20-26 сәуір аралығында Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі мен өңірлерінде бірқатар кадрлық өзгеріс болды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Аптаның алғашқы күні Абай облысында екі жаңа басқарма құрылып, олардың басшылары тағайындалды. Облыстық су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының міндетін Асхат Смаилов атқарады.
Асхат Смаилов 1968 жылы 1 наурызда Семей облысы Ақсуат ауданы Қызыл-Кесік ауылында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1991 жылы Ақсуат аудандық қаржы бөлімінде кірістердің түсуін болжау және экономикалық талдау жөніндегі аға экономист ретінде бастаған. 1994-1997 жылдары аталған бөлімде салықтарды болжау бөлімінің меңгерушісі, кейін қаржы бөлімінің басшысы болған.
1997-2002 жылдары Тарбағатай ауданы қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2002-2005 жылдары аудандық экономика бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2005-2007 жылдары Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары болды.
2009-2010 жылдары аудан әкімі аппаратының басшысы, 2010-2018 жылдары қайтадан әкім орынбасары қызметін атқарған.
Осы тағайындауға дейін Абай облысының қаржы басқармасының басшысы болды.
Сондай-ақ Абай облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Қуаныш Әбілдаев тағайындалды.
Қуаныш Әбілдаев 1989 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 2011 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану», 2014 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2009 жылы Қызылорда облысы Сырдария аудандық сотында жетекші маман ретінде бастаған. Кейін Жалағаш аудандық сотында бас маман болған. 2011-2016 жылдары сот актілерін орындау департаментінде мемлекеттік сот орындаушы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық басқармасында консультант, консультант-инспектор қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болған.
Осы күні «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы лауазымына Ғалымжан Алматов бекітілді.
Ғалымжан Бауыржанұлы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Математика» мамандығы бойынша, сондай-ақ Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы Шымкент қаласында математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары педагог-ұйымдастырушы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры, сондай-ақ білім сапасын қамтамасыз ету жүйесінде басшылық қызметтер атқарған.
2021 жылдан бастап білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жүйесінде жұмыс істеген.
Осы тағайындауға дейін Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментін басқарды.
Дәуір Ерғабылов павлодарлық «Ертіс» футбол клубының директоры қызметіне тағайындалды.
Дәуір Қуатұлы әр жылдары «Астана» мұз сарайы директорының орынбасары, жүзуден олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы, Павлодар қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, облыстық спорт басқармасының жетекшісі қызметтерін атқарған.
Абай облысы Әділет департаментінің басшысы Медет Едрісов болды.
Ол 1985 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. «Фемида» заң академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы Ақмола облысының соттар әкімшілігінде бастаған. Әділет органдарында түрлі қызметтер атқарған. Соңғы жылдары Жетісу облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары болған.
Алматы облысы Әділет департаментінің басшысы болып Жанболат Самашев тағайындалды.
Ол 1979 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әділет жоғары құқық мектебін тәмамдаған.
Әр жылдары әділет органдарында, жылжымайтын мүлік саласында және өңірлік басқармаларда қызмет атқарған. Бұған дейін Абай облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары болды.
Батыс Қазақстан облысында балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы қызметіне Афиза Семғалиева келді.
Ол 1986 жылы дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы БҚМУ мен БҚИТУ-ды тәмамдаған.
Әр жылдары «Nur Otan» және «AMANAT» партияларында түрлі қызметтер атқарған. Соңғы қызметі – «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары.
Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы болып Асылбек Ахметжанов тағайындалды.
1993 жылы туған. ЕҰУ мен Қазақ технология және бизнес университетін тәмамдаған. SDU университетінде магистр дәрежесін алған.
Мемлекеттік қызметте 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Әр жылдары министрліктерде, цифрлық трансформация саласында басшылық қызметтер атқарған. Соңғы қызметі – Оқу-ағарту вице-министрі.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры болып Ділмұхамед Абызов тағайындалды.
Ол 1978 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мұнай-газ және экономика салалары бойынша білім алған.
Әр жылдары жеке секторда және түрлі ұйымдарда басшылық қызмет атқарған. Соңғы қызметі – Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары.
Түркістан облысы Шардара қаласының әкімі болып Досбол Жұмаділлаев сайланды.
Сайлауға 19 833 азамат тіркеліп, олардың 10 155-і дауыс берген. Нәтижесінде Д.Жұмаділлаев басым дауыс жинады.
Қостанайлық «Тобыл» футбол клубының бас бапкері қызметіне Мирослав Ромащенко тағайындалды.
Ол бұған дейін Ресейдің «Томь», «Ахмат» клубтарын жаттықтырған, сондай-ақ бірқатар еуропалық командаларда бапкерлік штаб құрамында жұмыс істеген.
Қазақстан әйелдер құрамасының бұрынғы спортшысы Дина Жоламан Ақмола облысындағы спорт мектебінің директоры болып тағайындалды.
Ол 2016 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін туған өңірінде қызметін жалғастырып жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
