Сенбі, 27 сәуiр, 00:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қай тілдегі балағатқа айыппұл салынады? Жаңа заң туралы маңызды сұрақтарға жауап

13.01.2023

426 0

Кейінгі күндері әлеуметтік желіде балағат сөз айтқаны үшін жауапкершілік күшейетініне қатысты сұрақ көбейді. ҚР ІІМ ӘПК басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев балағат сөз айтқандарға қарастырылатын жаза түрлері туралы сұрақтарға жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қандай жағдайда балағат сөз үшін айыппұл салынады?
ІІМ өкілінің сөзінше, Қазақстанда бұрыннан балағат сөз айтқаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

«Қазақстан заңнамасында балағат сөз үшін жауапкершілік бұрыннан көзделген. Мысалы, қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау – қылмыстық теріс қылық. Оны жасағаны үшін жауапкершілік 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде немесе 120 сағатқа дейін түзеу, я болмаса қоғамдық жұмыстар түрінде көзделген. Бұдан әрі құқықбұзушымен отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған адамдарға айқын құрметсіздік білдіретін және қылмыс құрамын қамтымайтын балағат сөздер мен басқа да әрекеттер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жаза сот арқылы ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамаққа алу түрінде болуы мүмкін», – деп түсіндірді ол.

Бұл мәселе ұсақ бұзақылық түрінде де көрінеді екен.

«Ұсақ бұзақылыққа келетін болсақ, бұл қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу, ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру және айналасындағыларды сыйламауды білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер түрінде көрінеді. Басқаша айтқанда, ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілік қоғамдық орындарда айналасындағыларды сыйламауды білдіру, сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, балағат сөздер айтылған жағдайда ғана туындайды», – деді ол.

Енді жауапкершілік қаншалық күшейді?
«Иә, биылдан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза күшейтіледі. Бұл, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында жасалды. Қазір автобуста біреу балалардың немесе аға буынның көзінше, яғни қоғамдық орында, айналасындағыларды сыйламай, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан жағдайда, бұл үшін айыппұл 17 250 теңге болады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. 6 наурыздан бастап мұндай әрекеттер үшін жаза 20 АЕК (69 мың теңге түріндегі жаза) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде көзделген», – деп түсіндірді ІІМ өкілі.

Біреу мені жай ғана балағаттады деп айтса, айыппұл салына ма?
«Әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлелдер жинайды. Бұл азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ, құқықбұзушылықтың аудио, бейнетүсірілімі, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы. Құқықтық бағаны сот береді», – дейді Азамат Құрымбаев.

Үйде, көлікте балағаттаса, жазалана ма?
«Айтып өткенімдей, бәрі мән-жайға байланысты. Ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тарту үшін қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, айналасындағыларды сыйламау, сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу міндетті шарт саналады», – деп түсіндірді ол.

Әлеуметтік желідегі балағат сөз үшін айыппұл қалай салынады?
«Мұндай әрекеттер қоғамдық орындарда немесе айналасындағыларды сыйламай, азаматтардың тыныштығын бұзса, бұл ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады», – деді ол.

Қай тілдегі балағат сөзге айыппұл салынады?
«Жалпы, бұған дейін айтылған жағдайлар болған кезде қай тілде болса да балағат сөз айтқаны үшін жауапкершілік туындайды», – дейді Азамат Құрымбаев.

massaget.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: