Сенбі, 30 қараша, 07:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95-2105
30.11.2024
PDF мұрағаты

Метағалам: Ақпараттың шексіз мүмкіндігі

12.11.2022

1133 0

Технократтар заманында жаңа технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Күн сайын жаңарған технология бұқаралық ақпарат құралдарын да айналып өтпесі анық. Бүгінгі уақыт талабы – жаңа технологияларды пайдалану арқылы сапалы өнім ұсыну.

Айта кетелік, жақында өткен «Astana Media Week» форумының жаңалығы мета болғанын барлық ақпарат құралдары жарыса жазды. Шынында Мета деген не? Бар болғаны бір компанияның аты ма? Жаңа медиа үшін метағалам қалай әсер етеді? Біз оның мүмкіндігін қалай пайдаланамыз? Ең әуелі метағаламның қыр-сырын түсініп алайық.

Бәрімізге белгілі «Facebook» иесі Марк Цукерберг өткен жылы компаниясының атын «Мета» деп өзгертті. Алайда бұл бір компанияның атауы ғана емес, жаңа технологияның бір белесі болмақ. Ол «Facebook» компаниясының метағалам болуынан үмітті екенін де жасырмады. «Мета» сөзі грек тілінен аударғанда «шексіз», «ары қарай» дегенді білдіреді. Оның айтуынша, метағаламның мүм­кін­дігі шексіз. Әлемнің кез келген бұ­рышындағы адамдар метағалам арқылы виртуалды әлемде бірге бас қоса алады, бірге жүргендей сезіне алады. Бір сөзбен айтқанда, метағалам – виртуалды шын­дық. Сарапшылардың пікірінше, мета­ғаламның екі нұсқасы бар. Бірі – әлеу­меттік желілерден метағаламға ауысқан адам­дардың байланысы. Яғни бір тақы­рыпты әркім өз орнында отырып, бірге талқылау, түсініктеме беру, іс шараларға қатысу, форумдар өткізу, кездесулер ұйымдастыру. Келешекте мұндай бай­ланыс мессенджердегі хат алмасу не­месе «Zoom» арқылы байланысудан гөрі анық әрі шынайы болады. Бір сөзбен айтқанда, метағалам адамдарға оқиға ортасында тұрғандай сезім сыйлайды.

Метағаламның екінші түрі – ше­карасыз ойын әлеміне ену. Яғни кез келген жерде отырып, виртуалды ойынға қатыса аласыз, бірге ойнай аласыз.

Жалпы, метағалам – физикалық әлемнен цифрлық әлемге ауысу кезеңі. Ғаламтордағы барлық қызмет «Zoom»-нан бастап әлеуметтік желіге дейін барлығы метағалам біріктірген интернет дамуының жаңа кезеңі. Метағаламда физикалық әлемде бар нәрсенің аналогтары пайда болады: білім алудан бастап,  киімге дейін, бизнестен ойын-сауыққа дейін. Марк Цукербергтің айтуынша, бұл алдағы 5 жылда болуы мүмкін.

Жалпы, цифрлы медиа, цифрлы әлемдегі ойын, цифрлы қызмет мұның бәрі цифрлы буынның тіршілік ету ортасы.

Ал метағалам мүмкіндігін жаңа дәуірдегі медиа қалай пайдаланады? Дәстүрлі БАҚ-тың цифрлы журналис­тикаға ауысуы жаңа техно­логияларды ұтымды пайдалана білуімен ерекше­ленеді. Оқырмандармен виртуалды байланысу, сұхбат құру, ақ­паратты, пікірталастар барлығы виртуальды әлемде жүзеге асады. Оқырман газетті виртуалды оқитыны да бүгінгі күні жаңалық емес. Ресейлік медиа сарапшы А.Амзин таяу жылдарда жаңа медиа форматы мес­сенджердерде белсенділік танытатынын айтады. Аны­ғын айтқанда, телеграм канал түрінде дамиды. Сарапшылар пікірінше, бұл кезде БАҚ ай­наласында қызық әрі белсенді аудитория пайда болмақ. Демек, медианың жаңа форматқа көшуі – уақыт талабы әрі оқырман сұранысы. Себебі оқырман өзі оқығысы келетін газетті немесе жур­налды цифрлы әлемнен іздейді. Демек, цифрлы әлемдегі орнымыз бос тұрмауы тиіс.

Г.ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: