Испанияның Ла-Корунья қаласында өтіп жатқан А сериясы санатындағы жарыста қазақстандық каратэші Дінмұхаммед Айдарбек алтыннан алқа тақты, – деп хабарлайды KAZINFORM
Қазақстан каратэ федерациясынан мәлім еткеніндей, Дінмұхаммед кумите бағдарламасында 60 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Қазақстандық спортшы финалда түрік каратэшісі Мерт Халичті ұтты.
Алма-кезек шабуылмен өткен жекпе-жек 5:2 есебімен аяқталды. Бұл салмақта қос қоланы Португалия спортшылары жеңіп алды.
Дінмұхаммед Айдарбек жарыстың топтық кезеңінде Италия, Франция және Португалия өкілінен басым түсті. Ал плей-офф сатысында Сауд Әл-башерден (Сауд Арабиясы), жартылай финалда Флориан Обитцтен (Германия) айласын асырды.
Осы салмақта татамиге шыққан қалған қазақстандықтар топтан шыға алмады.
Бүгін Ла-Коруньядағы бәсекеде соңғы жүлделер сарапқа салынады. Биыл аталған додада 85 мемлекеттен 1290 спортшы тіркелді. Бұл – А сериясындағы турнир үшін рекорды көрсеткіш.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
