Бейсенбі, 02 мамыр, 15:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Әскерден жалтарып жүр Қызылорданың көп баласы

30.05.2023

425 0

Әскер – елдің басына күн туа қалған жағдайда жүгінер ең маңызды күші. Бүгінгі таңда бейбітшілік туы желбіреген мемлекеттердің де әскери күші жағынан бес қаруы сай, төрт құбыласы түгел. Әйткенмен әскер соғысты күтпейді, тыныштықты күзетіп, елдің есендігін тілейді. Қазақ «Ұланы бар елдің ұраны бір» деп жатады. Ұлан демекші, ер жеткен әр азаматтың борышы – әскери борышын өтеу.

Бірақ қазір бұл жауапкершілікті борыш санамайтын жігіттердің қарасы көп. Қызылорданың өзінде 189 азамат әскерден жалтарып жүр. Қала әкімдігінде өткен жиында қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Асанов осындай мәлімет келтірді.

Елге пана болады деген аза­маттарымыз туған Отанға қалай қызмет ету керек екенін білмегені ме? Биыл көктемгі шақыру­лар­дан бой тасалап қашып жүр. Неге? Сылтаулары сан түрлі. Бірі – ауру, енді бірі –  үйдің жалғызы, тағы бірі оқу оқып жатыр. Біздің қазақ дүниеге ұл келсе «азамат», «ел қорғайтын батыр» болады деп мақтанып, ер баланың рухын көтеріп отырған. Кешегі ел қорғаған батырлар, жердің бір сүйемін де жауға бермеген. Жерден айырылу елден айырылу деп пайымдаған халқымыз ер баланы қырандай қырағылыққа, өжеттікке, өрлікке тәрбиелеген.  Бұл – өте дұрыс шешім. Менің ойымша, ер баланың бойына жақсы қасиеттер көбінде әке тәрбиесінен сіңеді. Асқар атты көршіме осы сұрақты қойғанмын. Себебі оның ұлдары әскерге барып, міндетін  абыроймен атқарып келген еді.

«Үлкен ұлым Жәдігер әскери қызметкер болуды армандады. Арманына қол жеткізу үшін Алматыға оқуға тапсырған. Бірақ бірнеше күн қатарынан тапсырған ауыр дене шынықтыру сынағына шыдамай, жолдастарын тыңдап, емтиханнан бас тартты. Қателік жасап тұрғанын түсіндіру үшін ұлыма психологиялық шабуыл жасауыма тура келді. Оған «мынадай кішкене қиындыққа шыдай алмасаң, ертеңгі күні өзіңді, отаныңды, бізді қалай қорғайсың?» деп қайрадым. Ертеңіне қатесін түсініп, емтиханды тапсырып, оқуға түсіп кетті. Жалпы ұл бала тәрбиесіне анасы араласқан жоқ. Өйткені ананың жүрегі – жұм­сақ, аяушылық танытады. Әкенің міндеті – алдағы қиыншылықтарға төтеп бере алатын батыр да  батыл ұрпақ тәрбиелеу. Ал мен әке ретінде өз міндетімді дұрыс атқардым деп ойлаймын, – дейді ол.

Атам қазақ басынан өткен оқи­ғалардан сабақ алып адамның әр жаста қандай қасиетті игеру керек екенін даналықпен белгілеп, ат қойып, айдар таққан. Мысалы,  жиырмадан отызға дейінгі жасты «жылқышы жасы» деп атап, бұл жастағы азаматтарға ел, жер танып, жылқының жиырма қасиетін бі­ліп, жеті қараңғыда адаспай жол табатын, қауіп-қатерге жолыққанда ерлік көрсете алатын қасиеттерді бойына сіңіруді, батыл да батыр болу талабын қояды. Міне, ата-бабамыздың көрегендігінде шек жоқ. Даласы қандай кең болса, ойы соған сәйкес парасатты, әріден болжайтын жауынгер халық болған. Түйенің қомында, аттың жалында көшпенділікпен тұрмыс кешсе де ер баланы тәрбиелеуге аса жауапкершілікпен қараған. Айбы­нынан жаудың өзі аласарған батыр Бауыржан Момышұлының бір өзі бүкіл қазақ елінің рухын көтеріп тұр емес пе?! Момышұлының мірдің оғындай нысанаға дәл тигізер сөздері бүгінде халық арасында кең тарап, қанатты сөзге айналып кетті.

«Ерлік  – тайсалмас табанды­лық пен қайыспас қайсарлықтан шы­ға­ды. Өршіл рухтан – өлмес ерлік туа­ды. Ерлік – елдің қасиеті, жүректі­­лік – жігіттің қасиеті» деп Бауыржан атамыз әр сөзінде ер-азаматты табанды болуға шақырады.

– Иә, соңғы кезде әскери өмірде болып жатқан оқиғаларды естіп жүрміз. Дегенмен Отан деген бар қорқыныштан, үрейден жоғары тұруы керек. Отанды қорғау деген ол – анаңды, еліңді, жеріңді, хал­қыңды қорғау деген үлкен ұғым. Батыр бабаларымыз елді жау шауып жатқанда «жоқ, мен өліп қалам, шайқасқа бармаймын, елді қорғамаймын» деп бұғып, тығылып жата берсе, сонда біздің елімізді, жерімізді жау баяғыда басып алып, ел тағдыры таразыға түспей ме? Сонда егемендігімізді қалай аламыз, салт-дәстүрімізді, ежелден жеткен елдігімізді қалай қорғаймыз? Сол бабалардан жеткен аманатты келер ұрпаққа табыстау біздің қазіргі ұрпақтың парызы емес пе?, – дейді көршім Асқар.

Оның үстіне қазіргі әскери міндет бұрынғыдай 3 жыл, 2 жыл емес, 1-ақ жыл. Онда да шетелде емес қазақ жерінде.  Сол 1 жылда ата-анасы әскери бөлімге бір емес кейде бірнеше мәрте барып жатады.  Сыныққа сылтау іздеп, денсаулығы жарамды бола тұра әскери борыштан жалтару –  өте ұят нәрсе. Ата-ана да баланы қырағылыққа, қайсарлыққа баулу керек. Ата-бабаларымыз «Қырық жыл қырғын болса да, ажал­ды өлер» деген емес пе? Жарығы бар адам  сөзсіз қан майданнан да оралған.

Қалай десек те  сарбаз боп сапқа тұру әр азаматтың ар-ожданына, намыс пен жігеріне байланысты. Осындайда бойына бес қаруын асынып, жауға шапқан өр рухты қазақтың батырлары еске түседі. Оның үстіне бейбіт елде, бейбіт әскерде болатынын да ұмытпауымыз керек.

Қыран қанат тұғырлы бол, қарағым!

Отаныңды қорға сарбаз, қырағы,

Сапқа тұрдың тәуелсіздік қыраны.

Еркіндіктің азат туын тік көтер,

Қазағымның шырқалсын Әнұраны.

Жалғыз Отан, терең түсін бағасын,

Күзет сарбаз жер мен көктің арасын.

Қадірлеген Отаны мен ел-жұртын,

Ардақтайды атасы мен анасын.

Тәуелсіздік орнап елдің бағына,

Көк байраққа бас иеміз табына.

Отан қорғау – азаматқа үлкен сын,

Отан деген – баға жетпес қазына.

Қыран қанат тұғырлы бол, қарағым,

Есте сақта Отан деген дара ұғым.

Ұлт мақтаны мықты сарбаз атанып,

Құрметте елдің заңы менен талабын!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: