Жамбыл облысының прокуратурасы инвесторды заңсыз тексеруден және 1,5 млн теңге көлеміндегі айыппұлдан қорғады, – деп хабарлайды KAZINFORM
Жамбыл облысының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, инвесторлар тізіліміне енгізілген инвестордың қызметіне жүргізілген тексеру барысында заң бұзушылықтарды анықтады.
Уәкілетті органның прокуратурамен келіспей, «KorCem» ЖШС-нің көші-қон заңнамасының сақталуы мәніне қатысты қызметіне тексеру жүргізгені анықталды.
Айта кету керек, «прокурорлық сүзгі» шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері инвесторларға қатысты шектеу шараларын қолдануға байланысты барлық шешімдерді, оның ішінде тексерулер тағайындау, әкімшілік іс жүргізуді қозғау және сотқа талап қою мәселелерін прокуратурамен келісуге міндетті.
— Тексеру нәтижелері бойынша инвестор шетел азаматын еңбек қызметіне заңсыз тартқаны үшін полиция қызметкерлерімен әкімшілік жауапқа тартылып, оған 1,5 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынған, — делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша аталған тексеру заңсыз деп танылып, әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды.
Қазіргі уақытта кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Айта кетелік Таразда инвесторларға заңсыз тосқауыл қойған шенеуніктер жауапқа тартылған еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
