Сейсенбі, 23 сәуiр, 14:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым

23.04.2024
PDF мұрағаты

Нұрлан АҒАДІЛОВ, Қызылорда қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі:«Жұртқа жақын полиция» қағидасын берік ұстанамыз»

22.06.2021

2930 0

Қоғам тыныштығын сақтап, құқық бұзушылықтың алдын алуда қырағылық танытып жүрген тәртіп сақшыларының еңбегі елеулі. Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қызылорда қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Ағаділов Нұрлан Амантұрұлымен сұхбаттасқан едік.

– Бұрындары жұртшылық по­лицияны қорғаным деп түсінетін. Қазір қалай?

– Қазіргі таңда полиция қызметкерле­рін өзімнің қорғаным деп тани білетін азаматтар бар. Мұны полицейлердің қызметін бағалайтын қала тұрғындарынан келген қаншама алғыс хаттар мен тілек­терден аңғаруға болады. Мемлекет бас­шысының Жолдауында айтылған «Жұртқа жақын полиция» қағидатына сәйкес, әрбір полиция қызметкері адамға қол ұшын созып, көмек беруге әзір.

– Сөздің ашығы керек, үй алуға көмектесемін немесе жер алып бере­мін, жұмысқа тұғызып беремін, балаң­ды оқуға түсіріп беремін деп, жұрт­тың сеніміне кіріп, ақшасын алып, тайып тұратындар бар. Мұндай адам­дармен қалай күресіп жатсыздар? Алаяқтықпен ұсталған азаматтың жазасы қандай?

– Несін жасырамыз, бүгінде «үй алып не жұмысқа орналастырып беремін және өзге де осы сынды мемлекет тарапынан берілетін көмектерді алып беремін» деп халықтың сеніміне кіріп, өздерінің арбауына түсіріп жатыр. Қазақстан Рес­публикасының Қылмыстық кодексінде бұл қылмыстық құқық бұзушылық бойынша 3 жылдан 10 жылға дейін қыл­мыстық жауапкершілік көзделген.

Дегенмен күннен-күнге алаяқтардың айла-шарғысы көбейіп барады. Қазір әлеуметтік желі арқылы әрекет жасауға көшкен. Осы сәтті пайдаланып, ұялы телефонға келіп түскен СМС-код немесе өзін банк қызметкерлерімін деп таныстырған белгісіз азаматтарға жауап қайтармау керегін ескерткім келеді. Себебі алаяқтық қылмыстардың басым бөлігі – жедел түрде қысқа мерзімге онлайн несие беретін «займ орталықтарынан» үшінші адамның жа­сырын түрде (алаяқтардың) несие алу. Алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда Қызылорда қаласының полиция бас­қармасына жүгінуге болады.

– Қарапайым халық алаяқтардан қалай қорғану керек? Алаяқтың арбауына түссе, кімнің көмегіне жүгінген жөн?

– Алаяқтықтың алдын алу, оның торына түспеу үшін БАҚ арқылы халыққа үндеу тасталып, онда «өзін әлеуметтік салада жұмыс атқарамын деп таныстырған азаматтармен сөйлеспеуге, өзінің заңмен қорғалатын жеке басының мәліметтерін үшінші адамға жарияламау керектігі» жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады.

– Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты ауылдарда ұрлық мәселесі кездесіп жатады. Жалпы ұрлыққа байланысты тіркелген қылмыстардың ашылу деңгейі қалай? Пәтер ұрлығы мен мал ұрлығына тоқталсаңыз…

– Жыл басынан бері жалпы 362 ұрлық дерегі тіркелген. Өткен жылы осы кезеңде 540 қылмыстық іс тіркелген. Бұл жолы ұрлық 178-ге азайғанын көрсетеді. Талдау жасайтын болсақ, оның 16-сы мал ұрлығы, қалған 80-і пәтер ұрлығы. Өзіңіз байқап отырғандай, өткен жылға қарағанда мал ұрлығы азайғанымен, пәтер ұрлығы өсім алып отыр.

Алайда жыл сайын қала аумағында болған қылмыстарды болдырмау, алдын алу және ашылу барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер ми­нистр­лігінің 2021-2023 жылдарға арналған «Мүлікті қорғау жөніндегі бағдарламасы» аясында жоспарға сәйкес бірқатар жұмыс атқарылуда. Олардың негізгілеріне тоқталып өтетін болсам, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде халыққа жасалатын ұрлықтардың себептері мен жағдайларын, сондай-ақ мүлікті қыл­мыстық қол сұғушылықтан қорғаудың ықтимал тәсілдері бойынша материалдар жарияланып отырады.

Сонымен қатар орталық және жер­гілікті телеарналар мен әлеуметтік желі­лерде де ұрлықтың алдын алу барысында бейнематериалдар әзірленіп, көрсетілуде.

– Биыл ауыр санатты қылмыс тіркелді ме?

– Биылғы жылдың есепті мерзімінде 299 қылмыстық іс тіркеліп, өткен жылға қарағанда 66 іске азайған. Аталған қылмыстық істердің басым бөлігі – мал ұрлығы мен тұрғын үйден тұрмыстық заттар мен бағалы бұйымдар ұрлау.

– Нағыз полицей қандай болу керек деп ойлайсыз?

– Kүнделікті қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полиция қызметкерлерінің қандай жағдай болсын ең бірінші міндеті – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын өмірі мен қауіпсіздігін қорғау.

Полиция қызметкерінің бойында білім де, білік те болуы тиіс. Қызмет барысында сабыр, төзімділік, шап­шаңдық пен жыл­дамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу, азаматтармен тіл табыса білу поли­цейдің басты міндеттерінің бірі болып табылады.

– Енді бірер күнде полиция қыз­меткерлерінің кәсіби мерекесін атап өтеміз. Мереке қарсаңында әріптес­теріңізге лебізіңіз…

– Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Полиция әрқашан мем­лекеттің тірегі, әділеттілік пен тәртіптің айнасы, еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі болуы қажет. Қазақстан полициясы күні – бұл қазақстандық полицияны құрған арда­герлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлерге алғыс білдіріп, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін бейбіт күнде өз өмірін құрбан еткен полицейлерді еске алатын күн. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Полиция қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қылмысқа қарсы күресте алдыңғы қатарда тұрған адамдар» деген пікірі әрбір полиция қызметкеріне үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жарасхан Қуанышбайұлы

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: