Сенбі, 27 маусым, 01:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48 (2260)
27.06.2026
PDF мұрағаты

Дәурен Сейітжанұлы, «Adal ADAM» YouTube арнасы жобасының авторы, журналист: «Ақпарат көбейген сайын кәсіби журналистикаға сұраныс артады»

27.06.2026

24 0

Қазіргі таңда медиа кеңістігі қарқынды өзгеріп, ақпарат тарату тәсілдері жаңа деңгейге көтерілді. Ақпарат ағыны бұрын-соңды болмаған қарқынмен екпін алған кезеңде журналистикаға қойылатын талап та күшейе түсті. Жаңа медиа, әлеуметтік желілер мен жасанды интеллект ақпарат тарату тәсілін түбегейлі өзгертсе, кәсіби журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті. Цифрлық технологиялардың дамуы дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне де айтарлықтай ықпал етуде. Осындай кезеңде кәсіби журналистиканың болашағы, жаңа медианың мүмкіндіктері, жасанды интеллектінің ықпалы, медиасауаттылық пен сөз жауапкершілігі сияқты мәселелер қоғам назарындағы өзекті тақырыптардың біріне айналған-ды. Осы орайда «Adal ADAM» YouTube жобасының авторы әрі жүргізушісі Дәурен Сейітжанұлымен сұхбаттасып, қазіргі қазақ журналистикасының жай-күйі, саланың болашағы және бүгінгі медианың даму бағыттары жөніндегі пікірін білген едік.

– Жаңа медиа қазір қарқынды дамып келеді. Журналдар мен газеттердің электронды форматы көп оқылады. Интернет порталдар түбі баспа басылымдарын ығыстырады деген түсінік бар. Бұл қаншалықты нанымды?

– Интернет порталдар мен жаңа медиа баспа басылымдарын біртіндеп ығыстырып жатқаны жасырын емес. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, қазіргі аудитория ақпаратты жедел алғысы келеді. Интернетте жаңалықтар бірден жарияланады, ал газет пен журнал белгілі бір уақыт өткен соң ғана оқырманға жетеді.

Екіншіден, цифрлық платформалар әлдеқайда қолжетімді. Смартфон арқылы кез келген жерде ақпарат оқуға болады. Сонымен қатар мәтінмен бірге фото, видео, аудио сияқты мультимедиалық контент ұсынылады. Бұл аудитория үшін әлдеқайда тартымды. Сондықтан бүгінде көптеген оқырман, әсіресе жастар, ақпаратты негізінен интернеттен алады. Осы үрдіс сақталса, баспа басылымдарының ықпалы бұрынғыдай болмайды. Тағы бір маңызды мәселе – экономикалық жағы. Қазір қағаз, басып шығару, тарату қымбат. Оқырманды жаздыру да бұрынғыдай оңай емес. Сондықтан газетке түсіп отырған қысым тек интернеттен емес, экономикалық жағдайдан да болып отыр. Бұл тек газет форматына қатысты екенін ескерерсіз. Бірақ ақпарат көбейген сайын кәсіби журналистикаға деген сұраныс арта беретінін ұмытпауымыз керек. Себебі әлеуметтік желіде ақпарат көп болғанымен, оның бәрі шынайы емес. Жалған  жаңалықтар, манипуляция, жасанды интеллект арқылы жасалған жалған контент көбейіп барады. Осындай кезде ақпаратты тексеретін, деректерді салыстыратын, оқиға орнына барып жұмыс істейтін кәсіби журналистің рөлі бұрынғыдан да маңызды болады.  Сондықтан мен газет толық жоғалып кетеді деп ойламаймын. Бірақ оның негізгі өмірі цифрлық кеңістікте жалғасатын секілді. Форматы ғана өзгереді. Ал қоғамға сенімді ақпарат жеткізу, сапалы сараптама, сүбелі сұхбат жазу сияқты миссиялары өзгермейді. Бұл жерде «газетті порталдар ығыстыра ма?» деген сұрақтан гөрі «газет қалай өзгереді, қай бағытта дамиды?» деген сұрақ маңыздырақ деп ойлаймын.

Жалпы газеттің қағаз нұсқасы сақталады деп ойлаймын. Бірақ бұрынғыдай мыңдаған тиражбен шықпайды. Белгілі бір аудитория үшін ғана жарық көреді. Кейбір басылымдар үшін «дәстүрдің белгісі» болады. Кейбірі үшін бедел мен брендтің символы ретінде сақталады.

– Бірақ байқағанымыз, үйінде газеті, теледидары, радиосы жоқ отбасыларда WhatsApp-тағы «фейк ақпараттарға сену» синдромы тез дамиды екен. Дәстүрлі медианы ысырып тастау ақпараттық сауатсыздыққа қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Солай деп кесіп-пішіп айту қиын. Дегенмен, бұл пікірдің жаны бар деп ойлаймын. Өйткені газет, сайт және телеарналардағы ақпарат бірнеше кезеңнен өтіп, редакциялық тексерістен кейін ғана жарияланады. Ал «WhatsApp» сияқты мессенджерлерде мұндай сүзгі жоқ. Үнемі әлеуметтік желідегі қауесет-сыбыстармен «қоректенетін» адамның әлбетте сыни ойлау қабілеті төмендеуі мүмкін. Біз қоғамға, әсіресе балаларға, жастарға ақпаратты бірнеше дереккөзден алып, салыстырып оқуды әдетке айналдыруы үйретуіміз керек. Қазіргі таңда мектептерде «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында медиасауаттылық бойынша сабақтар өткізіледі. Алайда ол қалай оқытылып жатыр және оны жүргізетін мұғалімдердің кәсіби деңгейі қандай деген сұрақ туындайды. Сондықтан медиа сауаттылық сабақтарының сапасына ерекше мән беруіміз керек деп ойлаймын.

– Жасанды интеллект дамып жатқан кезде журналист мамандығының болашағын қалай елестетесіз?

– Жасанды интеллект журналист мамандығын алмастырады деп ойламаймын. Керісінше, ол журналистің жұмысын жеңілдететін құрал. Мысалы, ақпаратты іздеу, деректерді саралау, мәтінді өңдеу сияқты техникалық жұмыстарды жасанды интеллект жылдам орындай алады. Ал оқиғаның мәнін ашу, ақпараттың рас-өтірігін тексеру, дереккөзбен жұмыс істеу, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру сияқты міндеттер әлі де журналистің кәсіби тәжірибесі мен жауапкершілігіне байланысты. Өйткені жасанды интеллект эмоцияны, контексті және жауапкершілікті адам сияқты сезіне алмайды. Аты айтып тұр ғой «жасанды» деп. Тағы қайталап айтам, жасанды интеллект журналистің «жауы» емес, көмекшісі. Бұрын бір журналист бір күнде бір материал жазса, қазір ЖИ көмегімен бес материалға дайындық жасай алады. Сол себепті бүгінде бәсеке журналист пен ЖИ арасында болмайды. Бәсеке ЖИ қолданатын журналист пен қолданбайтын журналист арасында болады деп ойлаймын.

– Журналистиканы жаппай коммерцияландырудың уақыты келді ме және бұл үдеріс сөз бостандығына қалай әсер етеді? БАҚ-ты мемлекеттік дотациядан айыру қажет деп санамайсыз ба?

– Меніңше, қазір елімізде бұқаралық ақпарат құралдарын толықтай коммерцияға көшіруге әлі ерте. Өйткені өңірлердегі көптеген газет-журналдар мен телеарналар мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмыс істеп отыр. Егер бұл қолдау тоқтаса, кейбірі жабылып қалуы да мүмкін. Бір жағынан мемлекет те оларды мемлекеттік дотациядан айыруға дайын емес. Себебі коммерциялық БАҚ көбіне оқылым мен қаралымға жұмыс істейді. Соның салдарынан маңызды мәселелерден гөрі көпшілік қызығатын, жеңіл контент көбейіп кетуі мүмкін. Тіпті орынды-орынсыз сыни мақалалар да қаптауы ғажап емес. Қазіргі жағдайда ең дұрыс жол, тепе-теңдікті табу. Мемлекет өз саясатын қаржыландыруды тоқтатпау керек, бірақ ол редакцияның жұмысына немесе көтеретін тақырыптарына араласуды тоқтатуды үйрену керек.

– Трендте – қысқа видеолар, қысқа посттар.  Сіздіңше, шағын ақпарат моделі арқылы оқырманның терең сараптамаларды оқу дағдысынан айырып жатқан жоқпыз ба?

– Дүниенің дамуының деңгейі жылдамдықпен ғана өлшеніп жатқан заманда ой қозғайтын жазбалар да уақытқа ілесу үшін «жанығары» анық. Сол мотивпен кетіп барамыз. Ол адамзаттың рухани қарым-қабілетіне әсер етпей қоймасы анық. Енді біз сенер бір ғана байлық, құндылық бар, ол – ақыл. Ақыл түп-тамырымен жоғалған күні ғана оқу доғарылады. Сондай күннен сақтасын!..

– Жыл сайын журналистика мамандығына мыңдаған талапкер құжат тапсырады. Мәселен, осы оқу жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде журналистика мамандығына жүздеген студент оқуға түскен екен. Кейбірі журналистиканы басқа мамандыққа «өткел» ретінде пайдаланады. Соңына дейін оқып бітіргендердің өзі бәрі бірдей мамандық бойынша жұмыс істемейді. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі жағдайда журналистикаға төрт жыл оқыту қаншалықты тиімді?

– Міне, осы нәрсе мені жиі ойландырады. Журналистика ғылымына жанын, педагогикасына тағдырын арнағандар тілім тиіп кетпесін, бірақ, тым көп «шабарман-жазарманға» диплом беріліп жатыр. Ал – біздің БАҚ-қа өзгеше ойлай алатын, бұқараның алдындағы жауапкершілігін, сөз өнерінің қасиетін сезіне алатын еңбекқорлар керек. Мен бір нәрсе айтайын, сұғылған пышақтың өзі қайта суырылып шығады. Одан қалған жара жазылады. Ал сөз дейтін қанжар қынынан бір шықса, оны қайтару еш мүмкін емес. Міне, осыған еге бола алатын ақылмандар керек біздің салаға.

– Қарап отырсақ қазір сахнада да, өнерде де, әдебиетте де басқа салаларда да ел талғамы өзгерген. Сұраныстың өзі жеңілдеп кетті деп жатамыз. Интернет сайттар қаралымды арттырып, таралымды тасыту үшін дәлелді-дәлелсіз дүниелерге үйірсек боп алды. Қазақ журналистикасы расында да қасаңданып бара ма?

– Қасаңдану емес, қаперсіздену, қателіктен қаймықпау, жауапкершілік тұрғысынан жұтау деген дұрыс шығар. Дана халқымызда «30 тістен шыққан сөз 30 рулы елге тарайды» деген сөз бар. Сол тұжырымның мән-мағынасын ұқпау деп есептеймін. Шынында ит ырқылжыңмен келе жатқан интернет сайттар жетерлік. Бір ақпарат бүтін қоғамды жікке жарып, бір адамның өміріне үкім шығарып жіберуі мүмкін екенін ұқпайды емес, ұғады ғой бәрі де… Тек, сол баяғы қандай болса да танымалдылыққа деген «махаббат»…

– «Adal Adam» жобасын жұрт қызығып қарайды. Әр түрлі сала мамандарынан сұхбат алып жүрсіз. Осы кісіден сұхбат алсам деп армандайтын тұлғаңыз бар ма?

– Ондай адам өте көп. Біз сүт бетінде «кілкіп» жүрген қаймақтарға ғана «жүгіре» береміз. Алайда «Адалдық» деген ұғым мүлде басқа адамдардың жүрегінде, еңбегінде жатыр. Ал оған жету оңай емес!.. Көп еңбек керек. Біз сол еңбек жолындамыз!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: