Бейсенбі, 26 желтоқсан, 05:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қаладағы кездесу: Талап-тілек орындалады

30.11.2022

920 0

Шаһар басшысы Асылбек Шаменов кезекті кездесуін қала тұрғындарымен кездесті. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен жиынға келген халыққа атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайы арнайы әзірленген ақпараттық слайдтар арқылы таныстырылды.

​Жалпы биылғы жылы біраз ауқымды шаруалар атқарылды. Барлық салада ілгерілеушілік бар. Бұған экономикалық көрсеткіштердің өсімі дәлел бола алады. Әлеуметтің әлеуеті де айтарлықтай артып, тұрмыс-тіршілік түзеліп келеді.

​Дегенмен, Қызылорда қаласының тұрғындары арасында пәтер кезегі мен шет аймақтағы жаяу жүргіншілер жолдарының жай-күйі мәселелері бар. Сұрақ-жауап форматындағы қала әкімімен кездесуде әңгіме барысы осы бағытта өрбіді.

​Негізі биыл облыс орталығында жол құрылысы қарқынды жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, 3,1 миллиард теңгеге 51 көшені орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Жаяу жүргіншілер жолдары мен жарықтандыру да қатар жүріп, тұрғындардың талап-тілектері орындалды. 

​Облыс әкімінің тікелей қолдауымен үлкен сыйымдылықтағы жаңа 150 дана автобустың бүгінде 82 данасы келіп, қалаішілік бағыттарда тұрғындарға қызмет көрсетуді бастады. Осылайша қоғамдық көлік қатынасы оң бағытқа өзгеріп келеді. Жоспар бойынша қалған автобустар жыл соңына дейін облыс орталығына жеткізілмек.

​Қала халқын көгілдір отынмен қамтуда да маңызды шаралар жүзеге асырылып келеді. Атап айтар болсақ, Ақсуат ауылдық округіне жыл соңына дейін көгілдір отын беріледі. Басталған жобадағы жұмыстар бүгінде қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, келер жылы Қосшыңырау елді мекенінде де газдандыру жобасы басталмақ. Оған республикалық бюджеттен қомақты қаржы қаралып отыр.

​«Балалар жылы» аясында аймақ басшысының бастамасымен, кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен қала көлемінде балаларға 50 ойын және спорттық алаңы салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғасын табатын болады.

​Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 1 миллиард 285 миллион теңгеге 90 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй көпбалалы отбасыларға табысталды. Ал, жыл аяғына дейін сол жағалаудан тағы 50 пәтерлі арендалық 1 тұрғын үй беріліп, СПМК-70 тұрғын ауданынан құны 7 миллиард 472 миллион теңгеге 50 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деген жоспар бар.

​Келер жылы сол жағалаудан 84 пәтерлі, 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Жобаның құны – 10 млрд. теңге. Оған қоса, қазан айынан бастау алған 8 миллиард 510 миллион теңгеге 470 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлер де келер жылы халық игілігіне беріледі.

​«Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында қаладан 8 мектептің құрылысын жүргізу жоспарда бар. Қазіргі таңда, мектептің орындары белгіленіп, тиісті құжаттары рәсімделуде.

​Келер жылы қала және қалаға қарасты елді мекендердің көшелерін жөндеу, ауыз су мен кәріз су жүйелерін жаңғырту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға республика мен облыстық бюджеттен 5,6 миллиард теңгенің жобалары қолдау тапты.

Бұл кездесуде өзекті  мәселелер бүкпесіз ашық айтылды. Барлық ұсыныс хаттамаға енгізілді. Жүздесуден кейін шаһар басшысы Асылбек Шаменов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендердің талап-тілектері тыңдалып, оларға нақты жауаптар берілді.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: