Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаевтың жұмыс сапары Арал ауданында жалғасты

26.06.2021

1286 0

ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаевтың Сыр еліне жұмыс сапары Арал ауданында жалғасты. Делегация алдымен тікұшақ арқылы әуеден Көкарал бөгетін барлап, Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесінің жағдайын бақылады.

ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаевтың жұмыс сапары Арал ауданында жалғасты

Мұнан кейін Қанат Бозымбаев Қамыстыбас елді мекенінде арнайы су шаруашылығына арналған жиын өткізді. Отырыста ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, су шаруашылығына қатысты мемлекеттік мекемелердің басшылары, Арал және Қазалы аудандарының әкімдері және бірқатар облыс ардагерлері қатысты.

Жиында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдарияның төменгі ағысындағы күрделі су тапшылығы мәселесін шешудің жолдарын қозғап, вегетациялық кезеңде су көлемінің төмендеуі салдарынан егіс көлемін қысқартуда негізгі басым бағыттарға тоқталды.

ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаевтың жұмыс сапары Арал ауданында жалғасты

«Сырдария өзенінің ағысын реттейтін Нарын-Сырдария су қоймаларындағы су көлемі өткен жылдан 2 млрд.текше метрге кем болып отыр. Бүгінгі күні, Шардара су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі егіншілерімізді алаңдатып отыр. Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 187,6 мың гектарға орналастырылып, оның ішінде күріш егісінің көлемі өткен жылдан 6,5 мың гектарға қысқартылып, 82,9 мың гектарға егілді. Дегенмен, егісті сумен қамтамасыз ету мәселесі күрделі болып отыр. Сонымен бірге, облыс аумағындағы 207 көлдің толуы 52 пайыз құраса, 17 көлде мүлдем су жоқ. Соның ішінде Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйелерінде күрделі су шаруашылығы жағдайы қалыптасты»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Өңірде су тапшылығы жағдайының алдын алу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітілген. Сонымен бірге, каналдар арқылы су алу режимдерінің кестеге сай орындалуына мониторинг жүргізетін жұмысшы тобы құрылған.

Жиында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов «Тоқтағұл» су қоймасына жиналған су көлемінің жылдағыдан азаюына байланысты су тапшылығын реттеу үшін Үкімет деңгейінде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды тізбеледі. Ал, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев вегетациялық кезеңде егістікті сумен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты басты басымдықтарды жеткізсе, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов өңірдегі су шаруашылығының жай-күйіне тоқталды. Сондай-ақ, сала ардагерлері Құдайберген Саржанов, Қожахмет Баймаханов, Айтбай Көшербаев ортақ мәселе аясында пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Су тапшылығы салдарынан туындаған мәселелерді жан-жақты саралаған Қанат Бозымбаев Президент тапсырмасына сәйкес өңірдегі су деңгейінің мәселелерін шешу жолдарын айқындап, ұтымды ұсыныстардың қаралатынын жеткізді.

Жұмыс сапары соңында ол Қызылорда және Әйтек су торабына барып, қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып, нақты ахуалды көрді. Мамандармен кездесіп, жағдайды таразылады.

Айта кетейік, Қызылорда су торабы 1956 жылы пайдалануға берілсе, Әйтек су торабы 2004 жылы «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы аясында салынған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: