Жұма, 26 сәуiр, 09:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Тарихы туыс – ұлт пен ұлыс

01.05.2021

2561 0

Бірлік болмай тірлік болмайтынын әу бастан ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап келе жатқан халқымызда отбасының, ағайынның, елдің ауызбірлігі, татулығы бәрі­нен жоғары болған. Бұл қағида бүгінгі күні де өзектілігін жойған емес. Ата-баба ізін жалғаған бүгінгі қазақ елі 130-ға жуық өзге ұлт өкілдерімен бірге бір шаңырақ астында күн кешуде.

Қазақ жері – алмағайып күн кешіп, туған жер, туған елден жыраққа жер аударылған өзге жұрттың басы қосылып, тағдыры тоғысқан мекен. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуін бастан өткізген осынша ұлттың қазіргі таңда татулықта күн кешуі ғасырлар бойы қалыптасты.  Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бұл атаулы күнді бірлік мерекесі етуі де тегін емес-ті. Мұның астарында тәуелсіздікке қол жеткізген көп­этносты жас мемлекеттің ұлтаралық, дін­аралық татулықты сақтау, олардың бір атаның баласындай күн кешу мақсаты жатты.

Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына да 30 жыл  толды. Осы жылдар ішінде еліміз сонау ізгі мақсаттың орындалғанын дәлелдей алды. Оған еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, тұрақтылықты сақтауда Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуы да негіз болғанын атап өткен жөн. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен ел астанасынан бой көтерген «Бейбітшілік және келісім» сарайы Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы, әлемдік дәстүрлі діндер съездері, өзге де іс-шаралар өткізілетін орынға айналды. Әр облыстағы «Достық үйлері» де ұлт пен ұлыстың ынтымағын арттыруға жұмыс істеуде. Қазіргідей әлем елдеріндегі ұлтаралық, дін­аралық қақтығыс күшейіп, соғыс дендеген тұста Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің нышанына айналып, дамудың даңғыл жолына еркін қадам басып келеді. Бұл арқылы бірліктің арқасында алынбас қамал болмайтынын дәлелдеп отыр.

Иә, бірлікпен тірлік еткен жұрттың бір парасы Сыр өңірін мекендейді. Бүгінде аймақта 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Бұл облыс халқының 3,7 процентін құрайды екен. Басым бөлігі Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданында, облыс орталығында шоғырланған.

Өзге ұлт өкілдерімен өзара қарым-қатынас деңгейі тұрақты саналатын аймақта осы күнге дейін этносаралық шиеленіс туындамағанын да айта кеткен жөн. Бөтен деп бөлектемей, бір елдің азаматы деп танитын Сыр жұртшылығынан қағажу көрмеген олар барша қазақстандықты бауыр тұтады. Тіпті арада кикілжің туып, араздық болуы мүмкін емес деп санайды.

Еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың тарихы мен тірлігі қазақ жұртымен біте қайнасып, бүтін елге айналды. Зайырлы мемлекетте оларды кемсітуге, құқығын шектеуге жол жоқ. Әр ұлттың өзіндік тарихын, мәдениетін тануына, салт-дәстүрін сақтауына мүмкіндік берілген. Міне, осылайша біздегі ұлт пен ұлыстың ынтымағы берік, тірлігі түзу, бірлігі бекем орныққан.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: