Жұма, 26 сәуiр, 10:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Егемендік ел еңсесін тіктеді

02.12.2021

1283 0

Осыдан 30 жыл бұрын он бес елдің басын қосқан алып держава КСРО ыдырап, одан бөлініп шыққан одақтас республикалар қандай жолды таңдарын білмей, аласапыран күй кешті.  Осындай қарбалас сәттегі тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1990 жылдың 25 қа­занында жарияланған Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясында, респуб­ликамыздың сыртқы саясат са­ласының егемендігі тәжірибелік мазмұнмен толықтырырылып, Қа­зақстан халықаралық эконо­ми­калық қатынастар аренасына белсенді шыға бастады. Ондағы мақсат барлық шет елдермен тығыз әрі салиқалы байланыстар орнатып, олармен нарықтық эко­номика жағдайында тәжірибе ал­масып, жаңа кадрлар дайындау бағытында жаңа сипатта жұмыс істеуді қолға алу еді. Бұл еліміздің болашағы үшін барынша қажет еді. Тәуелсіздік тұғырына қонған күннен бастап, ел алдында ар­қалаған жүктің ауырлығы мен жауапкершілігін сезінген Елбасы Н.Назарбаев жарғақ құлағы жас­тыққа тимей, елдің болашағы үшін «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып», жұмыс істеуіне  тура келді. Өйткені Тұңғыш Президент алдында ел сенімін ақтаумен қатар, ел тағдыры, ты­ныштығы, бірлігі, халықтың болашағы, ар­маны, мақсаты тұрды.

Алып мемлекет тараған тұста республикамызда ірі өндіріс орындары тоқырап, зауыттар мен фабрикалар тоқтап, кәсіпорындар ыдырап, меке­мелер жабылып жұмыссыздық арт­ты. Азық-түлік талонмен беріліп, қатшылық пен тапшылық қыса бас­тады. Өңірлерде электр энергиясы шектеліп, әр жерде ереуілдердің болуы сол кездегі елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қандай қиын болғандығын көрсетсе керек. Осы тұс­та қиналған халыққа қуат, күш жігер беретін, жарқын болашаққа бастайтын нақты істердің қажет екендігін уа­қыт талап етті. Ел экономикалық қиындықты бастан өткеріп жатқан шақта сан алуан тірлікті іске асыру оңай шаруа емес еді. Елдің ертеңіне елеңдеген Елбасы ой­ланып жатпай, тез арада барлық шет елдермен тығыз байланыстар орната отырып, олардан нарық тәсілдерінің алғашқы қадамдары мен нарықтық экономиканың қыр-сырын игеруді, үйренуді қолға алды. Ол үшін жаңа кадр дайындау саясатын алға қойды. Елбасы бастамасымен шетелде жас­тардың білім алуы жүзеге асты. Осы жолда алып елдер басшыларымен тіл табысып, нарық жайында іс-тәжірибелер алмасып, сарабдал сая­саткерлігімен оларға Қазақстанды таныта білді. Мұны біздер әрдайым зор мақтаныш сезіммен айтуға тиіспіз. Сондай-ақ әлемнің іргелі елдерінің Президенттері мен саясат серкелерінің бас қосқан алқалы жиындарда ой айтып, саясатта да реформатор екендігін көрсете біліп, жаңа ұсыныс-пікірін қабылдатып, төрткүл дүние назарын аудара білді. Осының бәрі Тұңғыш Президенттің қайраткерлік ерлігінде жатыр. Ай­татыны жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев сарабдал саясаткер ре­тінде  әлемді тәнті ете білген дара тұлға. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Елбасы Азия­дағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары жөнінде кеңес өткізуге бастамашы бола білді. Сон­дай-ақ түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық ұйы­­мының да іргесін қалаған еді. Елбасының ықпал етуімен құ­рылған Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Қазіргі таңда бұл ұйымның әлемде беделі зор. Семей ядролық полигонын жапқанына да биыл 30 жыл толды. Сарыарқа төсінде астана тұрғызу да ерлікпен пара-пар. Елорда төрінде әлем елдерінің басшылары бас қосқан алқалы жиындар мен самиттер өткізілді. Сөйтіп, Ақ орда келісімдер мен уағдаластық алаңына айналды. Қысқы Азияда ойындары өтіп, 1992 жылы Астанада Дүние жүзі қазақтарының құрылтайын өткізіп, ұлтымызды ұйыстырды. Тарих бетінде аспанға алғашқы ғарышкерлерімізді ұшырды. Жер серігі «QazSat-2» көк­ке көтерілді. Сөйтіп, Қазақстан эко­­номикалық қиыншылықтарды жеңе отырып, өзін осылай әлемге мойын­датты.

Егемендікті алған жылдар ішінде шекараны шегендеп ғана қоймай, тәуелсіз мемлекет ретінде ұлттық валютамызды айналымға енді. Ел ұстыны – Елтаңбамыз, көк бай­рағымыз, әнұранымыз өмірге келді. Бір кездегі кеңестік қызыл империяның қолдан жасалған аштығы мен саяси қуғынына ұшыраған қан­дастарымыз бас сауғалап жан үшін шетел асқаны белгілі. Осы тәуелсіздіктің арқасында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың сыртқа кеткендері елге шақыруымен шетте жүрген қандастардың көбі өз Отанына оралды. Әлі де орала бермек. Осы 30 жыл ішінде келген ағайындардың балаларының алды бүгінде орда бұзар жасқа келді.

Тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстанның кез келген өңірі заманға сай жаңғырып, жаңару үстінде. Оның қатарында Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорда қаласы жасарып, жасанып, жыл өткен сайын жайнай түсті. Тәуелсіздік жылдарында бірнеше жаңа шағын аудан бой көтерді. Сол жағалауда бой көтерген жаңа қаланың жедел дамуының өзі ерекше. Сыр өңіріне жасаған Елбасының әрбір іс сапары  аймақ халқына қуат пен серпін берді. Сыр халқының дархан пейілі мен даладай кеңдігін рухтандыра түсіп,  «Сыр – алаштың анасы» деп бекер баға бермесе керек. Арал теңізі тағдырына барынша мән беріп, оның қалпына келуіне барынша күш-жігерін салды. Бұл мақсатта Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан президенттерінің басын қосып, Арал проблемасының ортақ екендігін жеткізе білді. Түрлі жобаларды ұсынып Көкаралдың қалыптасуына оң әсерін тигізді. Өңірдегі мұнай өндіру де жыл сайын артып, аймақтың элеуметтік-экономикалық өсуіне оң әсерін тигізуге ықпал етті. Елбасы Сыр еліне келген әрбір сапарында жергілікті халықпен етене жүздесіп, елдің тыныс-тіршілігін қарапайым халықтың аузынан естіп-біліп, көңілі марқайып қайтатын.

Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан ірі жобалардың бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының іске қосылуы. Күре жол Сыр өңірі экономикасының артуына үлес қосуда. Бір сөзбен айтқанда, Сыр өңі­рі Тәуелсіздік шапағатына бө­леніп келеді. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сыр өңі­ріне деген ерекше ықыласпен, жылы көзқараспен қарай білгеннің нәтижесі болса керек. Ендеше Тұңғыш Президент күні баршамызға құтты болсын! Елдігіміз берік, бірлігіміз мықты болсын дейік!

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

      ардагер-журналист

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: