Сенбі, 27 сәуiр, 09:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Атандым Жөнелдіктің Ешниязы…

10.09.2022

1321 0

Сыр сүлейлерінің ішінде шоқтығы биік өнер тарланының бірі – Ешнияз Жөнелдікұлы. Қазақ елінде сал атағын алған екі адамның бірі осы Сыр шайыры.

Сыр шайырлары арасында өзіндік өнерімен ел есінде қалған Ешнияз салдың өмір жолына үңілсек, 1834 жылы Қызылдың қиясында орналасқан қарт Қуаңның бойын мекендеген халық арасында айтылып жүрген «Ешнияз бұлағында» өмір есігін ашқан. Ол өсе келе ақындық, әншілік және сазгерлік өнерді өміріне серік еткен. Көнекөз қариялардың айтуынша, Жөнелдік ақсақал баласының өнерге деген ықыласын байқап, оның талпынысын одан әрі дамыту үшін батасын берген деседі. Сөйтіп әке батасын алған Ешнияз өнерге бет бұрады.

Заман қандай болса, ақынның да жазар өлеңі сол заманға лайықты болары сөзсіз. Ешнияз өмір сүрген дәуір – қазақ халқы үшін шапқыншылықтардың толас тауып, елде аз да болса мамыражай өмірдің орнаған кезеңі еді. Сол уақыттары ел-халық өнерге, ойын-сауыққа бет бұрып, еңсесін биік көтере бастаған заман, яғни қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман болды деседі зерттеушілер. Оның ішінде Сыр халқы егін егіп, дархан даласын мыңғыртып мал баққан екен.

Шындық пен адалдықты өміріне серік еткен сөз зергері халықты отансүйгіштік пен татулыққа, сондай-ақ ел бірлігін аңсаумен өмір сүрген ол өзінің өлең-жырлары арқылы өңір жырауларының көшбасшысы атанады. Ол туралы өз шәкіртерінің бірі, шайыр Омар Шораяқұлы «Ұстаздарым» атты өлеңінде:

Ересім жүйрік Ешнияз,

Есіткен жан тоймайтын

Шекермен сөзі барабар, – деп ұстазына баға берсе, Тұрмағамбет ақын «Ел қамын жеген ерлер» атты өлеңінде:

…Өзі түгіл, орнына

Баруға ерлер батпаған,

«Сені ме» деп сырттан қастаған.

Ешнияз сал, Жұбанбай

Жүйрігі еді олардың,

Сылап-сипап наштаған, – деп шайыр өмірін елге дәріптеген.

Ол өмірінің қызыққа толы кезеңдерінде ауыл­дағы бай-манаптардың кесірінен елден қуы­лып, өзге жұртты паналайды. Қашып жүріп, сол жылдары Сыр еліне келген күйші Құрманғазымен жолығып, достасады.

Үлкен өнер иесі мына шығармасында былайша жыр сабақтайды.

– Атандым Жөнелдіктің Ешниязы,

Еленбейді есерліктегі естің азы.

Жарқын жүз, жадыраған жастық дәуір,

Секілді Сырдың самал кешкі жазы.

Мен едім Ешниязы Жөнелдіктің,

Сейісіндей сындарлы сөз шеберліктің.

Жай-жағдай жас жеткен соң өзгертіліп,

Болмай жүр бірқатары сенерліктей, – деп жастық шақтың өтпелі екенін ерекше леппен өрнектейді.

Ешнияз сал Жөңілдікұлы төкпе ақын, сазгер болған. Оның «Гөй-гөй», «Дүрдараз», «Әуия» мен «Жүрек сазы» және «Желдірмая», «Айтжан-ай» сынды өлеңдері сол кездері әр ауылда өткен тойларда айтылып, халық сүйіп тыңдайтын, ел жүрегінен ойып орын алған әндер болған. Өнер зерттеушісі А.Затаевич 1925 жылы Орынбор қаласындағы баспадан шығарған «Қазақтың мың әні» атты жинағына Ешнияз салдың алты өлеңін жариялаған.

Қармақшы өңірінің дара тұлғасы Ешнияз салдан тәлім алғандардың бірі – өзінің бел баласы Кете Жүсіп, сонымен бірге шәкірттері Жиенбай, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет сынды жыр алыптары Ешнияз шығармаларын ел-жұртқа насихаттап, оның өмір жолын өрнектеді. Ұстаз ретінде таныды.

Таудай талант иесі тағы бірде:

– Қаумалап қарттық шіркін көндірді ақыр,

Қашсам да қыр ізімнен, сірә, қалмай.

Айтуға әбестеніп жастықтағы,

Көп сырды қойдық қымтап шығара алмай.

Әдеті жаны сүйсінер жақсылардың,

Секілді біреуі іні, бірі ағаңдай.

Жаманы жаттан төмен ағайынның,

Сыпсыңдап сын шығарды, сыр ала алмай, – дейді.

Иә, Ешнияз салды халық тек ақын-әнші және жырау ретінде қабылдаған жоқ. Оны сөз зергері айтыскер ақын ретінде де таныды. Әсі­ресе Ырысты қыздың 16 ақынға арнаған жұмбақ өлеңінің жауабын шешуге алғашқы болып қатысқан оның жұмбақ шешу өлеңі бүгінгі күнге дейін жетті. Сондай-ақ ақын әрі журналист Мұхамбетжан Серәлінің әкесі Серәлімен, Кенекес ақынмен бір-бірінің елінде болып жат­қан оқиғалар мен халқының өмірін суреттеуде айтысқа түскен. Ақынның жырлары мен өлеңдері «Бес ғасыр жырлайды» және «Айтыс» атты жыр жинақтарында жарық көрді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: