Жұма, 19 сәуiр, 06:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Шетелге неге құмармыз?

19.10.2021

1992 0

Қазіргідей ақпарат толастамаған кезеңде жаңалыққа таңғалудан да қалдық. Алайда ел құлағын елеңдетер жаңалық осы болар. Соңғы 6 жылда елден кеткендердің саны шектен тыс артуда. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биыл алты айда елімізден 14 мыңнан аса адам шетелге қоныс аударған. Дерек бойынша шекара асқандардың көбі орталық, оңтүстік, шығыс Қазақстаннан. Қынжылтатыны сол, елден кеткен отандастардың 2400-і техник, 1200-і экономист, 678-і педагог, 417-сі медицина қызметкері. Оған қоса 400-ден астам заңгер мен сәулетші де шекара асқан. Бұл цифр ел экономикасына кері әсерін тигізетіні анық.

Расында, еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де білікті мамандар шетелге кетіп жатқаны шындық. Оған салмақты себептер де баршылық. Әрине, ел көру, жер көру тұрғысында бөлек әңгіме. Алайда қаншама несие мен тұрмыс тауқыметі шаршатқан, еңбегі үшін төленетін қомақты еңбекақыны іздеген мамандардың жайы мүлде басқа. Бүгінде бұл күйіп тұрған мәселеге айналды. Сырт мемлекеттерде тұратын қандастардың оралуы соңғы он жылдықта біршама бәсеңдеді. Ал керісінше, жыл санап басқа елге біржола қоныс аударған ел азаматтарының саны артуда.

Әрине, шетел асып кеткеннің бәріне тұрмыс ахуалы себеп болды деуге келмес. Себебі Еуропа мемлекеттері мен АҚШ сияқты ғылым-білімі озық елде тәжірибе жинап, елге келіп, еңбек етіп жатқандар бар. Бұған өз кезегінде елге құйылған инвестиция есебінде қарауға болады. Ал енді ала дорбасын асынып, біржола көшіп жатқандар шынымен алаңдатады. Қажыр-қайраты мол, тепсе темір үзетін жастардың шетелге қоныс аударуы неліктен жиіледі? Осы сұрақтың аясында біршама мәліметті саралап көрейік.

Ең бірінші, көші-қон жөніндегі статистикаға үңілейік: Биылдың өзінде 14 мыңнан аса адам шетелге қоныс аударған. Ал өткен жылы басқа мемлекетке көшкен отандастарымыздың 3395-і – жоғары білімі бар мамандар. Ал 1,8 мыңы – техникалық, 990 – экономикалық, 539 – педагогикалық, 313 – медициналық, 213 – заң факультетін, 136 – архитектура, 85 – ауылшаруашылық, 2,1 мың адам өзге де мамандықты игерген.

Шетелге кетудің бір себебі материалдық жағдай екені шындық. Өйткені қазір ел ішінде баспанасы жоқ, пәтер алудың қамымен «сең соққан балықтай» сенделіп жүрген жастар жетерлік. Қазір жұмыссыздық та дендеп тұр. Одан бөлек оқуын бітірген маманға өз саласынан сұраныстың болмауы да қажытатындай. Шыны керек, бүгінге дейін нақты шешімін таппаған осындай түйткілді мәселелер салдарынан сырт мемлекеттерге кетіп жатқан қазақстандықтар саны жыл сайын артуда. Осыдан бес жыл бұрын елімізден кеткендер саны 30 мыңнан асқан. Олардың негізгі бөлігі – Ресей, Германия, Түркия мен мұхит асып АҚШ-қа қоныс аударғандар. Бертін келе бұл көрсеткіш жоғарылай түскен. Жыл санап мыңдаған отандасымыз басқа елдің тұрғынына айналады. Алаңдатарлығы сол, оның басым бөлігі жастар, жас отбасылар.

Ескендір Бексейіт, АҚШ тұрғыны:  «Менің Америкаға келіп, Огайо штатына орныққаныма, міне, 5 жыл болды. Бұл елге де, адамдарына да әбден сіңісіп, үйренісіп кеттім. Жұмысым бар, жалақым жақсы. Келгеніме еш өкінбеймін».

Иә, қазір шетелде жүрген біз секілді қазақтар туралы халық әртүрлі ойлайды. Естіп те, оқып та жүрміз. Оның ішінде кері көзқараста ойлайтындар көп. Жалпы мұнда қандастарымды жиі кездестіремін, тіпті бірге жұмыс та істейміз. Несін жасырайық, олар осында жүріп, мол қаржы тауып, оқып, тіпті тұрақтап қалғысы келетінін айтады. Бұл үшін ешкімді жазғыруға болмайды деп есептеймін. Өйткені елімізде пәтер алу үшін кемі 15-20 жыл еңбек етуің керек. Оның арасында көлік, ем-дом, жақсы өмірді айтпай-ақ қояйын. Ал АҚШ-та жүрген қандастар небәрі 4-5 жыл ішінде пәтері мен көлігіне ақша жинап алады. Мұнда айлық жалақы азық-түлік пен киімге, пәтер ақысына, тіпті тәуір мейрамханадан емінеркін тамақтануға да жетеді. Біздегідей «жетпейтін қу дүние» деп жүрген ешкім жоқ. Жұмыссыздардың да қатары сирек. Ал жеке кәсібін ашқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі. Міне, сондықтан жастардың көбіне шетелге көшуге осындай салмақты себептер бар, – деді ол.

Бүгінде көші-қон мәселесі бізде ғана емес, ғаламдық мәселеге айналды. Қазірдің өзінде әлемдегі мигранттар саны 300 миллионнан асады екен. Статистика бойынша әлемдегі әрбір үшінші тұрғын туған елін тастап, шетел асуға мәжбүр болған. Негізгі мәселе – қаржылық дағдарысты еңсеру. Сондықтан мигранттардың басым бөлігі державаларға қоныс аударуды құп көретіні осыдан-мыс. Мысалы, АҚШ, Ресей сияқты мемлекеттерде мигранттар миллиондап жүр.

Мәслен, Германияны алайық, бұл мемлекет экономикасы дамыған үздік үштікке енеді. Өйткені мұнда жұмыссыздық, баспанасы жоқ тұрғын көрсеткіші әлдеқайда аз. Енді мынаны қараңыз. Ресми деректер көзіне сүйенсек, қазақстандық 29 жасқа дейінгі жастардың 40 проценттен астамы шетел асуға құмар екені көрсетілген. Оқуға, жұмысқа, тіпті тұрақтап қалуға болсын, бастысы, шекара асса болғаны. Елдегі әлеуметтанушылардың айтуынша, олар әлгінде айтқан алпауыт елдер АҚШ, Канада, Түркия, Франция мен Англияға көшуге көп ынталы. Осы орайда мұхит асқан жастың бірімен тілдестік.

Қуаныш Дәлиев – шетелде жұмыс істеп жүрген жастың бірі. Ол Қорқыт ата университетінде араб және ағылшын тілі пәні мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір АҚШ-та қызмет етіп жүр:  «АҚШ-та жүргеніме қазір 3 жылдан аса уақыт өтті. Жеке компанияда көлік жүргізушісімін. Айына 4 мың доллар табыс табамын. Табысым біздің елге қарағанда әлдеқайда жоғары. Мұндай табыспен қарызыңды жауып, соңғы үлгідегі смартфон алып, тіпті ерінбей еңбек етсең көлікті де небәрі бірнеше айда сатып алуға болады. Алайда мұндағы халықтың ойлау деңгейі мүлде бөлек. Мүмкіндік болса, кәсіпке ұмтылады».

Қай елді алсақ та, ақылды, сауатты, бәсекеге қабілетті мамандарды іздейді, сұраныс артады. Мысалы, АҚШ-та әлемге әйгілі интернет компниялары мен бизнес орталықтары бар. Олар әлемнің 4 бұрышынан ең сауатты, мықты мамандарды жұмысқа алады. Соның арасында біздің отандастарымыз да баршылық. Жалпы кез келген елдің алдағы болашағын осындай басымдығынан аңғаруға болады. Ал біздің елдегі ЖОО мен тәуелсіз мекемелер талабы бар таланттарға таласпайды. Енді алдағы жылдарда да осы бір тенденция жалғаса берсе, ғылым-білімнің негізгі элитасы саналатын, оның ішінде жұмысқа қабілетті жастар өзге елге үдере көшіп кетпесіне кім кепіл?! Жалпы еркін ойлай алатын кез келген адам болашағы бар, дамыған, қаржылық тәуелділік туындамайтын елде өмір сүруді қалайды. Бұл мәселенің бір қыры ғана.

Қараңызшы, ресми деректер бойынша, бүгінде отандастарымыздың 23 проценттен астамы шетелде өмір сүруде. Әлемде Қазақстан басқа елге табан тіреушілердің көрсеткіші жөнінен Сириядан кейін екінші орында тұр. Ал шетел асқандардың жалпы саны бойынша еліміз 15 орында. Бүгінгі жағдай, міне, осындай. Мұның барлығы кейіпкерлеріміз айтқандай, елдегі жұмыссыздық пен еңбекақының мардымсыздығы, баспанамен қамту деңгейіне тәуелді іспетті. Тәуекелге бел буып, отбасынан жыраққа кетіп, шетел асқандардың өзекті мәселесі, міне, осы жайттар. Біздіңше, қаншама жастың шетелге құмар болуы осы фактілермен тікелей байланысты.

А.БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: