Жұма, 29 наурыз, 14:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Батырға құрмет – бүгінгі міндет

06.05.2023

439 0

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 78 жыл толады. Сұрапыл соғыс жылдарында кеудесін оққа тосқан батырларымыз қатары күн санап сиреп барады. Бүгінде аймақта Ұлы Отан соғысына қатысқан 6 ардагер бар.

Отан үшін от кешкен ардагерлерді құрметтеу – бейбіт заманда дүниеге келіп, тыныш күнде тіршілік кешіп жүрген баршамыздың міндетіміз. Десе де оларға үлкен қолдау мен құрмет мемлекет тарапынан орын алуы тиіс. Бұл бағытта жыл сайын соғыс ардагерлеріне бір реттік жәрдемақы беру үрдісі қалыптасқан-ды. Дәстүрлі қолдау шарасы биыл да жалғасын таппақ.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев мереке қарсаңында ардагерлерге 1 млн 500 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы тағайындалатынын айтады. Сонымен қатар екі мыңнан астам тыл және оған теңестірілген  ардагерлерге 138 мың теңге көлемінде қаржы беріледі деп жоспарлануда.

– Жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары жүргізіледі. Биыл да бұл үрдістен жаңылмай өңірімізден шыққан соғыс ардагерлерін құрметтеу шарасы ұйымдастырылады. Қазіргі таңда аймағымызда 6 Ұлы Отан соғысының ардагері мен оларға теңестірілген 4177 азамат бар. Оларға мемлекет тарапынан ай сайын орта есеппен 178 мың теңге зейнетақы және 55200 теңге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленуде. Ал соғыс жылдарында қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ордендерімен және медаль­дарымен марапатталған 10 ардагерге 207 мың теңге көлемінде қаржылай жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар мамыр айының 6-сы мен 10-ы аралығында ардагерлерге арналған қайырымдылық акциясын ұйымдастырамыз, – дейді басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев.

Бүгінгі бейбіт, жайлы өміріміз үшін жауынгер ардагерлердің алдында қашанда қарыздармыз. Өкі­ніштісі сол, жыл өткен сайын батырлардың қатары азайған. Бүгінде қалада соғыс ардагерлерінен Әбдірахман Бәйтіков пен Төлеген Жүнісов бар. Отан үшін от кешіп, болашақ ұрпағының тыныш ұйқысы үшін жанын қиған жауынгерлердің есімі мәңгілік ел есінде сақталары анық.

А.ӘЛІМ

Сурет архивтен

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: