Бейсенбі, 25 сәуiр, 20:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

БАҚ туралы заң: Ұтар тұсымыз қайсы?

19.07.2022

1385 0

Бұқаралық ақпарат құралдарының қо­ғамда алатын орны қашанда жоғары екені белгілі. Сондықтан да ашық ақпараттық кеңістік және мықты медиа билік құру біздің елге қажет.  Бүгінгі күннің басты мәселесі ретінде бұл тақырып талқылауда тұр. Елдің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму тенденциясын ескере отырып, БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу қажет. Мемлекет басшысының айтуынша, тәуелсіз әрі жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз демократиялық қоғам қайта құру мүмкін емес.

Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауында бұқа­ралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру және азаматтық қоғам инс­титуттарының рөлін нығайту үшін бірқатар міндет қойды.

– Отандық БАҚ-тың өңір­лерде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қа­лыптастыруға ерекше көңіл бө­леді. БАҚ өзекті мәселелерді кө­тере алады және көтеруі керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Сырттан тапсырыс бойынша емес, көлеңкелі төлемақы үшін немесе саяси топтар үшін жұмыс істемеуі керек. БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек, – деді Президент.

Осы Жолдауда берілген тап­сырмаға сәйкес, БАҚ туралы заң қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде қайта қа­ралуда. Бұқаралық ақпарат құ­ралдарының рөлін, мәртебесін және жауапкершілігін нығайту бойынша алда бірқатар міндет тұр.

Осыған байланысты министр­ліктің жұмысы, ең алдымен, келесі міндеттерді шешуге ба­ғытталмақ. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров кеңінен айтып өтті.

«Біріншіден, қоғамның сұра­нысы мен мемлекет мүддесін ескере отырып, бұқаралық ақ­парат құралдары туралы заң қайта қаралады. Бұл процесс кең қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асы­рылатынын атап өту маңызды. Осылайша, журналистік қоғам­дастықтың ағымдағы заңнамаға қатысты барлық өзекті мәсе­лелері ескеріледі. Екіншіден, азаматтық бақылауды жүзеге асыратын «төртінші билік» ретінде әрекет ететін бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық бәсекелестік орта дамиды. «Үшін­шіден, мемлекеттік ақпа­раттық жұмыс бойынша жаңа тәсілдер әзірле­неді», – деді министр

Талқылауда тұрған заңнан БАҚ өкілдері жақсы нәтиже күтіп отырғаны анық. Журналистерге ең алдымен қажет сөз бостан­дығы екендігі жасырын емес. Анығын айтқанда, «елімізде сөз бостандығы мен шығарма­шылыққа жол ашық» дейміз. Алайда шектеу болатыны жасы­рын емес. Мәселен, ата заңымыздың 20-бабының 1-тар­мағында: «Сөз бен шығарма­шылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым са­лынады» деп жазылған.  Дегенмен қоғамдағы ащы шындықты жаз­ған немесе айтқан бұқаралық ақпарат өкілдерінің қызметіне бөгет жасалатыны рас. Сондықтан да ел алдындағы кәсіби міндетін атқаратын журналистердің қыз­меті мемлекеттік тұрғыда қор­ғалуы тиіс.

Отандық журналистиканы дамыту үшін журналистердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік кепілдікпен және қараумен қам­тамасыз ету маңызды екенін сөз етіп, депутаттар мінберде мәселе етіп көтерді.

– «БАҚ туралы» заңда және еліміздің Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдігі туралы бап жоқ. Сала­лық заңда журналистердің құқы­ғы мен міндеті ғана жазылған. Мұның барлығы журналистердің өте жауапты және қауіпті жұмы­сын ескермеудің белгісі. Бұқаралық ақпарат құралдары­ның ықпалынсыз қоғамды де­мократияландыру мүмкін емес. Сондықтан оларды арнайы әлеу­меттік мәртебе  арқылы қолдауды әрі қорғауды ұсынамыз. Бұл үшін «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын, – деген болатын депутат Нұртөре Жүсіп.

Ең алдымен журналистерге керек заң – әлеуметтік жағдайдың көтерілуі. Әрине, БАҚ тәуелсіз болуы қиын мәселе, дегенмен журналистерге заңдық тұрғыдан еркін жазуға рұқсат берген де дұрыс секілді.

Заңның түбегейлі өзгергенін қалайтын тілшілер үшін құжатқа қандай өзгеріс енетіні қызық. Алайда құзырлы министрлік нақты қандай өзгеріс енетінін айтқан жоқ. Тек журналистер қауымдастығы мен басқа да сарапшылардан ұсыныс қабыл­данып жатқанын мәлім еткен. Ең бастысы, қоғамдық бақылаудағы БАҚ-тың рөлі айқындалып, қолжетімді ақпаратқа мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар оларға ең алдымен мемлекеттік мүддені қорғау міндеттеледі. Қалай десек те БАҚ өкілдері үкімет үшін де халық үшін ашық жұмыс істеуі қажет.

Журналистердің жұмысы көз­­ге көрінбесе де, қоғамға аса қажет, ақпараттық-идеология­лық, ұлттық қауіпсіздік мәселе­лерімен ұштасатын қызмет. Бір қы­зығы, журналистер өзгенің проблемасын мемлекеттік дең­гейге дейін жеткізе алса да өз проблемаларын көтере алмайтын халық. Енді өз мәселемізді айта алатын күнге де жеткен се­кілдіміз. Себебі жаңа заңнан күтер үміт көп.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: