Сенбі, 27 сәуiр, 08:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ақ олимпиада: Алтын алу мүмкін бе?

05.02.2022

1128 0

Әне-міне дегенше Қытайдың Бейжің қаласында көптен күткен қысқы олимпиада ойындары алауы жағылып, дүбірлі дода басталып кетті. Бейжің қаласына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та барды. Әлем назары ауған осынау додаға 91 елден «сен тұр, мен атайындар» жиналды. Әлемнің әр бұрышынан келген 2871 спортшы екі аптаға созылатын бәйгеде спорттың он бес түрінен 109 медалді сарапқа салады. Додаға елімізден 34 спортшы аттанды. Айта кетерлігі, 19 спортшы үшін бұл – тұңғыш олимпиада. Жарыстар Қытай астанасынан бөлек, Яньцин және Чжянцзякоу қалаларында да өтеді. Бәсі жоғары бәсекеде ел құрамасы спорттың сегіз түрінен бақ сынайды. Осы тұста «Бұл байрақты бәсекеде медаль ала аламыз ба?», «Біздің спортшылар жеңіс тұғырынан көріне ме?» – деген сұрақтар туары сөзсіз. Осы мақаламызда осы сауалдардың жауабын іздеп, өткенде кеткен еншіміз бен бүгінгі мүмкіндігімізді сараладық.

Қазақстан құрамасы спорттың көптеген түрінен жеңіске жетіп, талай рет алтыннан медаль таққаны бәрімізге аян. Алайда соның ең алғашқысы қысқы олимпиададан бұйырғанын бір білсе, бірі білмейді. Тәуелсіздік алған соң, Қазақстан егемен ел ретінде алғаш 1994 жылы Норвегияда өткен олимпиадаға қатысты. Сол кезде шаңғышы Владимир Смирнов елу шақырымдық марафонда топ жарған. Алайда сол олимпиададан кейін қысқы спорт түрлерінен бір бағымыз жанбай қойды. Одан бері талай рет талпынып, алтын жүлдеге қол созып көрдік. Бірақ қанжығамыз майланбады. Қазір есептесек, сол бір тарихи сәттен бері отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Демек, демек…

Бүгінге дейін спортшыларымыз Лиллехаммер, Нагано, Солт-Лейк-Сити, Турин, Ванкувер, Сочи, Пхенчханда болған ақ олимпиадалардан сегіз жүлде жеңіп алды. Оның ішінде біреуі алтын, үшеуі күміс, төртеуі қола медалдар. Аталған бұл жүлделерді спорттың бес түрінен, небәрі бес спортшымыз жеңіп алған. Қысқы ойындарда биатлон, конькимен жүгіру, шаңғымен жүгіру, фраистайл-могул және мәнерлеп сырғанау әзірге біздің спортшыларымыздың оң жаңбасына келетін спорт түрлері болып тұр. Ең қызығы, 8 жүлденің төртеуі отандасымыз Владимир Смирновтың еншісінде: 1 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлде.

2002 жыл мен 2006 жылғы қысқы ойындарда жолымыз болмады. Бірде бір жүлдесіз оралдық. Ақ олимпиадалардың ең нәтижелі болғаны Қазақстан үшін ең алғашқы Норвегиядағы дода. Владимирдің жетістігінің арқасында.

Осы кезге дейін бір олимипадада ғана спорттың екі түрінен жүлде алыппыз. Ол 1998 жылы Жапонияда өткен олимпиада. Ол жақтан конькиші Людмила Прокашева мен шаңғышы Владимир Смирнов жүлдемен оралды. Екеуінде де қола. Кейінгі 3 олимпиададан спортшыларымыз бір жүлдемен қайтып жүр. Нақтырақ айтсақ, биатлоншы Елена Хрусталева 2010 жылы Ванкуверде, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2014 жылы Сочиде және фристайлшы (могул) Юлия Галышева осыдан төрт жыл бұрын қола жүлдегер атанған. Міне солай.

Жалпы біздің қысқы олимпиадада жеткен жетістік, алған белесіміздің бары – осы. Әзірге әрине. Талай додада сүрінгенімізді мақала басында тілге тиек еттік. Иә, жүлдегер атануға сәл қалып, алайда сәттілік жетіспеген спортшылармыз жоқ емес. Қай кезең? Қай олимипияда? Кімдер еді? Сол жайында бірер сөз.

Ең әуелгісі, сол баяғы Еуропа төрінде, яғни Норвегияда өткен олимпиадада биатлоншы Инна Шешкиль мәре сызығына 5 метр жер қалғанда құлап қалып, төртінші орынмен келген. Одан кейінгісі осыдан тура 8 жыл бұрын Сочиде өткен олимпиададағы сәтсіздік. Мұнда еліміздің шорттрекшілері эстафетаның финалына шығып тұрып, қайтадан сол еуропалықтарға орын беріп қойды. Тағы да төртінші орын. Соңғысы 2018 жылы Пхенчхан олимпиадасындағы Алексей Полтораниннің сәтсіздігі. Басында көш басында болған ол мәреге 10 шақырым қалғанда шаршап қалып, мәре сызығын он бесінші болып кескен еді. Жалпы ақ олимпиадаларда бап пен бақ қатар шауып, қанжығамызға сегіз жүлде байладық. Одан бөлек, біздің спортшылар үш мәрте төртінші, алты мәрте бесінші орынды қанағат тұтқан.

