Дүйсенбі, 04 қараша, 03:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

«Таза су үшін 2025-інші жылды күтпейміз»

11.05.2023

1069 0

Елімізде таза ауызсу мәселесі түбегейлі шешімін тапты деп айтуға әлі ерте. Бұл – әлі де күн тәртібіндегі мәселе. Жақында Үкіметте ауылды да, қаланы да таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Үкімет отырысында еліміздің барлық елді мекені мен қаласын 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары биылдан бастап қолға алынатыны айтылды. Ауқымды жұмыс ең алдымен тұрғындарды таза ауызсумен қамту деңгейі төмен аймақтардан басталмақ. Мұндай аймақтар қатарына Жамбыл, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысы жатады екен.

Осы орайда айта кетелік, Қызылолрда облысы сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде өңірлер арасында алдыңғы қатарда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев баяндады. Ведомство басшысының айтуынша, қалалық елді мекендерді сумен қамту бойынша Қызылорда облысы 100% көрсеткішке қол жеткізген. Үздіктер қатарында  Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақтөбе және Алматы облыстары бар. Сонымен қатар Қызылорда облысы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 98,1% көрсеткішпен аймақтар арасында 5-ші орынға тұрақтаған.

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 402 жобаны, оның ішінде қалаларда 167 млрд теңгеге 135 жо­баны, ауылдарда 113 млрд теңгеге 267 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтаудың қолжетімділік деңгейі: қалаларда – 98,8%-ға, ауылдарда – 96,3%-ға жетуі тиіс. Жалпы 2025 жылға дейін қалған 25 қала мен 1395 ауылдың тұрғындары тиісті қызметтермен қамтылады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта республикада ұзындығы 15,5 мың км 80 топтық су құбыры бар. Олар 1,4 млн адамды қамти отырып, 655 ауылдық елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етеді.

Биыл құрылысы 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 27 жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінді. Үйтас-Айдос топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстарын жалғастыру үшін қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.

Үкімет басшысы 2025 жылға дейін барлық елді мекендер мен қалаларды таза ауызсумен қамтамасыз ету қажеттігін атап айтты.

– Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке орай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет, – деді Премьер-министр Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұ­мыстары жылдан-жылға созылып кеткенін, соның салдарынан ха­лықтың сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай келе жатқанын атап айтты.

– «Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп. Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңін айтуға болады. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр», – деп атап айтты Үкімет басшысы. Сонымен қатар елдегі сумен жабдықтау инфрақұрылым жағдайына мониторинг жүргізіліп, апатты жағдайдың алдын алу қажеттігін, бұл мақсатта суды цифрландыру технологиясын енгізу қажеттігін алға тартты.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Үкімет басшысы берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізіп, ауызсу жетпеген ауылдарға тиісті жұмысты тез арада бастау қажеттігін тапсырды.

 – «Бүгінгі күні облыстағы 230 ауылдық елді мекеннің 198-і немесе тұрғындардың 98,1 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Дегенмен Арал, Қазалы, Қармақшы және Шиелі аудандарында барлығы 32 ауылдық елді мекенде ішкі су құбыры салынбаған. Бұл ауылдар тасымал арқылы немесе тікелей скважинадан ауызсу пайдалануда. Біз белгіленген уақыт – 2025 жылды күтпеуіміз керек. Ішкі су жүйелерін салу жоспарланған барлық елді мекендердің жобалау құжаттарын  биыл аяқтау қажет, – деді аймақ басшысы.

Таза ауызсу мәселесі қозғалған тұста су мәселесі түбегейлі шешімін тауып, су сапасы жақсарады деген үміт бар.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

Сурет: ЖасАлаш

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: