Тәуелсіздік туының астында баянды да бақытты күн кешіп жүргенімізге бүгінде 30 жыл толды. Осы аз ғана уақыттың ішінде жеткен жетістік, алған асу, бағындырған белес аз болған жоқ. Тұғырлы Тәуелсіздік тұсында тірегіміз болған тіліміз, ана тіліміз өз қадір-қасиетін жоғалтпады. Мұны бақытқа бағалау орынды-ақ.
Бесіктегі бал бөбектің жанына тыныштық сыйлаған жыр, еңбектеген баланың былбырап сөйлеген сөзі, егемен елде еркін ана тілінде сөз сөйлеп, өз ойы мен ойлағанын еркін жеткізіп жүр қазір қазақ. Өмірдің сан сынағына төзе алмай, өзінің ең бағалы рухани құндылығын, ана тілін жоғалтып алған халық жоқ емес. Міне, осы үшін, қазақ тілінің қазынадағы қадірін жоғалтпағаны үшін мақтануымыз керек.
Бүгінгі күні қазақ тілі қарыштап дамыған мемлекеттердің де санасында сақтаулы. Бір кездері мұндай ұлттың бар екенін де білмеген әлемнің кей жұрты біздің елді таниды. Дамудың даңғыл жолында белес пен биікті бағындырып келе жатқан Қазақстан жайлы естімеген жұрт қазір кемде-кем. Қазақ тілі де әлемдік құндылықтардың қатарынан өз орнын тапты. Біздің ана тілімізде тек қазақ қана емес, өзгеұлт өкілдері де сөйледі. Қазақ тіліндегі сазды әуендер әлемдік сахнада шырқалды. Қазақтың қоңыр үні мен әсем тілі талай жанның жүрегінен орын тауып, өзгенің жүрегіне ұлт пен тілге деген сүйіспеншілік ұялата білді.
Дегенмен, алтыннан да қымбат қолда бар қазынаның қадірін жоғалтып алмауымыз керек. Ана тілімізді алақанда аялап, өзгенің өзектен тебуіне жол бермеуге міндеттіміз. Ата-баба осы тілде атой салып көш бастады, жыр жау қазындары мен ұлт зиялылары қазақ тілінде саналы да сапалы сөз айтып, қазақ халқының еңсесін тіктеді. Көк аспан астында, берекелі дастархан басында ана тілімізде талай дәурен мен сауық-сайран салынды.
Бүгінгі күн кейбір қазақ баласы ана тіліне дақ тастап, өз тілінде өзі күрмеліп жүр. Бұл – біздің ұлтқа деген үлкен сын. Туған тіліңде тебірене сөйлей алмаса, ана тілінің атына кір келтірсе – тіл тазалығы бұзылары хақ. Өз халқы ана тілін сыйламаса, өзгеден сыйластық сұрау сын болады. Сондықтан ана тілімізді, қазақ тілін алдымен өзіміз құрметтеп, көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпақтың уысына бұлақ суындай таза күйінде ұсыну – біздің әрқайсымыздың міндетіміз.
P.S. Қара қазақ қандай күндерді бастан кешпеді… Қазақтың даласы қан сасыған кезеңді, еңсе тіктер деген ұрпағы ессіздердің кесірінен аштықтан еңіреген уақытты, жалынды жастарының жарқ еткен тұсында сөнген кездер болды. Бүгінде бұл қиындықтың барлығын артқа тастап, ілкімді істердің үлесімен ілгері жылжып келеміз. Десе де биікті бағындырып, тау басынан қол бұлғаймыз десек ана тілдің қадір-қасиетін санадан бір сәтке де шығармауымыз қажет.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!