Астана күні қарсаңында қала әкімі, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы Ғанибек Қазантаев бірқатар азаматтарды партия қатарына қабылдау рәсіміне қатысты. Салтанатты жиында шаһар басшысы, Сыр жұртшылығын Елорда күнімен құттықтады.
– Астана – азаттығымыздың айбары. Ол Тәуелсіз Қазақстанның жетістігі мен жеңістерінің символы. Есіл жағасында бой көтерген жаңа ғасырдың ғажайып көрінісі. Бұл – бейбітшілік байрағындай болған бағаналы орда. Онымен әрбір қазақ мақтанады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Nur Otan» партиясы қашанда тың идеялар мен жауапты шешімдер қабылдаудың ұйытқысы болып келеді. Бүгінде нұротандықтар елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтап, тәуелсіздігіміздің тұрақты, мемлекетіміздің қуатты дамуына халықпен бірге үн қосып келеді. Ел тарихындағы айшықты оқиға тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында және егемен елімізді ертеңге жетелеген, бірлік пен берекенің тоғысқан мекені – Астана күні қарсаңында партия қатарына өткен баршаңызды құттықтаймын, – деді қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы.
Шарада партия мүшелеріне «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Құрмет грамотасы мен қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың алғыс хаттары табысталды.
Астана күні қарсаңында партия қатарына қабылданғандардың бірі – «Ақмешіт» музейінің меңгерушісі Кенжегүл Ахметова.
– Бүгін мен партия қатарына қабылдандым. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Елбасы партиясының әлеуметтік бағыттағы бастамалары елдің көңілінен шығып жүр. Халықтың күрмеулі мәселелерін шешеуде «Nur Otan» партиясы белсенді жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта да сол үдеден шығуда бірге үн қосамыз деп ойлаймын, – дейді «Nur Otan» партиясының мүшесі Кенжегүл Құлбараққызы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!