сияқты, арнаулы киім кию керек. Түсікті немесе өлі туған төлді, оның қағанақ қабығы ман шуын жалаңаш қолмен ұстауға болмайды. Сонымен қатар жеке шаруашылығындағы мал күтетін адамдар жеке бас тазалығын сақтап, жылына 1 рет алдын алу тексеруінен өтулері керек.
Э.Кариева,
«Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» зертхана меңгерушісі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!