Мұның барлығы – мерейіміз тасыған тарихи сәттер мен есеміз кеткен сәтсіз кезеңдер. Ендігісі уақыт еншісінде. Биылғы додаға да «сайдың тасындай» спортшыларымызды аттандырдық. Дейтұрғанмен 34 спортшымыздың арасында жүлдеге үміттілердің саны аздау. Бұл туралы отандық және шетелдік сарапшылар да айтқан болатын. Үміт артып отырған бір спортшымыз Пхенчханда өткен олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева. Одан кейінгі могулшылар Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков та жүлдеден үміткерлер санатында. Статистикаға сүйенсек, бұл екеуі де ұзақ жылдар бойы жоғары дәрежеде өнер көрсетіп келеді. Отандық сарапшылар талантты жас Анастасия Городько да артқан сенімді ақтауы мүмкін екенін айтуда. Мамандар сөзіне сенсек, фристайлшы Жанбота Алдабергенова да бабында көрінеді. Жанбота олимпиада аясындағы әлем кубогы кезеңдерінде қола жүлде иеленіп, үздік алтылыққа енген. Төрешілер әділ болса, ол Қазақстанға жүлде сыйлауы әбден мүмкін. Сондай-ақ мамандар шорттрекшілер Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишаға, конькишілердің ішінде Надежда

Морозоваға үміт артып отыр. Ал ту ұстаушының бірі Екатерина Айдоваға да үлкен үміт артылары түсінікті. Оның мұндай додаларда тәжірибесі жеткілікті. Жалпы бап шаба ма, бақ шаба ма, оны уақыт көрсетеді.

Осы тұста еске сала кетейік, Қазақстан осы олипиадаға қатысып жатқан спортшылардың дайындығына 400 млн теңге, ал делегацияның Қытайға сапарына 228 млн теңге жұмсаған. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков мәлімдеген еді.

– Бұл додаға жобамен 250 млн теңге жоспарланған еді. Бірақ ол сомадан аз шықты. Нақты сома – 228 млн теңге. Ұйымдастырушылар делегацияны, қатысушылар санын қысқартатындықтан қаржы да азайды, – деді ол.

Бүгінде Қазақстаннан Қытайға 100 делегат жіберілді. Оның ішінде 34 спортшы, 20 бапкер, 10 дәрігер мен массажист, 7 қызмет көрсетуші персонал, 7 штаб қызметкері бар.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, осы байрақты бәсекеден күтеріміз көп. Әрине, шетелдік сарапшылар мен атақты спорт басылымдары біздің құраманы фавориттер тізімінен көрмейтінін о баста айтты. Тіпті жеңсе, бір жүлде ғана ала алады деп болжам жасап қойды. Оның өзі «алтын емес» дескен. Ақ олимпиадалардың статистикасын жүргізетін АҚШ-тың Gracenote халықаралық сараптама компаниясы біздің команданы жалпы есепте 27-орын алады деп бағамдаған еді. Ал жалғыз жүлдені фристайл могулдан Юлия Галышева еншілейді деп болжам жасады олар. Осы сыңайдағы ойларды біздің отандық спорттық сарапшылар да айтуда. Мәселен, спорт журналисі Рауан Оқас Бейжіңге аттанған біздің спортшылардың ішінде олимпиадада «жүлде алады» деп сеніммен айтатын адам аз екенін жеткізді.

– Еліміз Бейжіңнен медаль ала ма деген сауалға жауап берерде «мүмкін», «бәлкім ілініп қалар», «бірдеңе күтуге болады» деп сөйлеуге мәжбүрміз. Яғни фристайлдың могул түрінен ерлер арасында Колмаков жүлдеге ілінуі мүмкін. Шорт-трекші жігіттерден жүлде болып қалар. Біздікі – «үмітсіз – шайтан», – дейді ол.

Жалпы пікірлер осы сарында. Енді мұның бәрін уақыт көрсетер. Бір білеріміз, қаншама жыл алтын медаль алмаған спортшыларымыз осы олимпиадада осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін күреседі. Спорт сүйер қауымға небір толқу мен қуанышты сәттер сыйлауға тырысады. Біздің қолдан келетіні тақымды қысып, ұлт намысын қорғауға кеткен саңлақтарымызға сенім білдіріп, сәттілік тілеу ғана. Тек жарыс қорытындысында мерейіміз үстем болып, Бейжің төрінде қазақтың әнұраны шырқалып, көк туымыз бәрінен биік көтеріліп, алтын медаль аларымызға сенейік.

А.БАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: