Сәрсенбі, 24 сәуiр, 06:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қазақ жәй сақ емес, ұлы сақ

05.01.2021

1868 0

Қазақ халқы Ұлы даланы мекен­деген Сақтардың ұрпағы екені белгілі. Мұны осы әлемдегі мықты деген тарихшылардың бәрі мойындаған. «Қазақ» атауына қа­тысты түрлі дерек айтылады. Қайсақ (Қай+Сақ), Қассақ (Қас+Сақ) – нағыз Сақ  деп жататындар бар. Бірақ мұның бәрі – жорамал. Қазақ Сақ жұртының ұрпағы болған соң осындай болжамдар жасалған. Алайда осы күнге дейін Қа+зақ сө­зінің мағынасын тереңірек зерттеген жоқпыз.

Осыдан 556 жыл бұрын сайын далада көшпелі үрдіспен өмір сүретін, тілдері бір, әдет-ғұрыптары ортақ түрлі рулар мен тайпалар Керей мен Жәнібек сұлтандар көтерген тудың астына біріге білді. Осының арқасында Қазақ хандығы қалыптасып, еркіндікті жандарынан артық санайтын, сәйгүлігін жансерігіне балаған бүтін бір ұлт ортақ мүдде мен ортақ  арманның айналасына топтасты. Ғалымдардың ортақ пікіріне сүйенсек, Қазақ хандығы 1465 жылы құрылған. Бұған Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегіндегі дерек­терді дәлел етуге болады. Сонымен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» және қазақтың заңғар жа­зу­шыларының қатарынан саналатын Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясынан көп мәлімет алуға болады.

«Қазақ» сөзінің мәні мен мағынасын айтпас бұрын әңгімені Қазақ ханды­ғынан бастап отырмыз. Өйткені Қазақ хандығы ірге тіктеген соң «қазақ» сөзі халық аты ретінде орныққаны тарихтан белгілі. Осы атау Қазақ хан­дығының айналасына топтасқан халықты біріктіре білді. «Керегем – ағаш, Ұраным – Алаш» дейтін жұрттың түп-тамыры түркі де, ал оның арғы тегі сақтар мен ғұндарға барып тіреледі. «Қазақ» атауының шығуын сөз төр­кінін түсінетін жанның бәрі сақпен байланыстырып жатады.

Алдымен ғалымдардың пікіріне ден қойған абзал. Филология ғылым­дарының докторы, профессор Телғожа Жанұзақтың «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласында «1465 жылы Қазақ хандығы құрылып, ХV ға­сырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басында қазақ халқы қалыптасып, «қазақ» сөзінің халық аты ретінде берік орныққаны тарихтан мәлім. Сол заманнан бері «қазақ» атауы туралы, оның шығуы, пайда болуы жайлы алуан түрлі пікірлер айтылып та, жазылып та келеді» деген ойын білдіреді. Негізінен бұл кісі «Қазақ» сөзінің шығу төркінін тереңірек зерттеген ғалым. Ол 1974 жылы «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары» атты докторлық диссертациясында біз көтеріп отырған тақырыпты жан-жақты зерделеген. Зерделенген тұжырымды 1982 жылы жарық көрген «Очерк казахской ономастики» атты еңбегінде де жария­лады. Осының негізінде «Жұлдыз» журналының 1983 жылғы №3 санында арнайы мақаласы жарық көрді.

Ұлт атауына қатысты мәліметтер 1998 және 2011 жылы құрастырылған «Қазақ энциклопедиясында» да кез­деседі. 1998 жылғы энциклопедия Ә.Нысанбаевтың редакторлығымен жарық көрсе, 2011 жылғы энциклопедия Б.Жақыптың басқаруымен басылған.

Энциклопедиялық еңбектерде «Қа­зақ» сөзіне қатысты бірнеше дерек айтылады. Кавказ болжамы саналатын деректерде «Қазақ» сөзі Х ғасырда кездеседі. Н.М.Карамзин, А.Вамбери секілді ғалымдар Шығыс Ромей империясының императоры Константин берген мәліметтер бойынша Казахия елін  Х ғасырда Кавказдың солтүстік-батысында орналасқан деп санайды. Ал В.Минорский Константин хабарында Казахия деп касогтар айтылатынын дәлелдейді. Араб тарихшысы Әбу-л-Хасан Әли әл-Масуди «Өсиет және қайта қарау кітабы» шығармасында Құбан өзенінің төңірегіндегі тайпалар арасында әл-касакия тайпасын көр­сетеді. Неміс ғалымы И.Маркварт бұл екі сөз бір ғана этнос – касогтардың атауын береді деген тұжырым жасайды. Парсы тілді «Худуд әл-алам» кітабында Қара теңіз жағалауында Касаг қала­сының орналасқаны жайлы дерек бар. Бұл мәліметтерге қарағанда касах, казахия, касак, кашак, касог алдыңғы орта ғасырларда Кавказдағы шағын тайпа, немесе тайпалар бірлестігін білдіретін атаулар болғаны байқалады.

Моңғол болжамында «қазақ» термині ХІІІ ғасырда кездеседі. Фин ғалымы Г.Рамстедт және А.Семёнов «қазақ» терминін «Қасиетті жылнамада» (ХІІІ ғ.) моңғолша «ха­саг-терген арба» ұғымы бар сөз тіркесінен шығарады. Ал Қазақстанды қоныстаған түркі тайпалар осы қос­сөзді пайдаланғанына ешбір та­рихи мағлұмат табылмаған. Демек бұл да негізсіз деген сөз. Әйгілі түркітанушы В.Радлов Енесай өзенінің төңірегіндегі көнетүркі мұраларынан «қазғақым оғлым»  – «менің асырап алған ұлдарым» деген тіркесті тапқан. Қазғақ және қазақ сөздерінің дыбыс және мағына ұқстастығына сүйеніп, В.Юдин «ғ» дыбысы соңыра түсіп қалып, «қазақ» терминіне айналды деп болжам шығарған. Бұл көзқарас түркі тілдерінің тарихи фонетикалық заңдылықтарымен үйлеспейтіндіктен мамандар тарапынан қолдау таппаған. Кейбір деректерде бұл термин әлеуметтік мәнінде қолданылған «қазақлық» «қашақ» деген атаудан шықты делінеді. «Қазақ» термині 1245 жылы Мәмлүк мемлекетіндегі қыпшақтардың ортасында жазылған ерте қыпшақ жазба ескерткіштерінде кездеседі. Мұнда «қазақ» деген сөз бос кезбе деген мағына береді. Бұл семантикалық ұғым бойынша «қазақ» терминіне әлеуметтік мағына беріледі, яғни еншісі бөлек, үлкен ұлдардың ата шаңырақтан бөлініп уақытша ру, тайпалардан кетіп, күнкөріс үшін әскери жорықтарға қатысуын санаған.

Қолда бар мәліметтерді сараласақ, осындай ұшы-қиыры жоқ дәлелдер шығады. Қанша жерден қазбалап дерек келтірсек те «Қазақ» сөзі ұлт атауы екенін ұмытпаған жөн. Ресей империясында «казактар» аталатын әскери әлеуметтік топ қалыптасуына байланысты ХVІІ ғасырдан ХХ ғасырдың 25-ші жылына дейін орыс әдебиеттерінде қайсақ, қырғыз, қыр­ғыз-қайсақ, қазақ-қырғыз, киргиз-қазақ деп қасақана бұрмаланып қолданылып, халықтың тарихи атауы аталмай келді.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1925-1929 жылдары Қызылорданың ел астанасы болғаны белгілі. Орынбордан Ақмешітке орталық қаланы ауыстырғанда саяси элита да Сыр бойына келген болатын. Архив құжаттарын негізге ала отырып, тарихи деректерді сөйлетер болсақ, 1925 жылдың сәуірінде Қазақ АКСР кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері Ақмешітке келген. Осы қалада сол кезде бес күнге созылған съезд өтіпті. Сұлтанбек Қожанов съезде кезектен тыс сөз алып, Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек деген ұсыныс тастайды. Съезге қатысушылар Қожановтың ұсынысын қолдап, бірауыздан бекітеді. Осы кезден бастап тарихи қателік жөнделіп, ұлтымыздың атауы ресми түрде қазақ аталады.

 Мақаланың басында ұлт атауының негізіне қатысты Қайсақ (Қай+Сақ), Қассақ (Қас+Сақ) – нағыз Сақ деген болжамдар жасалғанын айтқан бола­тынбыз. Ал енді өзіміздің нұсқаға келейік. Көне Түркі қағанатында билеушіні Қаған (Қа+хан) деп атағанын тарихшылар жақсы біледі. Шыңғыс хан да қаған дәрежесіне көтерілген жан. Қаған сөзінің мағынасы Ұлы хан немесе ұлы билеуші дегенді білдіреді. Сонда «Қа» сөзінің түркілік ұғымы Ұлы болып тұр ғой. Осы болжамды алға тартатын болсақ Қа+зақ сөзі Ұлы Сақ дегенді білдірмей ме?! Сонда Қазақ жәй Сақ емес, Ұлы Сақ болып шығады.  Әрине, біз тіл білімі ғылымын терең зерттеп жүрген ғалым емеспіз. Бірақ мамандар біз айтқан нұсқаға да көңіл аударса деген ұсынысымыз бар.

              Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: