Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған Сейілбек Нұрымбетовті құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі. Осы уақытқа дейін Сейілбек Серғазыұлы 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Су ресурстары комитетнің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы қызметін атқарып келген.
«Сейілбек Серғазыұлы өз саласының білікті маманы ретінде мемлекеттік қызметте абыроймен еңбек етіп, қызметте сатылап өскен тәжірибелі кадр. Ресейдің алдыңғы қатарлы университетін бітірген, су ресурстары саласында терең білімі мен тәжірибесі бар мықты маман. Соңғы жылдары бассейн аумағында орын алған су тапшылығы кезеңінде лимиттерді белгілеу, су ресурстарын тиімді пайдалану, реттеу және экологиялық жағдайды жақсарту және 2022-2023 жылдар аралғындағы мол суды апатсыз өткізу барысында Сейілбек Серғазыұлыныңбасшылығыменинспекция тарапынан ұтымды ұсыныстар беріліп, нәтижесінде оң шешімдер қабылданды. Халықаралық Аралды құтқару қоры мен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының шешімдерін орындау және жүзеге асыруда табанды іс-әрекеттер жасады», – деді аймақ басшысы.
Аймақ дамуы жолындағы еселі еңбегі үшін Сейілбек Нұрымбетовке Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Су шаруашылығы саласының майталман ардагері Әділхан Қарлыханов Сейілбек Нұрымбетовті құттықтап, мол табыс тіледі.
Өз кезегінде, Сейілбек Серғазыұлы әріптестеріне алғыс білдіріп, алдағы уақытта да туған жерге қызмет етуге әзір екенін атап өтті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!