Шиелі ауданындағы Ақмая және Бәйгеқұм ауылдық округтерінде электр желілерін жаңғырту және тозығы жеткен бағаналарды ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жобалар ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бәйгеқұм ауылындағы ВЛ-10/0,4 кВ электрмен жабдықтау желілерін реконструкциялау жобасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2023 жылдың 1 желтоқсанында сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Жоба аясында ауылға 10 кВ болатын 12,3 шақырым және 0,4 кВ болатын 23,6 шақырым электр желілері тартылып, 12 дана трансформатор орнатылады. Нәтижесінде Бәйгеқұм елді мекенінің тұрғындары сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтылатын болады.
Сонымен қатар Ақмая ауылын сыртқы электрмен жабдықтау желісінің құрылысына қатысты мердігер, техникалық және авторлық қадағалау мекемелерімен келісімшарттар жасалған.
Нәтижесінде 10 кВ болатын 4,267 шақырым және 0,4 кВ болатын 18,61 шақырым электр желілері жүргізіліп, 501 электр бағанасы орнатылған. Сондай-ақ қуаттылығы әртүрлі 7 трансформатор іске қосылған.
Аталған жобалар өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
